- Advertisement -

Жиырма жеті кәсіпорынға жаңғырту қажет

22

- Advertisement -

Өңірде кәсіпкерлік нысандарын модернизациялау мен оларға инвестиция тарту бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, шағын кәсіпкерлікті дамытып, орта кәсіпкерлік нысандарына айналдыру басты мақсаттың бірі болып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баспасөз мәслихатында айтты.

Оның айтуынша, облыстың өнеркәсіп саласында бүгінде 859 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорындарда өткен жылы 847,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Аталған салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі 72 пайыздық үлеспен басымдыққа ие. Ал келесі кезекті тау-кен өндірісі, электрмен жабдықтау салалары алып отыр. Сонымен қатар, басқарма басшысы өңірде орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстардың жоспарланып отырғандығын жеткізді.

– Орта кәсіпкерлік нысандарын әр жыл сайын 10 пайыздан арттыру көзделіп отыр. Бұл алдағы үш жылға жоспарланған жұмыстар тізбегі. Сонда 2026 жылға қарай облыста кәсіпкерлер саны 150-ге көбейіп, жалпы сомасы 300 миллиард теңгені құрайтын өнім алуды жоспарлаудамыз. Оған әлеуетіміз бен мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Жақында нан бағасының өсуіне себепкер болған дотациялық ұн беруді тоқтату шешімі де осыған байланысты. Яғни, мұнда шағын кәсіпкерлік нысандарын еркін нарыққа шығарып, наубайханалардың дамуына жол ашу мақсаты орындалып отыр, – деді Аспандияр Сейсебаев.

Сондай-ақ, ол облыс аумағында 27 кәсіпорынның модернизациялау қажеттілігі туындап отырғандығын жеткізді. Айтуынша, аталған өндіріс ошақтарының қатты тозығы жеткен.

– Бүгінде өңірде 27 кәсіпкерлік нысанның қатты тозығы жеткен. Олардың ішінде экономикалық маңызы жоғары саналатын «Тараз қант зауыты» мен «Меркі сүт зауыты» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Жалпы, осындай сипаттағы бірқатар өндіріс орындары кезең-кезеңімен модернизациядан өтетін болады, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, сала жауаптысы облыста іске асатын барлық инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, өңірде бос немесе игерілмей отырған кен орындарын заманауи, озық технологияларды енгізетін, сапасы жоғары өнімдер шығаруға ниетті компанияларға ұсыну бойынша жұмыстар одан әрі жалғасын табатындығын жеткізді.

Жиын соңында басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарға жауап берді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support