Сенаторлар – Сарысу жерінде

Сенаторлар – Сарысу жерінде
ашық дереккөз
Сенаторлар – Сарысу жерінде
Депутаттардың ел аралап, халықпен кездесулері облысымызда өз жалғасын табуда. Кеше Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаев Сарысу ауданында болып, бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысып, сала мамандарымен кездесу өткізді. Сенатор әуелі аудандағы ірі инвестицияның бірі, кальцийлендірілген сода шығаратын «Қазсода» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. – Депутаттық сапарымды облысымыздың орталығынан шалғай орналасқан Сарысу ауданынан бастадым. Табиғаты қатал болғанымен, халқы еңбекқор Сарысу ауданында атқарылып жатқан бірқатар ілкімді істерге куә болып, жергілікті ел ағаларының да ұсыныс-пікірлеріне зейін аударған едім. Бұл сапарымда Сарысу ауданындағы жылдық қуаты 400 мың тонна кальций қосылған сода өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстарын көрдім. Бүгінде зауыттың іргесі қаланған, ауыз су желісі тартылған. Наурыз айынан бастап құрылыс жұмыстары қайта жанданбақ. Оған тартылған инвестиция көлемі 400 миллион долларды құраған. Инвестор алда 1000 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтуды жоспарлап отыр екен. Сондай-ақ, мұнда жұмысшыларға арнап баспана да салынуда, – дейді сенатор. Компания өкілдерінің айтуынша, мұнда күлді сода өндірісінің экологиялық таза түрін өндіретін зауытқа электр энергиясы тартылған. Бұл жұмыстар жергілікті әкімдік тарапынан атқарылуда екен. Зауыт басшылығы зауыт жұмысына бүгінде газ желісі және шикізат тасымалдауға теміржол торабы қажеттігінің маңыздылығын атап өтті. «Өздеріңізге белгілі инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, инвесторларға қолдау көрсету ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың Жолдауларында айтқан міндеттердің бірі. Біз бұл талап-тілекті орындау үшін жұмыс жасайтын боламыз», деді Сәкен Арубаев инвесторлармен болған кездесуде. Бұдан кейін Сәкен Қаланұлы «Сарысу аудандық ветеринариялық станциясы» кәсіпорнының жұмысымен танысып, ветеринар мамандармен кездесті. Сала қызметкерлері жалақының төмендігін, құрал-жабдықтар мен зертханадағы қондырғылардың ескіруін, заман талабына сай еместігін жеткізді. Олардың жұмысына қаныққан сенатор, «нәтижелі жұмыс талап ету үшін сала қызметкерлерінің жағдайын жасау керекпіз» деп ойын түйіндеді. Сөйтіп, депутат бұл мәселе бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдайтындығын айтты.  Сондай-ақ, 1975 жылы салынған Сарысу ауданындағы «Ынталы» су қоймасында болып, ауыл тұрғындарының ұсынысын да тыңдаған еді. Мұндағы су қоймасындағы су көлемі 30 миллион текше метрді құрайды. Оның суын аудандағы екі жүзге жуық шаруа қожалығы пайдаланып, егістіктерін ылғалдандыруда. Аудан басшылығының айтуынша, бүгінгі таңда аталған су қоймасының көлемін кеңейту, қайта жарақтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. – Халықпен кездесу барысында халықтың мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын тыңдап, олардың көтерген мәселелерімен  таныстым. Сондай-ақ, «Ынталы» су қоймасына байланысты болған жиында ауыл қариялары қойманың мүмкіншілігін барынша пайдалану, шаруалардың егістігіне баратын каналды кеңейту секілді бірқатар ұсыныстарын алға тартты. Көпшілік көтерген әрбір мәселе бойынша зерделеу жүргізіп, депутаттық сауал жолдайтын боламын, – дейді Сәкен Арубаев.

***

Сарысу ауданында сонымен қатар Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен болып, бірнеше нысанның жұмысымен танысты. Сенатор әуелі аудандық орталық аурухананы аралап көрді. 1969 жылы пайдалануға берілген ғимараттың жағдайымен жан-жақты танысты. Аурухана жұмысымен депутатты аудандық орталық аурухананың бас дәрігері А.Каликова таныстырды. Ол өз кезегінде жаңа аурухана салу үшін тиісті құжаттар дайындалу үстінде екенін жеткізді. Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы Жаңатас қалалық орталық жылыту қазандығында болып, мекеменің жұмысымен танысты. Қысқы жылыту маусымының қалыпты деңгейде өтуін тапсырды. Алдағы уақытта қаладағы қазандық газ жүйесіне ауыстырылмақ. Сондай-ақ, Сенат депутаты Жаңатас қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында және Абылайхан атындағы мектеп-лицейінде болды. Өткен жылы бұл екі білім ошағы күрделі жөндеуден өткен болатын. Мектептерге жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы аудандық білім бөлімінің басшысы И.Баймағамбетов және мектеп басшылары таныстырды. Екі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 399,2 миллион теңгеге жүргізілген. Сапар барысында Бекболат Серікбекұлы Жаңатас қаласында қайта жөңдеуден өткен 1-ші шағынаудандағы №44 үйді көріп шықты. Жүргізілген құрылыс жұмыстарының барысымен аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қ. Аукенов таныстырды. Сенатор ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар