- Advertisement -

«МҰСАНЫҢ» МҰРАТЫ БИІК

78

- Advertisement -

Тұрымқұл – Ойық ауылының іргесіндегі елді мекен. Кеңес өкіметі тұсында Жаңатұрмыс ауылы атанды. Кейіннен ферманың әкімшілік орталығына айналды. Өздерін Бөрібай батырдың ұрпақтары санайтын ауыл халқы Тәуелсіздіктің арқасында елді мекенге – Ұлы Отан соғысының ардагері, гвардия полковнигі Тұрымқұл Мақашевтің есімін қойып алды.
Ауылдық округтің бас маманы Сабыр Дәулетбақовтың айтуынша, ауылда отыздан астам отбасы тұрады. Бәрі бақуатты. Өріске малы, еңіске талы сыймағандықтан, біраз шаруалар малын Мойынқұмда қыстатуды қолайлы көріпті. Баяғы ескі құдықтардың көзін ашып, қора-жай соғып, қысты сонда өткереді. Кешегі аумалы-төкпелі заманда ол аймақ орман шаруашылығы мекемесіне өткен. Малының тұяғы тиді ме, жайылымдықты пайдаланғаны үшін ақы төлейсің. Ол да оңай емес…
Сабыр бізді ауылдың күн батысындағы «Мұса» шаруа қожалығына бастап келгенде, күн екіндіге айналған. Шеткері үйдің айналасынан шаң көтеріліп, табын-табын сиыр мен қора-қора қойды айдап қожалық иелері де келді.
Өзінің атынан шаруа қожалығын ашқан Мұса жіптіктей, қара торы жігіт ағасы екен. Күрең қасқа атынан жеңіл лып етіп түсіп, амандасты. Көп сөзге жоқ, шаруаның адамы екеніне көзіміз жетті. Кейбіреулердей мал-жаны санын жасырып кібіжіктемеді.
– Мына көріп тұрған мыңнан астам қойдың 750-і – туар мал, ана 60 сиырдың 43-і – аналық, 28 жылқы тағы бар, – деген ол «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 8 миллион теңге алып, оған ет бағытындағы ірі қара малын алғанынан да хабардар етіп өтті.
Ауласында қаңтарулы тұрған екі «Беларусь» тракторын «Қазагроқаржы» АҚ-нан 7 жылға, жылдық сыйақы мөлшері 14 пайызбен алғашқы жарнасын (екеуіне 1,2 миллион теңге) төлеп алғанына да көп бола қоймағанға ұқсайды. Мая-мая шөпті осы «темір тұлпарларының» арқасында жинап алған.
Тракторшының бірі – өрімдей жас жігіт Нұрлан Бескемпіров – Мұсаның құрдасының баласы.
– Бастығымыз Мұса аға, басқа бастықты білмейміз, – дейді ол, – осы трактордың арқасында өзімізге тиесілі шөпті де жинап алдық. Өзге шаруаларға да әжет аштық.
Биыл Таластың суы мол болған. Ойықтың төңірегіндегі Майлыкөл шабындығын су басып, ол жақтағылар шөп дайындай алмапты. Бұл ауылдың шабындығын ел болып, судың алдын тоспалап, аман алып қалған. «Ауыл болсаң, қауым бол» деген сол дестік.
«Малдының жүзі – жарық» дегенмен, «мен мыңды айдағанмын» деп Мұса шіренбейді. Қарапайым. Әрине, Үкіметтен несие алған соң, қайтарымы болатынын да біледі. Ірі қара малын бордақылап, ет экспортына көмектесу керек. Бұл жағынан да өз жоспары бар. Ауыл маңында өрістің тарлығын, содан да құмды қыстайтынын айтып қалды. Өйтпесе, айтақырға мал жайып, қоңын төмендетіп алатын түрі бар. Құм болса, неше түрлі шөпке тұнып тұр. Енді баяғы дәуір қайта келетіндей. Малшыларға киіз үй керек. Орман шаруашылығы мекемесінің қарамағындағы жерді, шаруалардың ортақ пайдалануына міндеттейтін заң болса, құба-құп. Бір сүйем жер шетелдікке сатылып, я жалға берілмеуге тиіс!
Тұрымқұл ауылының бір өзінде ірі қараны санамағанда, отыз мыңдай уақ мал бар көрінеді. Баяғы бір шаруашылықтың малымен пара-пар.
Кезінде мың қой айдаған байлар туралы кітаптан оқып, оларды қайырсыз деп ойлаушы едік. Жоқ «елде болса ерніңе тиеді» екен. Қалалықтарды асырап отырған ауыл халқы емес пе?
Ендеше елге өзен де, көл де, шабындық та, жайылымдық та керек.
Әйтеуір … Мұсаларда ой көп.
– Осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасы. Қай уақытта қазақ бүйтіп байып еді, – деп салды ол.
Рас-ау. Әнебір жылдары үкіметтің малын бағып отырып, ішсе – тамаққа, кисе – киімге жарымай, я бастарында баспанасы жоқ, пәлен қозы алдық деп жалған құжатқа қол қойып, өмірбақи сол қарыздарын мойнына іліп өткен біраз малшыны Мұса Ахметов жақсы біледі.
Айтып отырса, осы ауылдағы әрбір отбасының қалада күмбірлеген ақ сарайдай үйлері бар. Бірақ, негізгі тұрақ-мекені, алтын тамыры, асыл бесігі – ауыл.
Ауыл бар жерде бақ-берекенің тасып тұратынын білетін Мұсалардың қатары көбейе берсін деп тіледік.

Сәулембай әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Тұрымқұл ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support