- Advertisement -

Өсер елдің баласы елжанды болса

194

- Advertisement -

Қолы қалт еткенде әлеуметтік желілерді бір шолып шығу – қазір екінің бірінде бар әдет. Жылт еткен жаңалық жылдам таралатындықтан, «Не жазыпты?» деп елеңдеп тұрамыз. Ғаламтордың ғаламатын айтып, не болмаса желіге шырмалғаннан ұтарымыз не, ұтылғанымыз көп пе? Айтпағым ол емес. Мәселе, сол әлеуметтік желідегі жүктемелерде.
Демалыс күні фейсбуктегі парақшамды парақтап отырғанмын. Бір танысым жаңа түскен суретін жүктепті. Бастапқыда көз жүгіртіп, сырғып өте шыққам. Кейін қайта ашып қарадым. Ақ дастарқанда үлкен торт, оған «Директорлыққа – 1 жыл» деп жазылыпты. Шамасы, ұжым болып басшыларының бір жылдығын атап өтсе керек. Мұны жалпақ әлемге жар салып, несіне жариялады дедім іштей. Кім білсін, солай қошемет көрсетуге татитын азамат шығар. Бірақ…
Осы бір бірақ деген сөз көкейімде май ішкендей кілкіп тұрып алды. Жасанды қошемет, жалған мадақ кім-кімнің де көңіліне желік беретіні жасырын емес. Оның үстіне желіде жариялайтындай оның несі жаңалық? «Жаман ішкені мен жегенін айтады, жақсы көргені мен білгенін айтады» демей ме қазақ мұндайда. Мұның орнына жастарға ой саларлық, елдікке үндеп тұрған сурет болса ғой, шіркін.
Әлеуметтік желіде ондай бейнеролик, суреттер жоқ емес, көп. Елордалық жастардың көшеде «домбыра-party» ұйымдастырып, Мәскеуде қазақ студенттерінің метрода еліміздің Әнұранын шырқағанын талай адам көрген шығар. Сонда біздің де осындай бастамашыл, патриот жастарымыз бар екен-ау деп сүйсінгенбіз бәріміз. Әнұран дегеннен шығады. Жуырда облыс орталығында өткен салтанатты жиында мемлекеттік Гимнді қосылып айтып шыққан спортшыларымызды көріп, іштей марқайдық. Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Әнұранды бірге шырқады. Ел Президенті Әнұран шырқалғанда қарап тұрмай, қосылып айту керектігін ескертіп өтті. Ескерту жасамаса, елең етпейтін болғанбыз көбіміз. Сол жолы жамбылдық олимпиадашыларға қосыла кетпегеніме ұялдым, іштей…
Жалпы, шындықты мойындауымыз керек, Әнұранды спортшыларымыз бен оқушылардан басқамыз қосылып шырқай бермейміз. Бірер жыл бұрын орталыққа мың адам жиналып, халық әндерін шырқаған еді. Мемлекеттік рәміздерді дәріптейтін осындай бір шара өткізіп тұру керек шығар, бәлкім.
Ондағы ойымыз өсер елдің баласы елжанды болса екен деген тілек қой. Онда да елім, жерім деп құрғақ қиялмен пәлсапа соғып, өзеуреп тұрмаса дейміз. Бір іс жасап, жалпақ жұртқа жар салып, жарияламай-ақ, игі істің бастамашысы болса. Өзінен кейінгіні соңынан ерте алса, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білсе. Ең бастысы, өз Отанын сүйіп, еліне қызмет етсе.
Мамандардың пікіріне жүгінсек, патриотизм – азаматқа мінездеме беретін ең негізгі қасиеттердің бірі екен. Ал Н.Г.Чернышевский «Өз Отанына салқын адам бүкіл адамзатқа да опа бермейді» дейді. Саяси түсіндірме сөздіктерде: «Патриотизм (грек, patris – отан, атамекен) – өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, қорғауды мақсат тұтатын өз Отанына, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі» деп жазылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жаңақазақстандық патриотизмді қалыптастырудың маңызды екенін айта келе: «Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты. Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі», деген еді. Содан бері патриотизмді қалыптастыру бағытында қандай бастамаларды қолға алдық? Не істедік? Осы сауалды өзіңізге қойып көріңізші.
Ал мемлекетіміз 2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез-келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құру жолында нақты бағдарламалар қабылдап, соны жүзеге асыруда. Ондағы мақсат – жас ұрпақ сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінуі үшін. Елбасының сөзімен айтсақ, «Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс».

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support