- Advertisement -

Қаратау қаласының инфрақұрылымы жаңаруда

193

- Advertisement -

Айтолқын Әбдібекова,
Қаратау қаласы әкімінің міндетін атқарушы.

«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру – маңызды міндеттердің бірі. Онда инфрақұрылымды қалыптастыру арқылы экономиканы дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту міндеті алға қойылғаны белгілі. Бұл тұрғыда елімізде Елбасының 2012 жылғы қаңтар айындағы халыққа Жолдауында атап көрсетілген міндеттерге сәйкес «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» іске асырылуда. Қаратау да моноқалалар қатарында.
Аталған бағдарлама шын мәнінде де қаламыздың дамуына, гүлденуіне, сәулеттік жағынан көркейіп, абаттандырылуына ерекше серпін беруде. Бұл мақсатқа 2013-2015 жылдарға республикалық бюджеттен – 1,9 миллиард, жергілікті бюджет есебінен – 76,8 миллион теңге бөлінген.
Қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ететін ішкі резерві – «Talas Investment Company» ЖШС-ның жылына 15,0 мың тонна цианид натрий шығаратын зауытының құрылысы «зәкірлі» инвестициялық жобасы 2012-2014 жылдары іске асырылды. Жобаның жалпы құны 12,9 миллиард теңгені құрайды. Мұнда 2016 жылдың 7 айында 380,5 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Қазіргі таңда зауытта 421 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 405 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен қабылданған. Бұдан бөлек қосымша 66 адам қосалқы шаруашылықта еңбек етеді.
Қаратау қаласын 2015-2017 жылдары дамытудың кешенді жоспарына енгізілген тағы бір жаңа «зәкірлі» жоба – «Жамбыл Недр» ЖШС қолға алған, жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын, жылына 300,0 мың тонна М-400, М-500 маркалы цемент шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорынды биылғы екінші жартыжылдықта іске қосу жоспарлануда. Ол толық қуатында істегенде 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда зауыт құрылысында 167 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 99-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдамамен жіберілген. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, қондырғыларының 95 пайызы құрастырылып, орнатылды.
Сонымен қатар, биыл өңірлік Индустрияландыру картасына енгізу үшін жылына 110,0 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын зауыттың құрылысы жобасы дайындалуда. Құны 1946,0 миллион теңгені құрайтын бұл жобаны «Қаратау Про» ЖШС жүзеге асырмақ. Қазіргі таңда мұнда итальяндық құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Зауытты іске қосқан жағдайда 60 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда 100 адам жұмысқа тартылып отыр. Сондай-ақ, 4 тапсырыс алушы қосалқы кәсіпорындар да жұмыс істейді. Зауытты биылғы жылдың екінші жартыжылдығына іске қосу жоспарлануда. Жұмыспен қамтылғандардың 85 пайызы – жергілікті тұрғындар.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасын әзірлеп, бекітудегі негізгі мақсат – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады. Бүгінде қаламызда 365 шағын және орта бизнес субъектілері (жеке кәсіпкерлер – 288, заңды тұлғалар – 77) тіркеліп, олардың саны 2011 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге көбейген.
2016 жылдың қаңтар-маусым айына 92,0 миллион теңгенің 16 әлеуетті жобасы ұсынылып, оның ішінде үшеуі – «БанкЦентркредит» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 25,7 миллион теңгенің «Айда» дүкенін заманауи шағын маркет етіп ашу, қымыз өндірісі және жиһаз шығаратын цех жобалары қолдау тапты. Одан бөлек, кәсіпкерлер тарапынан 50,0 миллион теңгені құрайтын 7 жобаның құжаттары екінші деңгейдегі банктерге қарауға жіберілді.
Сонымен қатар, қалада басқа да бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, тәулігіне 2 тонна сүт өнімдерін (май, сыр, ірімшік) өңдейтін цех ашу мақсатында тиісінше жұмыстар жасалуда. Жобалық құны 20,0 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын басшылары бұл ретте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 5,5 миллион теңгені несиеге, 3,0 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты ұтып алғанын атап өтуге тиіспіз. Қазіргі таңда мұнда қажетті құрал-жабдықтардың 95 пайызы орнатылған.
Ал «Азмина Мрамор» ЖШС мәрмәр тасын өңдеп, тас тақталар, баспалдақтар, кірпіштер шығарумен айналыспақ. Серіктестік қолға алған жобаның құны 20,0 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын алдағы уақытта жылына 32,0 мың тонна ұнтақталған тасты өңдеп, 150,0 миллион теңгенің өнімін өндіретін болады. Мұнда да қосымша 8 жұмыс орын ашылады. Қазіргі таңда құрал-жабдықтары жеткізіліп, орнатылу үстінде.
Алда тұрған тағы бір маңызды іс, қаланың 102 көшесіндегі кәріз және су желілері құбырларын жаңғырту, жөндеу қажет-ақ. Осыған байланысты, жалпы құны 1172,4 миллион теңгенің жобасы – қаладағы 3 көшені қайта жаңғыртуға былтыр 111,1 миллион теңге бөлініп, толық игерілді. Қалған қаражат 2017 жылға жоспарлануда. Жобалық құны 234,9 миллион теңгені құрайтын орталық алаң және А.Шейн, Т.Рысқұлов көшелерінің жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 4,4 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындылары алынды. Биыл барлығы 22 көше жөнделетін болады. Бүгінгі таңда алты көшеге асфальт жамылғысы төселіп, 4 көшеде жолға түзету жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Шахтер көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланды.
Биыл қаладағы 3 мөлтек аудандағы 51 үйді қайта жаңғыртуға 282,9 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Қаланың ішкі орамдық газ жүйелерінің құрылысына 309,96 миллион теңгеге келісімшарт жасалынып, 2015 жылы бөлінген 88,9 миллион теңге толығымен игеріліп, тиісті жұмыстар атқарылды. Қалған қаражат 2017 жылға республикалық бюджет есебінен бөлінбек.
Сонымен қатар, қаладағы әлеуметтік нысандарына су бұру жүйесінің және сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржы бөлу жөнінде сұраныс берілген.
Атқарылған және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға қарап, моноқалалар қатарына жататын Қаратаудың болашағының зор екенін атап өтуге тиіспіз. Әрине, іс барысында ішінара кемшіліктер де кездесетінін жасырмаймыз. Алайда, жақсы істердің молдығы қаратаулықтардың болашағымыз бұдан жарқын болатындығына деген сенімін арттыра түсуде.

Қаратау қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support