Су тасқынына дайындық айлығы

Су тасқынына дайындық айлығы
ашық дереккөз
Су тасқынына дайындық айлығы
Еліміздің барлық өңірлерінде көктемгі су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу мақсатында «Су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы» басталды. Осыған орай 8-9 ақпан аралығында, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін жетілдіру, басқару органдарын, күштер мен құралдарды алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында, «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығуға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, облыстық, қалалық және аудандық азаматтық қорғау қызметтері, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, ішкі істер және ұлттық ұланның әскери бөлімінен жедел топтар тартылып, су тасқынына дайындық барысы тексерілді. Шара барысында ел өңірлерінде электр сиреналарын іске қоса отырып, құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізілді. Бұл тұрғындар арасында «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру сигналына ден қою тәртібін дағдыландыру мақсатында өткізілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қар шығару, арық-дренаждық жүйелер мен су өткізу құрылыстарын тазарту бойынша іс-шаралар жүргізуде. Сондай-ақ, елді мекендер бойынша рейдтер, су тасқыны кезіндегі іс-қимыл ережелерімен танысу бойынша халықпен жиындар өткізу жұмыстары жүзеге асырылуда. Осыған орай, ТЖМ азаматтардан айлыққа белсенді қатысуды сұрайды және су тасқыны қауіпін болдырмау мақсатында аулалардан қар шығаруды ұйымдастыру, сондай-ақ арық және дренаж жүйелеріне қоқыс тастамау қажеттігін ескертеді.«Қазгидромет» РМК-нің алдын ала болжамына сәйкес, еліміздің көптеген өңірлерінде ақпан айында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжануда. Сондықтан су тасқыны кезеңіне дайындық барысында қауіпті елді мекендер мен тұрғын үйлерді қорғауды қамтитын 800-ден астам су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталды. Бұдан бөлек, өзен арналарының жағалауын нығайту, түзету, түбін тереңдету және тазарту, елді мекендердің айналасына қорғаныс бөгеттерін салу, автомобиль және теміржолдардың астындағы су өткізгіш каналдар мен құрылыстарды тазарту, қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Айлық барысында гидротехникалық құрылыстарды, нөсерлі кәріз жүйелерін, арық-дренаж жүйелерін салу және жөндеу, жергілікті хабарлау жүйелерін орнату және автожол учаскелеріндегі көпірлерді жаңарту жүзеге асырылмақ.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар