БОЗДАҚТАР МӘҢГІ ЕСТЕ

БОЗДАҚТАР МӘҢГІ ЕСТЕ
ашық дереккөз
БОЗДАҚТАР МӘҢГІ ЕСТЕ

Қай қоғамның өмірінде де ұмытылмас қасіретті оқиғалар болады. Халқымыздың басына түскен сондай нәубеттердің бірі – ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы қанқұйлы зұлмат заман еді. Ел басына қара бұлт үйірілген сол бір жан түршігерлік кезеңде қаншама жазықсыз боздақ тоталитарлық жүйенің құрбанына айналып, атылды, асылды, түрмелердің тас қапастарында өмір мен өлім арасында шыбын жандары шырқырай арпалысты. Бірақ, өмір көші алға жылжыды, заман өзгерді. Алайда, бейкүнә халықты зар жылатқан сол бір қасіретті кезеңді халқымыз ұмытпақ емес. Қазақстанда репрессия негізінен 3 кезеңмен жүрді. Бірінші кезең байлар мүлкін тәркілеу, жер аудару, қуғын-сүргінге ұшырату 1928 жылдан басталды. Мұрағаттық мәліметтерге жүгінсек 1928 жылы 2 миллионға жуық бай шаруалар тәркіленіп, жер аударылған. Сталин мен оның қолшоқпары болған Голощекиннің осындай солақай саясаты қазақ жеріне жаппай ашаршылық әкеліп, соның зардабынан 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Екінші кезең жалпы қырғынға ұшырату кезеңі болды. Бұл 1937-1938 жылдары бухариншіл сатқындар мен герман-жапон шпиондарына қарсы күрес деген желеумен өтті. Міне, осы жылдары есімдері елге белгілі, жүрегі елім, халқым деп соққан көптеген қоғам қайраткерлері, солардың арасында ақын-жазушы ағаларымыз А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин және басқа да халқымыздың біртума ұлдары мен қарапайым жұмысшы шаруалар қырғынға ұшырады. Отызыншы жылғы Сталиндік режим революция жеңістеріне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген жаламен кешегі кеңестік кеңістіктегі 4 миллионға (жылына 125-130 мың) жуық адамды ату, тағы да басқа түрлі жазаларға тартқан. Мемлекеттік саясат тек бұлжытпай орындауға негізделіп, бұған қандай да бір қарсы келу жоғарыда атап кеткендей, қатаң жазаланып отырды. Керек десеңіз, өндірістегі кемшіліктер – бүлік шығару деп саналса, лауазымдық, міндеттерін тиісінше орындамау – революцияға қарсы көтерілу, ал мемлекет басшыларының атына айтылған пікірлер – жала жабу, бүлдіру әрекеттері деп қабылданды. Тіптен адамдарды тұрғылықты жерінен жер аударып жіберуге тұрмыстық жағдайларына байланысты мемлекеттік заемға жазылу мүмкіндігінің болмауы да себеп болған. Осы жылдары жазықсыз жала жабылып, саяси қуғынға ұшырап, құрбан болғандар санын тек қасиетті қара жер ғана тіл бітсе айтуы мүмкін. Өйткені бұл аса құпия жұмыстар қандықол «Екіліктің», «Үштіктің», «Айрықша кеңестің» басқаруымен жүргізілді.

Жамбылбек ШОҚЫБАС, журналист.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар