- Advertisement -

Олар енді сабақтарын алаңсыз оқиды

85

- Advertisement -

Елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен «Мектепке жол» акциясы өтіп жатқаны белгілі. Акция жыл сайын көп балалы отбасынан шыққан, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған немесе жетім балалардың жаңа оқу жылында әлеуметтік себептер бойынша мектепке бара алмай қалу қаупінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып келеді.

Биылғы жаңа оқу жылында Тараз қаласындағы жалпы білім беретін 58 мектептің 1200 оқушысы осындай көмекке зәру. Әйтсе де, аталған акция аясында 100-ден астам оқушы мектепке қажетті киім-кешек, оқу құралдарымен қамтылып үлгеріпті. Олардың арасында көп балалы отбасы Бидайбековтердің де балалары бар. Бұл отбасыға Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров арнайы ат басын бұрып, мектепке барғалы отырған 4 баланың ата-әжесі Күлзипа Сапарғалиева және Ержан Бидайбековпен емен-жарқын әңгімелесті. Қариялардың немересі Назеркенің өзі шығарған «Туған ел» атты тақпағын тыңдады. Өз кезегінде қала әкімі балаларды тәрбиелі, білімді болуға шақырып, әрқайсысына ішіне оқу құралдары салынған сөмке мен мектеп формасын, спорттық үлгідегі киім-кешектер табыс етті. Тіпті, мектепке әлі жасы жете қоймаған бүлдіршінге де ойыншық сыйлап, қуанышқа бөледі.
– Биыл 61 мыңнан астам бала мектепке баратын болса, оның 8100-і мектеп табалдырығын жаңадан аттайды. Оқушы саны көп болғандықтан, акцияны 1 тамыздан бастап кеттік. Бұл, негізінен, «Нұр Отан» партиясының «Мектепке жол» акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан шара. Дегенмен, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып отырған демеушілер екенін айта кеткен жөн. Осы акция аясында мыңнан астам баланы мектепке дайындық шараларымен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Қазір 100-ден астам балаға 1326000 теңге қаражат жұмсап, мектеп формасы мен оқу құралдарын алып бердік. Жаңа оқу жылына дейін қалған балаларды да қамтып үлгеретінімізге сенімдімін, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Бұл кісілер бұрын Талас ауданы, Ойық ауылында мектепте ұстаздық қызмет атқарыпты. 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген олар зейнетке шыққаннан кейін, осыдан жиырма жыл бұрын Таразға қоныс аударған екен. Күлзипа әжей жанұяның асыраушы ұлы Ербол бұрын «КамАЗ» жүк көлігін жүргізгенін, кейіннен денсаулығы сыр беріп, жүрегіне ота жасалғалы еш нәрсеге мұршасы келмегенін, Ерболдың Алматы қаласында емделіп жатқанын айтты.
– Бұл баламнан 7 немерем бар. Жетеуі де қыз. Біреуі жақында тұрмысқа шықса, екіншісі студент атанды. Біреуі кішкентай. Қалғаны №32 метепте оқиды. Ұлым сырқаттанып, келіннің болмашы табысына қарап отырғанымызда қала әкімдігі мен қолы ашық азаматтардың қамқорлық танытып, немерелерімді мектепке қажетті дүниелермен қуантқанына ризашылығымызды білдіремін, – деді ол.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support