- Advertisement -

Өткенді қадірлеу – ұрпақ парызы

162

- Advertisement -

GE DIGITAL CAMERAДулат бабадан тарайтын Шымыр атаның Ташкенттегі кесенесіне барып, құран бағыштау облыс ақсақалдары үшін дәстүрге айналып келеді. Жылдағы дәстүрмен облысымыздан жүзге жуық делегат биыл да Ташкент шаһарына кіреберістегі «Шымыр баба» кесенесіне барып, баба рухына тағзым етті. 

Шымырдан тарайтын Бекболат, Темірболат, Шынқожа аталарды тарихтан жақсы білеміз. Иә, өткенді қадірлеу – ұрпақ парызы.
«Шымыр баба, шын мәнінде де, тарихи тұлға. Біз өткенімізді ұлықтайтын, ұмытпайтын халықпыз. Тарихқа бас иген жұрт бабалар рухына әрдайым тағзым ете береді. Бүгін Шымыр баба рухына құран бағыштап, ас беріп жатқан барлық игі жақсыларға алғысымыз шексіз», – деді қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді өз сөзін түйіндеп. Оңласын Есіркепов те өз пікірін, ойын, тиянақты жеткізе білді.

«Қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы кезінде өмір сүрген, өз заманының көрнекті қайраткері, әрі кемеңгері, Талас, Шу өзендері өңірлерінде, Ташкент, Сайрам қалаларында билік жүргізіп, ұлы бек атанған Шымыр батыр тарихта қалған тұлғалардың бірі. Бабамыздан тараған қолбасшы Қойгелді батыр, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды батырлар мен билер, мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққанын мақтанышпен айтамыз. Шымыр ата мазарының басында ұрпақтары бір қолдың саласындай жиналып, әруағына тағзым етіп, еске алу шарасын өткізу дәстүрге айналған. Шымыр бабаның Шынқожасының Марсымынан тарайтын Құттық ата ұрпақтары да бүгінде сол дәстүрді жалғастырып отыр.
Біз, Шымыр бабаның Жамбыл жеріндегі ұрпақтары кезінде Ташкент төріндегі осынау еңселі кесененің лайықты жаңғыртылуына атсалысқан едік. Оны баба рухы алдындағы перзенттік парызымыз деп ұқтық. Бүгінде сол игі істердің басы-қасында болған ағаларымыздың есімдерін атап өтпеске болмас. Марқұм Бақытяр Әбілдаұлы Шымыр атаның Ташкенттегі қабірін анықтауда, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Өзге де азаматтар Қозыке Бишімбаев, генерал Есен Демесінов, Елтай Мырзайұлы да өз қолдарынан келгенше тер төкті. Белгілі кәсіпкер, марқұм Рәтбек Олжабаев аянбай демеушілік жасады. Бүгінгі шараны атқарып отырған Құттық ата ұрпақтарына деген алғысымыз да шексіз» деді «Шымыр ата» қоғамдық кеңесінің облысымыздағы төрағасы Оңласын Есіркепов өз ойын қорытып.
Жалпы, бұл күнгі игі шараға Жамбыл облысынан бөлек, Алматы, Шымкент қалаларынан және өзге де шаһарлардан Шымыр атаның ұрпақтары көптеп жиналды. Әр өңірден келген меймандар рет-ретімен сөз алып, баба рухын ұлықтаған жұртшылыққа дән ризашылығын білдірді. Кесене маңын гүлмен көмкеріп, инфрақұрылымын қалыпты жағдайда ұстап отырғандарға ризашылығын білдіргендерде қисап болмады. Иә, өткенге құрмет жасау – ұрпақтар міндеті.

Табиғат Абаилдаев, 
«Ақ жол».

Тараз – Ташкент – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support