- Advertisement -

Аягүл

90

- Advertisement -

Күйеуінен ажырасқан, үйелмелі-сүйелмелі бес баласы бар келіншекпен көрші тұрдық. Ата-аналары ажырасқалы бері өмірдің кермек дәмін татып келе жатқан балалардың үлкені ұл бала 15-те, одан кейінгі екі қыз 11 және 13 жаста, қалғандары 6-7 жас аралығында еді.
Қыс кезі. Мен он екідемін. Балалықтан арыла қоймаған кезім. Анам жаурап қаласың деп, үсті-басымды тұмшалап, қолыма қолғап кигізіп, «Аяз атадан» сыйға алған су жаңа шанамды далаға шығарып берді. Алып-ұшып ойынға асығып тұрғанымда шыңғырған дауыс шықты. Жалт қарасам, көрші әйел қызын шашынан сүйреп келе жатыр екен. Қорыққанымнан анамның артына тығылдым. Шешем: «Не боп қалды? Жіберсеңші, өлтірдің ғой», – деп араша түспек болып еді, қолын қағып жіберді де: «Өлмейді бұл, мені өлтіріп барып өлмесе! «Жаурадым, жылынайыншы», – дейді ғой. Тапқан түгі де жоқ. Туып-туып мен бейшара салпы етек болып шыға келгенім мынау! Әкесінің жас қатын алып кеткені анау! Әкесіне керегі жоқ сорлыларды бағып отырған сормаңдаймын, мен сормаңдаймын! Маған да керегі жоқ «лишний» ауыздардың. Өз атауын өзі тапсын, жоғал!» – деп айқайға басты. Айтып жатып та қызын төпелеп ұрумен болды. Шешесінің қолынан сытылып шығып тұра жүгірген қыздың соңынан шешем: «Әй, өлесің ғой, ең болмаса үстіңе, аяғыңа кисеңші», – деп жатты. Аягүлдің соңынан мен де жүгірдім.
Кейін оның жұмыс орны – орталық көше, мамандығы «нан сату» екенін білдім. Жаңағы көріністен кейін жұбатқым келіп: «Әкеңе кетіп қалмайсың ба?» – дедім. «Ой, ол «Қайыршы құсап тағы келдің бе, бәле болдыңдар» ғой дейді. Ана жас әйел екеуінің ұлдары бар ғой, бізді неғылады?! Соны жақсы көреді. Өзінің қызмет бабын пайдаланып, бізге алимент те төлемейтін болды», – деді де, еңіреп жылап жіберді.
Сол күні ол ұзақ жылады. Жылап жүріп нан сатты. Сатып жүріп жалынғаны сай сүйегімді сырқыратты. Жолдың дәл ортасына тұрып алып, тоқтаған көліктерге тұра жүгіреді. Мұзға тайғанап барып зырлаған дөңгелекке түсіп кете жаздайды. Қайта тұрып, қайта жүгіреді. Сіңлісі де күнкөрістің қамымен сонда жүр. Екеуі дамыл таппайды. Аягүлдің аяғында кебіс, үстінде жұқа көктемгі күртеше. Ал сіңлісі аяғына үйдің ішіне киетін қыстық сүйретпе іле салған. Үстінде көкірекше ғана. Күрк-күрк жөтелдері әлі құлағымда. Бірақ, қанша жеңіл жүрсе де солардың төсек тартып ауырғандарын көрмеппін. Жаным ашып, жылы жемпірімді ұсындым. Шарфымды беріп едім, Аягүл сіңлісінің басына орады. Қолғабымды «икемсіз» деп кимей қойды. Бірақ, сөмкесіне салып алды. «Жеңіл жүрсең, қимылың да ширайды. Қорбаңдап жүріп не бітіреміз? Бізге жаның ашыса тиын беріп тұр. Мамамның айтқан сомасын апармасақ, өлтіреді», – деді. Мен сол күні бірінші рет үйден ақша ұрладым және алғаш рет ойынға бармадым…
Бір күні түннің ортасында Аягүл есік қақты. Көзі ісіп кетіпті. Үйге кіріп, жылынып, тамақтанып алған соң: «Жүр бөлмеңе барайық», – деді. Екеуміз оңаша қалған соң:
– Алыста атам мен әжем тұрады. Мен солардың қолына қашып барамын. Бүгін сенің қасыңда тығылып түнейін, таңертең жолға шығамын. Бірақ, сен бәріне түнде кетіп қалған деп айт. Будильникті әкел, тынығып алайын, – деді.
Таң бозармай көшеге шықтық.
– Сен шығарма жазуды жақсы көруші едің ғой, мүмкін мен туралы жазарсың? – деді Аягүл. Құрбымды қимай тұрған мен басымды қиқаң еткіздім.
– Тыңда, тыңдап ал жақсылап, – деді ол сыбырлап. – Кеше маған мамам әдемі көйлек сатып әперді.
– Қалайша? – дедім мен қыздарына тиын шығармайтын шешесіне таңданып.
– Ой, бәріміз жабылып әжептәуір табамыз ғой. Ол сол ақшаны жинайды.
– А, а. Онда, сені жақсы көре бастаған шығар?
– Мә, саған, – деп саусағын бетіме тақады, шешесінен үйренген әдепсіздігіне басып. Мен төмен қарадым.
– Бойжетіп қалыппын және әдемі қыз болып өсіп келеді екенмін. Сол үшін әперді.
