«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қырдағы еңбек қызған шақ

Қырдағы еңбек қызған шақ
Ашық дереккөз
Қазақстан – өз бидайын шетелге экспортқа шығарып отырған әлемдегі астық өндіруші ең ірі 15 елдің бірі. Астығымыз әлемнің 70 еліне экспортталады. Солтүстік өңірдегі дихандар өз өнімдерін кәрі құрлық мемлекеттеріне жөнелтсе, оңтүстік аймақтағы біздің шаруалар ақ егіспен Орта Азия мемлекеттерін қамтамасыз етіп отыр. Ал, Т.Рысқұлов ауданының шаруалары «Биыл бидай бітік шықты» деп қуануда. Орта есеппен алғанда олар әр гектардан 15-20 центнерден өнім жинауда. Дихандар бұған ауа райының қолайлы болуын да алға тартып отыр.

Егін шаруашылығының жағдайын білу үшін аудан әкімі Ернар Есіркепов бірқатар шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, егіс алқаптарын аралады. Дихандармен тілдесіп, олардың атқарып жатқан жұмыстары барысында кездескен мәселелерге де мән берді.

Сапар барысында аудан әкімі «Қайқы», «Шәушен» сынды ірі шаруа қожалықтарын аралап көрді. Онда шаруалармен пікір алмасып, тұқымдардың сапасына, техникаларды жаңарту ісіне, жерді тыңайту және жеңілдетілген жанар-жағармайға қол жеткізу жолдарын түсіндірді. Айта кету керек, биыл аудандық шаруаларға өңірлік таратушы оператор дизель отынының әр литрін 245 теңгеден таратқан.

Бүгінгі күнге дейін шаруалар жалпы егіс алқабының 28200 гектарын орып, 42486 тонна өнім жинап үлгерген. Ору науқанына 160 комбайн, әртүрлі маркадағы 80 трактор, 169 автокөлік және 22 су таситын көлік қатысуда. Күннің аптап ыстығына байланысты өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары да қарастырылыпты.

Соңғы жылдары агросала айтарлықтай өзгеріске ұшырауда. Шаруалар заман талабына сәйкес әрекет етіп, салаға заманауи технологияны енгізу – жұмыс күшін жеңілдетіп қана қоймай, жиылған өнімнің де сапасын жақсартатынын ұққандай. Солардың бірі – «Атамекен Өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш серіктестік су үнемдеу технологиясын сәтті пайдаланып, 60 гектар алқапқа пияз, 50 гектарға қант қызылшасын егіпті.

Шаруалардың жұмысымен толық танысқан аудан басшысы ауа райының қолайлы сәтінде астықтан шашау шығармай, қамбаға түгел жинап алу үшін қарқын қосу керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.

 

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

«Құлан медиа орталығының» директоры

Ұқсас жаңалықтар