- Advertisement -

Тараздықтар топтан озды

84

- Advertisement -

«Тараз-Арена» спорт сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Спорт күні кәсіби мерекесіне орай облыстағы спорт мекемелерінің қызметкерлері мен мамандары арасында облыстық спартакиада ұйымдастырылды.

Спартакиада спорттың шағын футбол, үстел теннисі, ұзындыққа секіру, турникке тартылу, 2400 метр, және 1000 метр қашықтыққа жүгіру, жүзу, қол күресі бойынша өткізілді. Бұл спорттық шараға Тараз қаласы мен аудандардан 25 командадан тұратын 500-ден аса спорт қызметкері мен мамандары қатысты. Аса тартысты өткен бәсекеде тараздықтардың бәсі жоғары болды.
Жарыс қорытындысы бойынша шағын футболдан бірінші орынды №3 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі құрама командасы иеленсе, Жуалы ауданы құрамасы мен облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы жүлделі орындардан көрінді. Ерлер арасында үстел теннисінен байзақтық Қайырғали Әміреев жартылай финалда мойынқұмдық Мұрат Ермековтен басым түсіп, шешуші ойында жерлесі Нұрсұлтан Хасановты ұтты. Қыздар арасында үстел теннисінен қордайлық Раушан Жолдыбаева қарсылас шақ келтірмеді. Ол әуелі сарысулық Ардақ Түсіпбековадан, финалда құландық Надежда Дзюбинадан басым түсті.
Ерлер арасында ұзындыққа секіруден тараздық Евгений Трубин жеңістің биік тұғырына көтерілсе, әйелдер арасында қордайлық Лида Бергеннің бағы жанды. Турникке тартылудан Т.Рысқұлов ауданының өкілі Қалмұрат Құлшықовтың көрсеткіші қарсыластарының бәрінен жоғары тұрды. Ерлер арасында 2400 метрге жүгіру спорты бойынша тараздық Андрей Калюжный жеңіс тұғырынан көрінсе, әйелдер арасында да тараздық Светлана Отрохова жеңімпаз атанды. Ерлер арасында 50 метр қашыққа жүзуден тараздық Павел Рянзин мәре сызығын бірінші қиса, әйелдер арасында да тараздық Диана Икрамованың шеберлігін қарсыластары еріксіз мойындады. Ерлер арасында қол күресінен тараздық Дмитрий Трубин шын мықты екенін дәлелдесе, әйелдер арасында тараздық Антонина Лисянская жеңіс тұғырына көтерілді. Эстафета спортынан тараздық құрама командалар шыңдалған шеберліктерін көрсетті.
Жалпыкомандалық есепте тараздықтар жеңістің биік тұғырына көтерілді. Екінші жүлде қордайлық құрама командаға бұйырса, Т.Рысқұлов ауданының командасы спартакиаданы жүлделі үшінші орынмен аяқтады.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support