- Advertisement -

Жылыжайдың жайы талқыланды

32

- Advertisement -

Соңғы жылдары болған қуаңшылық ағын судың да сұрауы барын ұғындырғандай. Бүгінде шаруашылық саласын зерттеп жүрген ғалымдар ағын суды үнемдеп қолданудың жолдарын іздестіріп, шаруа қожалықтарға оны ысырапсыз пайдалану мен шөлге төзімді егін егуге бейімделу керегін айтып жүр. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, халықты қыс мезгілінде де көкөніспен қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамыту да бүгінде өзекті болып отыр. Шаруаларға тәжірибеде сыналған әдіс-тәсілдерді тарату мақсатында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы жақында ғана «Су үнемдеу технологиялары, жылыжай кешендерін орналастыру және көкөніс өнімдерін өндіруді дамыту» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырды.

Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының жылыжай кешенінде өткен іс-шарада шаруашылықта өнімділікті арттыруға қажетті кеңестер айтылды.

Семинар-кеңесті облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов жүргізіп, өңірдегі жылыжай шаруашылығына тоқталды.

– Облыстың ішкі тұтынымын қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласы мен аудандар аумағында бүгінде 29 жылыжай жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 24,6 гектар алқапқа орналастырылған жылыжайдан 2102,8 тонна өнім жиналды. Қазіргі уақытта облыста орналасқан барлық жылыжайлар көлемі облыс тұрғындарының 10 пайызын маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Тұрғындарды толық қамтамасыз ету үшін қосымша 50 гектар алқапқа жылыжай салу қажет. Бұл бағытта атқарылуы тиіс жұмыстар жетерлік. Сондықтан жылыжайдың өнімділігін арттыру тәсілдерін түсіндіріп, озық тәжірибемен бөлісу үшін семинар ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап жылыжай өнімдерін өндірген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан фермерлік жылыжайларға 3 пен 5 миллион теңге көлемінде субсидия төленеді. Қойылатын талапта 1 шаршы метрдегі өскіні 95 пайыздан кем болмауы керек деп көрсетілген, – деді Шәкір Момынқұлов.

Айта кетейік, семинар өткізілген Тараз инновациялық институтының жылыжай кешенінде қос бөліктен құралған төрт бөлім жылыжайда алуан түрлі ағаштар мен өсімдіктер өсірілуде. Олармен таныстырған институттың Жаратылыстану факультеті биология және ауылшаруашылық мамандықтары кафедрасының доценті Қуандық Сейтбаев мұнда біздің елде кездеспейтін жемістер мен дәмдеуіштер де барын айтты.

– Бұл агробиологиялық ғылыми зерттеу орталығында төрт жылыжай кешенінде тропикалық, субтропикалық және дәмдеуіш өсімдіктер интродукция жасалған. Мұндағы негізгі мақсат – студенттерді өндірістік, кәсіби практикадан агробиологиялық дағдылардан өткізу. Яғни, бұл жылыжай кешені коммерциялық бағытта емес, студенттерді іс тәжірибе түрінде кәсіби дағдыландыру үшін қолданылады. Сондай-ақ, мұнда магистранттар ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Кафедрамызда агорономия, агрономия-экология, өсімдіктерді қорғау және карантин мамандықтары оқытылады. Бұл орын еліміздің оңтүстік өңіріндегі ең инновациялық жылыжай кешені болып табылады. Бұл жерде электр энергиясын үнемдеу мақсатында күн батареясымен жылытылады және заманауи цифрландырылған басқару жүйесі пайдаланылады. Сонымен қатар, инновациялық технологиялардың жаңа әдістері, яғни тамшылатып суғару, жылыжай кешендерінде ылғалдылықты сақтау тәсілдері қолданылады. Ішіндегі температураны реттеу үшін барлығы компьютермен басқарылады. Бұл кешеннің тағы бір ерекшелігі жылыту жүйесі еден астынан өткізіледі, әрине үстінен де жылытылады. Бұл жылыжай кешендерінің конструкциясын жасаған кезде Жамбыл облысында секундына 30-38 метрге дейін соғатын желдің екпіні ескерілген, – дейді Қуандық Жұмабайұлы.

Өткен жылғы наурыз айында тропикалық-субтропикалық ағаштар отырғызылған. Атап айтқанда, банан, апельсин, лимон, мандарин, грейпфрут, інжір ағашының бірнеше түрлері және кофе ағашы интродукцияланып, осы жердің топырағына бейімдендіріліпті. Яғни, мұнда оңтүстік өңірде жоқ азиялық тропикалық ағаштарды бейімдеп, содан соң өндіріске енгізу мақсаты көзделген.

Агробиологиялық зерттеу орталығында жүзім коллекциясы да бар. Соның ішінде біздің облыста қыста көмілмейтін екі сорты қамтылған. Оны да институт ізденушілері өндіріске дайындап, келесі жылы көшетін әзірлейміз деп отыр. Тағы бір бұл орталықтағы ерекшелік – аналық бақтың жасалғаны. Онда қысқа бойлы жеміс ағаштарын өндірістік мақсатта өсіру көзделген. Сонымен қатар, осы орталықта студенттерге арналған жатақхана да салынған. Оларды өз мамандықтарына кәсібилендіру үшін аквакультура, топырақтану лабораториялары да салынған.

– Жақында ғана Өзбекстан Республикасының, Қарақалпақстан ауыл шаруашылығы агротехникалық институтының академиялық іс бойынша агрономиялық мамандықтарынан екі студент бізге келді. Олар біздің студенттермен бірге оқу барысына қатысады. Осындағы инновациялық тәжірибелерді игеріп, өз елдеріне енгізеді. Студенттердің осы саладағы кәсіпті барынша меңгеруіне қажетті барлық жабдықтар қамтамасыз етілген. Мысалы, ауылшаруашылық машиналары, механизмдері, жер жыртатын техника, агрегаттар, барлығы бар. «Карантин және өсімдікті қорғау» білім бағдарламасы студенттері үшін осы жерде әртүрлі зиянкестерді, ауруларды зерттеп, лабораторияда анықтайтын мүмкіндіктер де қарастырылған, – дейді доцент Қуандық Сейтбаев.

Семинар барысында шаруаларға су үнемдеу мақсатында қолданылатын жаңбырлатып суғару технологияларын орнату қызметін көрсету жолдарын «BNK Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Ниязалы Бейсенбаев таныстырды. Көкөніс өнімдерін өндіруді дамыту әдістерін «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Темірхан Айтбаев жеткізді. Ал, ауыл шаруашылығы техникаларын алуға бағытталған бағдарламалар мен қолдаулар туралы «Агро Кредиттік корпорациясы» акционерлік қоғамының өкілі Нұрғали Сейтбеков баяндады.

Жиын соңында диқандар көкейдегі сауалдарын қойып, тиісінше кеңес алды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Суреттерді түсірген Юрий КИМ.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support