Еріксіз өзімнің кіп-кішкентай денеме және оның талдырмаш сұңғақ бойына көз салдым. Шынында да, белі жіңішкеріп, бөксесі толысып бойжетіп қалыпты.
– Мамам мені моншаға түсіріп, үйге келген соң, бетіме опа-далап жаққандағы түрімді көрсең ғой! Нағыз кинодағы қыз болып шыға келдім. Сырғасын да тағып берді. Сөйтіп, «Қазір келемін, сен осы қалпыңда отыра бер» деп сыртқа шығып кетті. Ары күтіп, бері күтіп, ішім пысқаннан кейін сұлулығымды біреумен бөліскім келіп ауызғы бөлменің есігін аша бергенімде құлағыма біреулердің сыбырлап сөйлесіп отырғаны естілді. Біреуі – шешемнің даусы. Отыра қалып, демімді шығармай тыңдай бастадым.
Еркек даусы:
– Көнбесе ше? – дейді қарлығып.
– И-и, неге көнбейді? Бес мың қарыз екенімді біледі ғой.
– Он үште дейсің бе?
– Он төртке таяп қалды ғой.
– М-м-м…
– Келістің ғой? Қарызыңды қайтармаймын!
– Иә… Үріп ауызға салғандай-ақ екен…
– Сұлу ғой…
– Өте сұлу!
– Тәк, жаз онда ары қарай.
– Тағы? Не деп?
– Бес мың қосып беремін, Аягүлдің үстіне деп.
– Не үшін қосады екем?
– Өзің айттың ғой сұлу деп. Бастысы алғашқысы сен боласың, түсініп отырсың ғой енді дегенде, екеуі де кеңкілдеп күле бастады. Өткенде өзі қарыз алған еркекпен әлдебір сұмдыққа келісіп жатқанын түсіне қойдым. Жүрегім дүрсілдеп, қорқып кеттім. Не істерімді білмей, сасқанымнан ауыз бөлмеге жүгіріп шығыппын. Екеуі атып тұрды. Мамам: «Әй, не болды?» – деді. Даусында діріл бар. Ештеңе дегендей, басымды шайқадым. Екеуі қастарына шақырып алып, айналдыра бастады. Шешем жалынып, жылап отыр.
– Шын жылады ма? – деппін мен.
– Қайдан білейін, мені қалайда көндірудің амалы да.
– Содан? Сені соған әпере ме сонда?
– Жо-ға…
– Мен түк түсінбедім.
– Кейін түсінесің. Сосын мен бір амалын тауып құтылу үшін «Бүгінше сүйісуге келісім берейін, ертең қалғанын» деді-і-ім, – деп еңкілдеп жылап жіберді. Менің бала жүрегім суылдап қоя берді. «Өз анасы өз қызының арын қалайша таптамақ?» деген ой санама маза бермеді.
– Түсіндің бе, мен он төртке толмай-ақ елуден асқан адаммен сүйістім ғой. Олардың мені аяғаны сол болды, «ертеңгі кездесуде айнып қалма, айнысаң аямаймыз» деп қорқытты. Ал мен түнде шешем ұйықтаған соң, терезеден қашып шығып, саған келдім, – деді ол.
– Ойбай мамаң іздеп, біліп қойса мені өлтіреді ғой, – дедім мен бойымды үрей билеп.
– Ой, түске дейін ұйықтайды ол. Қорықпа, білмей қалады.
Сөйтіп, тағдыр тауқыметін арқалаған шүйкедей қыз күдігі мен үміті аралас аласапыран өткенін артқа тастап, арманына асығып, алыстағы ата-әжесіне аттанып кете барды…
Жұмыстан кезекті демалысымды алып, туған жерге асықтым. Асыр салған балаларға қарап, балғын күндерімнің қызығы қалған мекеннен өз балалығымды іздеп, келмеске кеткен күндерге деген сағынышым үдей түсті. Айналама көз тастап, өткен жылдарды ойша тізіп отырмын. Мына жерде Ақтөс байлаулы тұратын. Ал мынау садақтай тізіліп тұрған темірлерге инелік үйір еді. Біз де осы маңнан шықпайтынбыз. Адымдай басып алқызыл гүлдері жайқалып тұратын алаңқайға келдім. Гүлдің бір талы да жоқ, шаңы шығып жатыр екен. Сол алқызыл гүлдердің орнын басқысы келгендей алқызыл көйлек киген әйел тұр. Біз өкшесін шешіп, топыраққа гүрс етіп отыра қалды.
–Танымадың ба? – деді. Мен жүзіне тесіле қарадым. Ауылдан ұзатқан жиырма жыл бәрін ұмыттырып-ақ тастапты.
Әйел сөмкесінен әлденені алып: «Сенің кішкентай қолғабың» – дегенде барып бейтаныс әйелдің Аягүл екенін білдім. Жылдар оның сымбатына сызат түсірмепті. Жылы жүзі нұрланып, шуақты көрінді. Алматыда тұрады, тұрмыста екен. Жолдасы әлдеқандай зауыттың бастығы екенін білдім. Алты қызы бар екен. Анасын қолына көшіріп алыпты. Ең бастысы ол анасының бұрынғы қылығын кешірген екен.

14080951_1042181692497947_1Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support