- Advertisement -

Қара талға сыр

162

- Advertisement -

Құба беткейдегі құбыла құшқан қара тал,
Балалық күннің базары еді көлеңкең.
Төзімді сендік әлемге озбыр таратар,
Күйіңді кешіп қалатындаймын мен ертең.

Пана ғып тұрсың көзіме мұнар жар басын,
Жаныңа дәйім бір жан баласы жуымай.
Сенің де бүгін жалғыздық қана жолдасың,
Өмірдің мынау өктемін және қуын-ай…

Мазасыз шақтар мезі қып біткен расында,
Ақ маңдайымда таңба боп жатыр теңбіл із.
Көбелек қуып, ойнаған жардың басында,
Жетімсің бүгін, жапырақтарыңа келді күз.

Ғұмырға кейде ренішпен қарап өкпелеп,
Бойдағы шердің шертуші ем бәрін тек саған.
Саяңда сенің жыр жазуға да көп себеп,
Қалада қаңғып, қайтуға енді жоқ шамам.

Еңсеріп нөсер, жаңбырдың көктен құйғанын,
Найзағай оты тап берсе дағы төбеңнен.
Өзіңмен көріп аспанның тосын сыйларын,
Бір бұтағың боп жаралмағанмын неге мен?!

P.S: Сын уақыттың өтелмейді құны шын,
Өмір тепкі көрсетеді не түрлі.
Сенің осы маңғаз текті тұрысың,
Менің өршіл Жыр тағдырым секілді!

Жүректің дүрсілін түн қарып…

Ай, тыңда,
Арманым алып шың.
Жұлдыздар жебесін түнімен.
Қара түн сен мені таныпсың,
Тым балаң, жұмсақтау үнімнен.

Түндерім өтіп жүр тынымсыз,
Ойларым ойран сап ұйқыма.
Нәп-нәзік мендегі ғұмыр сыз,
Ешқашан көнбеген ырқыма.

Бүгінде түнменен түнеріп,
Тым ұяң ояттым жігерді.
Соңымнан сырлы мұң жүр еріп,
Қаламнан сый күтіп жыр өңді.

Шөліркеп шаршадым, ғұмырым.
Кеудеге сыймаған сырым көп.
Таң атар нұр шашып ұлы күн,
Тағы да шарқ ұру, тыным жоқ.

Бағытын бұрам деп тағдырдың,
Уақытқа төрелік етпек ем.
Жылаңқы жыр тағы жаздырдың,
Қара түн, сол үшін кектенем.

Ай, тыңда!
Жұлдыздар жебесін!
Жүректің дүрсілін түн қарып,
Бақ табам ертең-ақ, көресің,
Сондағы шаттықты жырдан ұқ!

14081461_1042178742498242_1Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support