- Advertisement -

Байзақтағы Мал бордақылау кешені

226

- Advertisement -

3 мың бас ірі қараға арналған

Көктал – диқаншылықты кәсіп еткен ауыл. Таразға таяу орналасқан ауылдың диқандары өсірген бақша өнімдері жыл бойы қала базарларында үзілмейтіндігі сондықтан. Енді көкталдықтар ауыл іргесінен мал бордақылау кешенін іске қосқалы отыр.
Көлемі 5 гектар жерді алып жатқан кешен бір мезгілде 3 мың бас ірі қара малын бордақылауға арнап салынған. Осынша малды күтіп-баптауға қажет қоражай, малшылар үйі, жемшөпке арналған ашық, жабық жайлар рет-ретімен орналасқан. Электр жарығы тартылған. Қешқұрым айнала самаладай жарқырайды. Кішігірім ауыл сықылды.
Бұл істі қолға алған «Дулат» шаруа қожалығы осы салада тәжірибе жинап, бұл іске нар тәуекелмен келді. Бұған дейін Талас ауданының Бостандық ауылында «Тәжібай-Алашбай» қожалығын құрып, қазақтың ақбас сиырын өсіріп, табысқа жеткен еді. Мал басын 500 бас сиырға дейін жеткізген қожалық, енді мал бордақылау кәсібіне көшпек. Таластың кең даласында өсіп-өніп жатқан сиыр малын асыл тұқымды малмен алмастыра отырып бірер жылда асыл тұқымды ірі қара малын өсіретін шаруашылыққа айналған қожалықтың ұстанған бағыты дұрыс. Яғни, әл-қуаты артқан қожалық енді тәуекелге бел буып ірі қара малын бордақылайтын кешеннің құрылысын аяқтады.
Бұл тірлікке аудан әкімі зор қолдау көрсетті. Қожалық жетекшісі Мұсат Алашбаев қазақтың ақ бас сиыры өсіре білгенге көл-көсір табыс екенін айтады. Осы тұқымдас екі жасар бұқаның 500 келі тартатынын, ал бес жасар бұқаның 1 тонна салмақ тартып, 600-650 келі таза ет беретінін алға тартты. Алдағы айда еліміздің солтүстік өңірінен асыл тұқымды 2 мыңға жуық ірі қара жеткізіледі. Қазір мұнда жемшөп жинау ісі қолға алынған. Әзірге 5 мың тонна жем, 50 мың тонна шөп жиналыпты.
– Әрине осыншама малды бордақылау үшін құнарлы жемшөптің мол қоры керек. Қазір таулы аймақтардан, суармалы жерлерден жер алу үшін қам жасап жатырмыз. Келешекте егіншілікпен айналысу да ойда бар, – дейді қожалық жетекшісі Мұса Тәжібайұлы.
Көкталдықтарды кішігірім ферма іспеттес кешеннің ашылуы қуанышқа бөледі. Өйткені, мұнда ол іске қосылғанда 50-ге жуық жұмысшыны керек етеді. Әлден-ақ қожалықта еңбек етуге ауыл тұрғындары құлшынып отыр.

Әділбек Жүніс.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support