Жемқорлыққа қарсы күрес ширай түсуі тиіс

Жемқорлыққа қарсы  күрес ширай түсуі тиіс
ашық дереккөз
Жемқорлыққа қарсы күрес ширай түсуі тиіс

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ә. Ахатаев пен облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Б. Жампозов Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылдың 11 қарашасындағы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржының аймақта игерілу барысы туралы есеп берді. Қоғамдық кеңестің төрағасы С. Сейдәзімов қысқаша сөз сөйлеп ашып, жүргізген басқосуға «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты ұйымдастыру-бақылау департаментінің үйлестірушісі Қ. Есмағамбетов қатысып отырды.

Есеп берушілердің баяндауынша «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасына сәйкес облыста 2020 жылға дейін барлық қаржыландыру көздері бойынша жобалық құны 78,4 миллиард теңгені құрайтын 2,8 миллион шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беру жоспарланыпты. Облыс бойынша бағдарламаны іске асыруға қажетті жер телімдері бөлініп қойылған. Әрі 2012-2020 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысын жүргізуге қажетті ұзақтығы 2,5 мың километр болатын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға әрқилы қаржыландыру көздерінен 39,5 миллиард теңге қаржы бөлу көзделініп отырған көрінеді. Ұзақ мерзімге арналған әлеуметтік бағдарлама шеңберінде өткен жылы 258,1 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, жоспарды жүз пайыз орындау қамтамасыз етіліпті. Тұрғын үйлерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтуға 1 633,9 миллион теңге бөлініп толық игерілген. Ал ағымдағы жылы аумақта барлық қаржыландыру көздері бойынша 259,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Соның ішінде үш нысанды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 466 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Сондай-ақ, 2011-2020 жылдар аралығына арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында 2011 жылы өңірде екі тетік бойынша 33 тұрғын үйге, 2012 жылы — 74, 2013 жылы — 5, 2014 жылы 37 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл Тараз және Шу қалаларындағы 31 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 746 миллион 788 мың теңге қаржы бөлінген көрінеді. Нақтылы кезеңде аталған қалалардағы көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары басталып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімдігінің екі бірдей басқармасы басшылары орынбасарларының күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында берген есептеріне қатысты кеңес мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар туындап, тиісті жауаптар алынды. Әйтсе де кеңес отырысына қатысып отырған «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты ұйымдастыру-бақылау департаментінің үйлестірушісі Қ. Есмағамбетов есеп берудің біржақты өтіп жатқандығына, нақтылы талдаудың жетіспей тұрғандығына кеңес мүшелерінің назарын аударды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе — «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» бойынша ауданда атқарылған жұмыстардың барысы туралы Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Б. Есеевтің есебі тыңдалып, талқыланды. Есеп бойынша пікір білдіргендердің арасынан қоғамдық кеңестің мүшесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Жаңару» жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Қ. Төлендиев мәселеге сын тұрғысынан келіп, Мойынқұм ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлық құқық бұзушылық әрекеттерге барушылар санының алаңдатарлықтай деңгейге жеткенін, тек ағымдағы жылдың бастапқы төрт айында ғана 2 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлық сипатындағы 3 қылмыстық істің әшкереленгендігін, құқық бұзушылардың арасында аудан әкімі аппаратының жауапты қызметкерлерінің барлығын ашып айтып, аудан әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі комиссия мен қоғамдық ұйымдардың жемқорлықпен күресті ширата түскендері жөн болатындығын атап көрсетті. Қоғамдық кеңес отырысында «Нұр Отан» партиясының Байзақ, Талас, Т. Рысқұлов аудандық филиалдары жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы қоғамдық кеңестердің төрағалары: Р.Сарсенов, Д. Нұрбалтаев және З. Иманбаевтың хабарламалары тыңдалды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Сапарғали Әлібай,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар