Еңбек ерінің көшесі елеусіз қалды

Еңбек ерінің көшесі елеусіз қалды
ашық дереккөз
Еңбек ерінің көшесі елеусіз қалды

Түйте пірімқұлов көшесіндегі жол қашан жөнделеді?

8 9Тараздың тотыдай таранып келе жатқаны қала тұрғындарын қуантуда. Әсіресе, 2013 жылы қайта бекітілген қаланың жаңа бас жоспары бойынша біраз инфрақұрылым ретке келтіріліп, әлі де болса бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр. Ал ел болып атап өткелі жатқан хандығымыздың 550 жылдығына дайындық аясында қалада көптеген қоғамдық нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Одан бөлек, қала билігі өз бюджеті есебінен 2015 жылы жалпы ұзындығы 46 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жоспарлаған. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 928 589,00 мың теңге қарастырған. Оған оннан аса көшелердің жөндеу жұмыстары көзделген. Міне, осылайша шамамен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөліп, жұмысқа бел шеше кіріскен Тараз әкімдігі биыл ауқымды жұмысты еңсергелі отыр. Жөндеу көретін көшелер негізінен қаланың орталығына жақын орналасқан. Қаланың орталығы демекші, Абай даңғылы мен Қонаев көшесінің қиылысқан нүктесінде еңселі ғимаратта «Нұрсая» қонақ үйі орналасқан. Ал сол қонақ үйдің тура қарама-қарсы бетінде Түйте Пірімқұлов атындағы көше жатыр. Екі көлік әрең сыятын тар көшенің ұзындығы да шамалы-ақ. Бұрын асфальті болған екен. Бірақ, жөндеу көрмегеніне көп уақыт өткенге ұқсайды. Әр жері бір ойылып кеткен. Қаланың қақ ортасында болса да бүгінгі жағдайы «бұл көше неге жөндеу көрмей жатыр екен?» деген ойға жетелейді. Таразды Қазақ хандығының 550 жылдық тойына дайындау мақсатында еліміздің әр облысы қаладағы аллея, саябақ, гүлзар сынды көнерген мәдени-көпшілік демалыс орындарын жаңарту, жаңасын жасау сынды жұмыстарға белсене кіріскенін жазып келеміз. Бұл игі бастамаға елдегі ұлттық компаниялар мен ірі мұнай компаниялары да тартылып жатыр. Оларға берілетін нысандар мен олардың шығындары да әлі анықталу үстінде. Жөндеуіне аса көп шығын кете қоямайтын шағын ғана Түйте Пірімқұлов көшесін қала билігі қамқорлығына алып, бір компанияға бекітсе жөн болар еді. Себебі, «Нұрсая» қонақ үйінен шығып, қала көшелерін жаяу аралап көргісі келген қонақтарға Тараздың қақ төріндегі бұл көшенің қазіргі күйін көрсету ұят.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар