- Advertisement -

Бірлік биік мақсат тарға бастайды

115

- Advertisement -

Партияның аудандық филиалдарына жаңа төрағалар сайланды

Аудандық Мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс ХIX конференциясы болып өтті. Жиынның күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасын сайлау туралы, партияның «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасынын орындау барысы, партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Конференцияға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасы, облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағалығына аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов кандидатурасын ұсынып, бұл ұсыныс конференция делегаттарының қолдауымен бірауыздан қабылданды. Конференцияда партия филиалы төрағалығына жаңадан сайланған Бақтияр Көпбосынов сөз сөйлеп, аудан экономикасы мен өңір тұрғындарының әлеуетін арттыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды айтты. Ол өз сөзінде алдағы мақсаттарға да тоқталды.
– Құрметті Кәрім Нәсбекұлы, қадірлі конференцияға қатысушылар. «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан — 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасындағы айқындалған негізгі міндеттерді жүзеге асыру бойынша аудандағы жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады. Ал партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында партия аудандық филиалына, барлық партия белсенділері мен мүшелеріне ауқымды міндеттер жүктейді. Өйткені, партияның 5 жылға бағытталған сайлауалды бағдарламасының негізгі мақсаты – егемен еліміздің әлемдегі озық дамыған 30 елінің қатарына қосу. Сонымен қатар, бұл бағдарлама тәуелсіз еліміздің одан әрі қарқынды дамуына серпін берері сөзсіз.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен бастауыш партия ұйымдарының алдында ішкіпартиялық жұмыстарды сапалы әрі мақсатты ұйымдастыру міндеттері де тұр. Биылғы жыл аудандық филиал мен партия ұйымдарының есепті жылы. Бұл ұйымшылдықты қажет ететін шара. Барша аудан тұрғындары, оның ішінде «Нұр Отан» партиясының мүшелері Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру мақсатында қажырлы еңбек үлгісін көрсететін болады деп cендіремін, – деді Бақтияр Көпбосынов.
Жарыссөз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сейітхан Жұмашев, «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Руслан Сайлаубаев, «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев өздерінің ойларымен бөлісті.
Конференцияны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорытындылап, аудандық партия филиалының алдына маңызды міндеттер қойды.

Жуалы ауданы.

* * *
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының кезектен тыс XVII конференциясында партияның «Қазақстан — 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасынан туындайтын міндеттер айқындалды. Конференцияға қатысқан 189 делегат партияның аудандық филиалының төрағасын сайлады. Сондай-ақ, филиалдың саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.
Меркі – облысымыздағы іргелі аудандардың бірі. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, шаруасын шалқытып отырған шаруа қожалықтар бар. Тұрғындары – көп ұлтты. Көшбасшы партияға сенім артып, бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға барынша өз үлестерін қосып жүр.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедте өткен сұхбаттасудың нәтижесіне және партия орталық аппаратының келісіміне сәйкес партияның Меркі аудандық филиалының төрағалығына аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтің кандидатурасын ұсынатынын жеткізді.
– Мейірхан Азатұлы – мемлекеттік қызметте және партиялық жұмыста үлкен тәжірибе жинақтаған азамат. 2002 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Партияның Меркі аудандық филиалының түрлі қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік іс-шараларының өз деңгейінде өткізілуіне бастамашы болып, белсенділігімен танылып жүр. Іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтын білікті басшы. Партияның алға қойған стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға және беделін арттыруға өз үлесін қосады деп ойлаймын. Мейірхан Азатұлы аудандық партия ұйымының жұмысын жаңаша ұйымдастыруға ықпал тигізеді деп білемін, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Делегаттар дауыс беріп, бірауыздан партияның аудандық филиалының төрағалығына аудан әкімі Мейірхан Өмірбековті сайлады. Өз кезегінде Мейірхан Азатұлы сенім артқан нұротандықтарға ризашылығын жеткізіп, Елбасымыздың сарабдал саясатын жүргізуге, ауданның өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына білімі мен бар күш-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етуге уәде берді.
Жарыссөзге шыққан Нүрия Мәмікова, Бақытжан Иманбаев, Бабур Хасанбаев, Баһадүр Адизбаев, Мөлдір Қалаева партияның аудандық филиалының жаңа басшысы Мейірхан Өмірбековтің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Меркі ауданы.

Жанғазы Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support