Сталинградты қорғаған

Сталинградты  қорғаған
ашық дереккөз
Сталинградты қорғаған

9 мамыр жақындаған сайын өзгеше бір күйге түсем. Жиі-жиі өткенге көз жүгіртіп, әкемді еске аламын. Бұл күнді ерекше қастер тұтамын. Осы күні әкем өмірге қайта келгендей секілді бір беймаза сезімге бөленемін. Мұндай жайт соғыс жылдарында туылған әрбір балаға таныс болса керек. Менің әкем Сталинградты қорғаған. Бала кезімде осылай мақтанатынмын. Әсіресе, тарих пәнінен Сталинград шайқасы туралы тақырыпты өткенде балаң көңілден туған сезімім әкені қадірлеу, қастерлеуге ұласты. Себебі, майдандағы қанды қырғын қасіретін мен сол кезде-ақ анық ұқтым.

Әкем Әбен соғыс жайлы былай деп сыр шертетін: «...Ешқандай шегініс болмасын!» деген 64-армияның қолбасшысы Шумиловтың қатаң бұйрығын арба айдап, тамақ тасығандар да бұлжытпай орындады. Ал қорғаныс шебін ұстап тұрған 73-атқыштар дивизиясы үлкен шығынға ұшырап жатса да, әскери тапсырмаға берік болды. Алматыда құрылған осынау дивизияның аты аңызға айнала бастаған, жау қолы Сталинград майданын жан-жақтан қысып, аждаһадай бар заһарын төгіп тұрған кез болатын. Дивизияны басқарған Ғани Бекенұлы Сафиуллин нағыз қаһармандықтың үлгісін көрсетті ғой сонда. Оның жауынгерлері жауға қарсы қиян-кескі ұрыс салды. Фашистер қолын ойсыратып, қас дұшпанға қан құстырып, жер жастандырды. Тағы бір тайталаста немістердің 279-атқыштар дивизиясын штабымен қоса және генерал фон Дебберді қолға түсірді. Олардың бұл ерлігі басқа жауынгерлерді рухтандырып, жеңіске жігерлендірді. Дивизия жолындағы жауды жапырып, алға жылжи берді. Фашистердің 14 танк корпусының да быт-шытын шығарды». Әкем сол ұрыстарда өздерінің жаудың қанша офицері мен солдатын өлтіріп, қару-жарағының қаншасын жойып жібергенін айтып отыратын. Кейін орталық мұрағаттағы деректерден дивизия жауынгерлерінің 15676 неміс солдатын жер жастандырып, 29 самолетін, 60 танкісін, 39 штурмандық қаруын, 90 брондытранспортері мен машинасын, 4265 автоматын қолға түсіргенін оқып, олардың ерлік істері тарих парақтарында қатталғанына қуандым. 73 дивизияның осы ерліктері лайықты бағаланды да. 36 жауынгерге (біреуіне 2 мәрте) Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Кейбір наградалар кейін, бертінде өз иелерін тауып жатты. Әкеміз дивизия командирі Ғани Сафиуллин жайлы көп әңгімелейтін. Соғыстың өзінде солақай саясаттың үстемдік құрғанына, командирдің ерлігі елеусіз қалғанына налып отыратын. Оның әскери тактикаларды жетік меңгерген ерекше жан болғанын, қаһармандығы мен шеберлігі жымдасып тұратынын, шұғыл шешім қабылдай алатындығымен дараланатынын айтатын. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген. Әкем соғыстан дін-аман келді. Ол сондай сұрапыл майданнан сау-саламат елге оралғанын үлкен олжа санайтын. «Сол бір сәт есімнен кетпейді. Ойыма қайта-қайта орала береді. Қақаған аяз, қыс кезі. Төбемізден зуылдаған оқ бас көтертпейді. Бір топ қазақ жігіттері окоп ішінде жатырмыз. Аспан асты қара түнек түтін. Бізге берілген тапсырма – қалайда бекіністі ұстап қалу, жауды қаладан шығармау. Осыны ойлап, әрқайсымыз қаруымызды қыса түсеміз. Бір кезде айналаға тыныштық орнағандай, жым-жырт бола қалды. Өң мен түстің арасындай уақытта окопқа бомба түсіп, жарылды. Көз алдымда жаңа ғана өзара қалжың айтып отырған жігіттердің біразы қырылып қалды. Есімді жисам, топыраққа көміліп қалыппын. Ыңырсыған дауыстарды естіп, аман екенімді түсіндім. Осыдан кейін тағдыр дегеннің болатынына көзім жетті. 150 солдаттан 4-ақ адам тірі қалыппыз», – дейтін әкем күрсініп. Әрбір үй, әрбір көше үшін өліспей беріспеген шайқастарымен батырлықтың үлгісіндей болған Сталинград шайқасы 1943 жылдың екінші ақпанында Кеңес Қарулы Күштерінің жеңісімен аяқталғаны тарихтан белгілі. Оған кезінде Ұлы Отан соғысының ең шешуші кезеңі болды деген баға берілді. Еділ өзенінің бойындағы қала үшін шайқас алты жарым айға созылды, жүз мың шаршы шақырым аумақты қамтыды. Екі миллионнан астам солдат Сталинград үшін кеудесін оққа тосып, ұрысқа қатысты. 26 мың зеңбірек пен миномет, екі мыңдай танк пайдаланылды. Кеңес Одағының 1 миллионнан артық жауынгері көз жұмды. Әкем осы сұрапыл шайқасқа бастан-аяқ қатысты. Сталинградты қорғаудағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» тағы басқа 16 медальмен марапатталды. Даңқты дивизияның құрамында атақты қарулас достарымен бірге шайқасып, есімі еліне елеулі болды. 1946 жылы елге оралған соң мұғалімдік қызметін қайта жалғастырды. Абай атындағы педагогикалық институттың (қазір университет) математика және физика факультетін сырттай оқып бітірді. Педагог мамандардың жетіспеушілігінен, төрт-бес пәннен сабақ бере жүріп, көпшілікті жұмылдырып, Қызылқыстақ мектебінің іргесін қалап, қабырғасын тұрғызды. Қызылқыстақ ауылында соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңге қарамастан ауыл мектебінің білім сапасын көтеріп, білікті басшы бола білді. Ел-жұрты оның еңбегін жоғары бағалады. Білім саласына сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» ордені берілгені, «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының озық тәлімгері» атанғаны – осы сөзіміздің айғағы. Кезінде гвардияшыл жауынгерлер Әбен Шотаев еңбек еткен Меркі ауданы Қызылқыстау ауылындағы мектепке есімін беру туралы мәселе де көтерген. Ол білікті математик, шебер ұйымдастырушы ғана емес, жиған тәжірибесін өзгеге өнеге еткен тәлімгер де еді. Оның әр жылдарда жазған мақалалары мен педагогикалық оқу-әдістемелік нұсқаулықтары кейін жинақ болып басылды. Біраз уақыт кәсіптік-техникалық училищеде директордың орынбасары болып жұмыс істеді. Әкеміз Әбен өмірден озғанша тектілік қасиетін жоғалтқан емес. Тәрбиелеп өсірген он бір ұл-қызының ақылшысы болды. Бүгінде сол ұл-қыздарынан жиырма алты немере, төрт шөбере тараған. Әке өнегесі шығар, біразымыз академик, ғалым, жазушы, заңгер, мемлекет қайраткері атандық. Кейінгілер де алдыңғыларға қарап өсіп келеді.

Мейрамхан Шотаев, «Бәйтерек-Самұрық» корпорациясының президенті, PhD профессоры.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар