- Advertisement -

ҰБТ үміттерді үзбейді

114

- Advertisement -

11сынақтың алғашқы күнгі қорытындысы шықты

ҰБТ басталды. Абыр-сабыр болып жүргенде көңілді күпті еткен сынақтың алғашқы күндері де өтіп кетті. Тест тапсырып, аптығын басқан түлектер жыл бойы күткен білім бәйгесінің небәрі 3,5 сағатта өтіп кеткеніне сенер-сенбесін білмей дал. Қалай десек те, олар үшін енді сын сағаттар артта қалды.
Жалпы, республика бойынша тестілеу 2 маусымда басталды. Бұл күні облыстағы он тестілеу өткізу пунктінің жетеуінде тестілеу өткізіліп, 2 мыңнан астам жамбылдық жас түлек өз бақтарын сынаған болатын. Бастама жаман емес. Алғашқы лекте тест тапсырған Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназияның шәкірті Гүлназ Ердосова ең жоғары 125 балды олжалады. Жеті талапкер осы межеге сәл ғана жетпей қалды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырованың айтуынша, бірінші күні 25 оқушы 120-дан жоғары балл жинапты.
– Алғашқы күні жеті пунктте тестілеу өткізілді. Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Мойынқұм аудандарында ҰБТ 3 маусым күні басталды. Байзақтықтар мен жамбылдықтар сынақты Тараз мемлекеттік педагогикалық институты базасындағы тестілеу өткізу пунктінде, ал қалғандары өз аудандарында тапсырады. Бірінші лекте 2198, екінші лекте – 719 түлек сынаққа қатысты. Үздіктері жүзден жоғары балл жинап, жақсы нәтиже көрсетуде, – дейді Жәмила Елеуқызы.

Негізі 2 маусым күні ҰБТ-ға 2200 мектеп бітіруші қатысуы керек еді. Сынақ тапсырмағандардың бірі халықаралық білім додасының жүлдегері болғандықтан, Тараз қаласындағы №41 гимназияның оқушысы Қ. Жұмақадірова тестілеуден босатылыпты. Ал меркілік Ф. Алиев денсаулық жағдайына байланысты тестке қатыса алмаған. Тестілеу талаптарын бұзған 3 талапкер аудиториядан шығарылып жіберілген. Тәртіп бұзғандардың біреуі Жуалы ауданындағы С.Бәйтіков атындағы орта мектептің түлегі, екеуі Шу ауданындағы Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектептің бітірушілері екен.
Бірді-екілі осындай жағымсыз жайттардың орын алғаны болмаса, бірінші лектегі тестілеу қорытындысы көңіл көншітерліктей. Алғашқы нәтиже бойынша облыстың орташа көрсеткіші – 78,28 балл. Бұл күні «Алтын белгіге» үміткер 85 бітірушінің 52-сі өз білімдерін дәлелдепті. Үздік аттестатқа үміткерлердің елу пайызы көздеген межеден көрінген. Нақтырақ айтсақ, 14 түлектің 7-еуі үздік шыққан.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлзия Зәуірбекованың айтуынша, тараздық бітірушілердің 38-і «Алтын белгіге», 8-і үздік аттестатқа үміткер екен. Жалпы, Тараз мектептерінен 2121 түлек мектеп бітірген. Оның 1470-і, яғни 69,3 пайызы тест тапсыруға өтініш білдіріпті. «Он оқушымыз халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарысында жеңімпаз атанған. Оның сегізі ҰБТ-ға қатыспайды. Екеуі «Алтын белгіге» үміткер болғандықтан, тест тапсыруға бел буып отыр», – дейді Гүлзия Расылханқызы.
Бүгін ТарМУ базасындағы пунктте Тараз қаласындағы 22 мектептің 500-ден астам түлегі тест тапсырды. Бірінші лектегі тестілеуге 16 мектептің 522 бітіруші қатысқан еді.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support