- Advertisement -

Өңірдің инвестициялық ахуалы талқыланды

23

- Advertisement -

Облыста жүзеге асырылып жатқан  инвестициялық процесс әлеуметтік- экономикалық дамуымыздың негізгі алғышартына айналып, өңірдегі реформаларды табысты іске асырудың басты себебі болып отыр. Осы орайда, Amanat партиясының Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңес отырысында Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңірлік Жол картасы аясында 2024 жылы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды.

Кеңестің кезекті отырысына Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров пен бейнебайланыс арқылы партия аудандық филиалдарының төрағалары және аудан әкімінің сала бойынша орынбасарлары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек баяндама жасады.

Аймақ басшысының орынбасары өткен жылы өңірде 75,6 миллиард теңгеге 13 жоба іске асырылып, 550 жаңа жұмыс орындары ашылғанын жеткізді. Ал, биылғы жылы құны 186,5 миллиард теңгені құрайтын 28 жоба іске асырылып, 1 374 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отырғанын да атап өтті. – Жалпы, облысқа инвестиция тарту үшін инвестициялық жобалардың үлесі өте жоғары. Облысымызда 2023-2026 жылдар аралығында құны 2,3 триллион теңгені құрайтын 69 инвестициялық жобалар базасы бар. Оның ішінде құны 1,6 триллион теңгені құрайтын 12 шетелдік инвестициялық жобалар кіреді. 2023 жылы бұл жобалардың ішінен 75,6 миллиард теңгеге 13 жоба іске асырылып, 550 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылы құны 186,5 миллиард теңгені құрайтын 28 жоба іске асырылып, 1374 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда. Бұл жобалардың ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен «МРП Аса – Отан пауэр» ЖШС – күн электр станциясын салу жобасы, құны 7 миллиард теңгені құрайды, «Корцем» ЖШС – цемент өндіру жобасы, құны – 50 миллиард теңге, «Шағала Майнинг» ЖШС – мыс кенін өндіру жобасы, құны – 29,5 миллиард теңге, «Каратау Кемикалс» ЖШС – пиросульфит натрий өндіру жобасы, құны – 3,2 миллиард теңге, «Каз Ир Агро» ЖШС – сафлор майын өндіру бойынша зауытын кеңейту, құны 800 миллион теңге болады, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Бұдан бөлек, аграрлық аймақ саналатын облысымызда ауыл шаруашылығы саласында бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2023 жылы 9,1 миллиард теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 165 жұмыс орны құрылған. Ағымдағы жылы бұл бағытта жалпы құны 48,8 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 693 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде.

Сондай-ақ, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов өткен жылы өңірде «ZHEIF–2023» халықаралық инвестициялық форумы өткенін айтып, алқалы жиынның нәтижесін назарға алды. Ол бойынша, аймақ басшысының орынбасары қазіргі таңда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында тиісті жұмыстар жүргізіліп, алдағы уақытта ірі инвесторлармен келіссөздер жасасу жоспарланып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, облыс орталығындағы ең басты мәселе – сарқынды суды шығару. Бұл бағыттағы ілкімді істер қолға алына бастағанын да айта кеткен жөн. Қазіргі таңда, қаладан тәулігіне 64 мың текше метр сарқынды су шығатын болса, жауапты мамандар 100 мың текше метр суға арналған жобаны да әзірлеп қойған. Бастысы, бұл бағыттағы сең қозғалды.

Өз сөзінде Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров өткен жылы өңірде небары 550 ғана жаңа жұмыс орны құрылғанын сынға алып, инвесторлардың мүмкіндігін барынша пайдалану қажеттігіне тоқталды. Өңірімізде инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы индустриалдық аймақтар жеткілікті. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар өңіріміздің өркендеуіне үлес қосатын ірі және жаңа салаларды дамытатын инвесторларды тарту жұмыстарын күшейтуі қажет.

 

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support