- Advertisement -

БЕЙБІТ ЕЛДІҢ БЕЙНЕСІ

107

- Advertisement -

Жыл сайын аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық округтер арасындағы өнер фестивалі өтіп келеді. Биылғы фестиваль өзгеше өрбіді. Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың ұйғарымымен іс-шара жылдағыдай аудан орталығындағы алаңда емес, әр ауылда кезегімен өтетін болды. Биылғы фестиваль Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналды.
Өнер мерекесі алғаш Пионер ауылында ұйымдастырылды. Тәуелсіздікке арналған тойды Пионер ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев пен Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Мұхтар Шайдаев ұйымдастырды. Өнерлі жұрт көңілді әнге, ауылды сәнге бөледі.
Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық киім киген қыз-келіншектер келі түйіп, жүн түтіп, қол диірмен тартып, халық әндерін әуелетіп, ұлтымыздың құндылықтарын ұлықтап, дәстүрімізді дәріптеді. Төскейді төлге, қырманды қызыл дәнге толтырып, жыл сайын даланы думанмен дүбірлеткен жұрттың бұл жолғы көңіл күйі ерекше еді.
Ауылға келген қонақтарды сән-салтанаты келіскен аттылы топ қарсы алды. Өнер фестивалінің шымылдығын ақын Айтмұханбет Исақов арнауымен ашып, аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Дарын» драма театрының режиссері Әмірхан Қошмановтың қойылымы бойынша «Тәуелсіздік – ата-баба арманы» театрландырылған қойылымы көрсетілді.
Дарқандығымызды да, даралығымызды да, кішіпейілдігімізді де, қонақжайлығымызды да осы байқауда анық сезіндік. Ән әуеніне бөленген еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін арнайы жайылған дастарқаннан дәм татты. Ақжаулықты әжелер сапырған сары қымыздан ауыз тиді. Өнер фестивалі әр жұманың кешінде өзге ауылдық округтерде де жалғасын табуда.
Бейбіт елдің бейнесі, ауылдың айқын көрінісі осындайда көрінсе керек. Жетістікке жеткізген, самайымызды самал желге өпкізген тәуелсіздікке мың алғыс.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support