Баспасөзі мықты елдің өзі де мықты

Баспасөзі мықты елдің өзі де мықты
ашық дереккөз
Баспасөзі мықты елдің өзі де мықты

Аудандық газеттер жұмысын жандандыру мәселесі сөз болды

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары (ақпараттық саясат) жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды. Оған кеңес төрағасының орынбасарлары мен кеңес мүшелері, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Дәмеш Өскембаева «Білім беруді дамытудың» және «Балапан» мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысын» ақпараттық сүйемелдеуде бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысы туралы баяндады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында берілген тапсырмалар мен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары аясында көзделген міндеттердің орындалуы және облыстық білім басқармасының медиажоспарына сәйкес, білім саласы бойынша атқарылған іс-шаралар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып тұратындығын айтқан Дәмеш Шайқықызы өткен жылы көрсетілген телебағдарламалар мен жарық көрген мақалаларды тіліне тиек етті. – Ал ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдың 38-і телеарналарда, 502-і газет беттерінде жарық көрген. Ал газет беттерінде барлығы 502 мақала жарияланса, оның 13-і – республикалық, 237-сі – облыстық, 42-сі – қалалық, қалғаны аудандық басылымдардың еншісінде. Оның ішінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде – 5, «Айқын» газетінде – 1, «Литер» газетінде – 3, «Казахстанская правда» газетінде 4 материал жарияланса, облыстық басылымдарда жарияланған мақалалар саны басым. Айталық, облыстық «Ақ жол» газетінде – 67 мақала жарияланса, «Знамя труда» газетінде – 58, «Арай» газетінде 20 мақала оқырманға ұсынылған, – дей келе Дәмеш Шайқықызы басшылар мен сала қызметкерлері де бұқаралық ақпарат құралдарымен етене байланыс орнатып, авторлық мақалалар жариялап отыратындығын жеткізді. Ерқанат Нұрбапаұлы баяндамашыдан басқарма тарапынан жарияланып жатқан сыни материалдарға жауап беру, одан қорытынды шығару қай бағытта жүргізілетінін сұрады. – Білім саласына қатысты проблемалық, сыни мақалалар бойынша басылымдарға жауап беру үшін білім басқармасында жауапты маман тағайындалып, деректерді анықтау бағытында зерделеу жұмыстар жүргізіледі, – деді өз жауабында Дәмеш Өскембаева. Сондай-ақ оның айтуынша, облысымыздағы барлық білім мекемелері «G-Global-EXPO-2017» платформа жұмысына тартылып, балалар қозғалысы құрылыпты. Қазірдің өзінде G-Global виртуалды платформасына қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде мақалалар орналастырылып жатқанын білдік. Бұдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Т. Рысқұлов және Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшылары ауданның атқарушы органдарының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысы туралы баяндады. Ерқанат Нұрбапаұлы Т. Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің қаріптерінің тым майда екендігін алға тартып, жиырма үш адам еңбек етіп, аптасына екі рет жарық көретін төрт беттік газеттің шырайсыз екендігін ескертті. Сондай-ақ, алпыс мыңнан астам тұрғыны бар ауданда газет таралымы бес мыңға да жетпейтіні – оқырмандармен жұмыстың жүйесіз түрде атқарылып жатқандығы деп сынға алды. Ал облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Т.Рысқұлов ауданы әкімінің сайты көбіне жаңартылмай қалатынын және тұрғындар тарапынан жазылған сұрақтарға уақтылы жауап жазылмайтындығына тоқталды. Баяндама жасаған ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков «маман тапшылығы сайт жұмысын жүргізуге кедергі тудырып жатыр» дегенді алға тартты. Келесі кезекте баяндама жасаған Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов осы бағыттағы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды. Ерқанат Манжуов облыстық баспасөз беттерінде мемлекеттік орган қызметкерлерінің авторлық мақалалары жариялануы аз қамтылғанын айтты. Сондай-ақ, Рахия Сейітбекқызы аудан әкімінің сайтының кейбір бөлімдерінің ақпараттары 2012 жылдың шілде айынан бері жарияланбағанын, бұдан бөлек, аудандық газетте Қазақ хандығының 550, Жеңістің 70 жылдығына орай арнайы бекітілген логотиптер жаңартылмағанын сынға алды. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов көтерілген мәселелер бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар