- Advertisement -

Жазықсыз жапа шеккен

128

- Advertisement -

Сталиндік қуғын-сүргін «геноцид саясатының» тұзағына іліккендер біздің елде аз болған жоқ. Сан мыңдаған адамның тағдырына жара салған бұл кезеңді тарихта зұлмат-зобалаң жылдар деп текке атамайды. Қаймана қазақтың зиялы, оқыған-тоқығаны мол азаматтары атылды, асылды, қуғындалды. Сол жылдарда талай-талай қазақ отбасы көз жасына тұншықты, қасірет шекті. Бұл нәубет біздің әулетті де айналып өтпеді…
Сталиндік қуғын-сүргін саясатының құрбаны болып, жазықсыздан-жазықсыз «халық жауы» атанғандардың қатарында әкем Дүйсенғали Аманбайұлы да болды. Ол облысымыздың Т.Рысқұлов ауданы Сөгеті деген ауылында 1909 жылы 1 желтоқсанда дүниеге келген екен. Әкесі Аманбай өз заманының көзі ашық, зиялысы атанған, бай-бақуатты азамат болса керек. Бірақ Дүйсенғали ата-анасынан ерте айырылыпты. Анасы 1 жасында, әкесі 7 жасында қайтыс болып, жетім қалады. Жаутаңкөз жетім баланы немере ағайындары қолға алып, тәрбиелейді.
Кішкене күнінен зеректігімен, жадының мықтылығымен көзге түскен ақылды бала ауыл молдасынан ескіше хат танып, «Мұқтасарға» дейін оқып, білім алыпты. Сауатты жас жігіт 21 жасында Жамбыл облысындағы Түрксіб темір жолының құрылысын салуға қатысады.
1926-1931 жылдардағы КСРО-ның ірі құрылыстарының бірі Орталық Азия мен Сібірді қосатын Түрксіб темір жолының еліміз үшін маңызы аса зор болғаны, әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында майданның ірі арсеналына айналғаны тарихтан белгілі. Сол кезде даңқы жер жарып, бүкіл елге белгілі болған бұл үлкен құрылысты атқаруға 20 мыңдай адам қатыстырылыпты. Олар жанкештілікпен бел шешпей, күн-түн демей еңбек еткен. Осы темір жол құрылысының қарқынды жүруіне РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан құрылған Тұрар Рысқұлов жетекшілік ететін Түрксіб құрылысына жәрдемдесетін комитет көп еңбек сіңірген екен. Қазақтың біртуар азаматы, тарихи тұлғасы Тұрар Рысқұловпен атам Дүйсенғали Жамбыл облысындағы Шоқпар стансасында кездесіпті. Ол осы кездесуді ұмытпай, жадында сақтап, әңгімелеп отыратын…
1933 жылы әкеміз Дүйсенғали Сөгеті ауылдық Кеңесінің төрағасы болып сайланады. Ауылдың мұң-мұқтажын жақсы білген, іскер, көзі ашық азамат тізгінді қолға алысымен көпшілікке қамқор болып, шаруаны дөңгелетіп, елдің сый-құрметіне бөленеді. Бірақ, өмір болған соң домбыраның қос ішегіндей қуаныш пен қайғы, күнгей мен көлеңке, ақ пен қараның қатар жарысары заңды. Десек те, Дүйсенғали сынды еліне адал қызмет етіп жүрген парасатты азаматтың басына бір-ақ күнде қара бұлт үйіріледі деп кім ойлаған?! 1938 жылдың жаз айында Дүйсенғали Аманбайұлын «халық жауы» деген жалған жаламен ешбір тергеусіз, сотсыз 25 жылға Коми АССР-індегі Воркута қаласына жер аударып жібереді. Ол Воркутадағы жерасты шахтасында он сегіз жыл ауыр жұмыс істеп, көп бейнет көріпті. «Кебенек киген келеді» демекші, ақыры 1956 жылы ақталып, аман-есен елге келген екен. Қыдырқызы Әнешпен шаңырақ көтерді. Ата-анамыз екі қыз, төрт ұл көріп, тәрбиелеп, өсіріп, жеткізді.
Әкеміз 2001 жылы 92 жасында дүниеден өтті.

Нұрғали Дүйсенғалиұлы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support