- Advertisement -

Өзі өтсе де, өнегесі қалды

77

- Advertisement -

Менің атам Патшабек соғыс ардагері және бірінші топтағы мүгедек еді. Оның шешесі, яғни, әжем Бағжан дүниеден өткенде жиналған кісінің көптігінен жер қайысқандай. Атам Патшабек пен Омарқұл өмірден озған кезде де солай болды. Бір әулеттің екі бәйтерегі бірдей құлап, жапырағын жел ұшырғанда жанымыз күздің күніндей жабырқап қалған еді. Қазір ойлап отырсам, бір әулетті бір елге айналдырып кеткен осы екеуінің бойындағы бауырмалдық қасиет бізге үлгі-өнеге болып қалуы керек екен ғой. 

…Әкем жол бойы жақ ашпады. Құлазып жатқан далаға қарады да отырды. Бір мезетте жол шетіндегі жас сексеуілге қарап: «енді бірер жылда бұл да сынар» деді. Тұспалдап сөйлеу – жасы үлкен кісілердің әдеті ғой. Бұдан кейін ләм-мим демеді. Тек анда-санда немересіне мейірімін төге қарайды. Осы жолы бір ақиқатқа көзім жетті. Әулеттің дағдысы – бір-бірін үнсіз сүйеді екен. Жақсы көргенін сырт көзге аса бір сездіруге пейілді емес. Қайсысы қай қиырда жүрсе де тілеуін іштей тілеп, көп жылдардан соң көрісіп, ұшыраса қалса аса жікжапар болмай, сырттай сүйсініп, іші-бауыры елжіреп тұрады.
Өмір өтеді, өнеге қалады. Бірде сырқаттанып жүрген Патшабек атама ұлы жылы көйлек алып береді. Көйлекті киіп алған атамыз сәлден соң ұлына: «Осындай көйлек Домаққа да керек еді, кеуде тұсы жылы жүрер еді. Ол жиі жөтеледі ғой» депті. Осы бір бауырмалдыққа жаным сүйсініп жүргенде атамыздан айырылып қалдық. Осы бір қамқор сөз жылдар өтсе де әлгі ұлы екеумізге арналып айтылғандай көрінеді де тұрады.
Ауылға барып, туған топырақты басқан сайын осы қос бәйтеректі ойға аламын. «Арғымақ аттың баласы аз оттап, көп жусайды, хан төренің баласы аз айтып, көп тыңдайды» демеуші ме еді қазақ. Ендеше, сол кісілерде көп тыңдайтын қасиеттің бар екенін әкеммен жолға шыққанда тағы бір мәрте көз жеткізгендеймін.
Бірде әкемді ауруханаға жатқызып, керек-жарағын алып бардым. Ауылдың шұбатындай болмаса да, қаланың айраны мен сүтін де молырақ алдым. Әкем ағарғанға қарап отырды да: «Патшабек өмірден өтер соңғы сәтінде бір кесе сүт сұратып ішіп еді» деді.
Кең дүниеден есем кеткендей көз алсамшы. Патшабек атамның сүйікті асы болған сүтті есіме аламын. Бәлкім, атам су сұраса сүт берген шешесі Бағжанды сағынған болар. Біздің өміріміз – өмірден өткен бабаларымызды сағынудан тұратын секілді.
Қазірде анамыз Ұлтай мен шешем Сәнді отын тұтатқан шаңырақта туылған 16 баладан туылған үрім-бұтақ елдің түкпір-түкпірінде тұрып жатыр. Бәріміз де ардагер атамыз Патшабекті мақтанышпен еске аламыз. Ол 1940 жылы Талас ауданының Үшарал ауылынан әскер қатарына алынып, алғаш Белоруссияға табан тіреген. Содан кейін Сталинград, Польша жерінде болған қиян-кескі ұрыстарға қатысып, Берлиннен бір-ақ шыққан. Әскерден 1946 жылы оралған оның ерлігінің айқын дәлелі ретінде омырауында І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері мен Сталинградты, Польшаны азат еткені үшін көптеген медальдар жарқырап жүретін. Елге келген соң туған ауылы Үшаралдағы мал фермасында аянбай еңбек етіп, меңгеруші болған ол 1978 жылы дүниеден өтті.

Баласы Төлеген ОМАРҚҰЛҰЛЫ.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support