- Advertisement -

Сақтаныңыз: жалған ақпарат

32

- Advertisement -

Бүгінгі күні ел-жұрттың үрейін ұшырып, «бәлен мекемеге жарылғыш зат қойылған» деп полицияға хабарласатын «телефон террористерінің» қарасы азаяр емес. Тіпті, фейк ақпарат тарататындардың кейбірі бүкіл адамзаттың тағдырымен ойнайтынын қайтерсің. Жұртшылықты алаңдатқан бірлі-жарым ақпаратқа зер салмас бұрын, кез келген адам айтқан сөзіне, әрбір ісіне және әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болу қажеттігін еске саламыз. Егер айтқан сөзің мен жариялаған мақалаң жала немесе өтірік болса, оның ақыры өкініш болары анық. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың. Өйткені, еліміздегі қолданыстағы заңға сәйкес, жалған хабар таратып, қаннен-қаперсіз отырған ағайынның мазасын қашырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сонымен, дәйексіз фейк ақпараттарға шолу жасап көрейік.

ҚАЙ ӘРЕКЕТ КЛИМАТТЫ ӨЗГЕРТЕДІ?

Жуырда Instagram әлеуметтік желісінде ғылыми дәлелдермен келіспейтін белгілі бір адамдар тобының «су жаңа» жалған ақпараты тарады. Онда ақылды-сымақтар Дүниежүзілік экономикалық форум климаттық хаосты тоқтату үшін адамдарды өз дәреттерін жеп, зәрді ішуге шақырады. Айтуларынша, мұндай әрекет климаттың өзгеруі мен жаһандық жылынуға өз әсерін тигізеді-мыс. Шын мәнінде, бұл мәлімдеме жалған. Себебі, дүниежүзілік экономикалық форумның ресми порталында мұндай үндеулер мен жаңалықтар жоқ.

Рас, 2014 жылы мұнда Ноттингем университеті география кафедрасының доценті Сара Джуиттің мақаласы жарияланған. Автор адамдардың қалдықтарын қайта пайдаланудың ондаған жолын келтірген. Мақаланы жазуға Ұлыбританияда жаңа автобустардың желіге шығарылуы түрткі болған екен. Қоғамдық көлікте отын ретінде ағынды суларды тазарту кезінде пайда болатын биометан пайдаланылған. Жарияланым авторы қалдықтарды жеуге немесе ішуге емес, қолда бар табиғи әлеуетті ұтымды пайдалануға және жаңартылатын энергетика технологияларын әзірлеуге шақырған. Климаттың өзгеруімен күресу үшін көптеген елдер ағынды суларды тазарту технологиясын қолданады. Атап айтқанда, АҚШ пен Австралия. Ал, 1968 жылдан бері Намибияда ағынды суды ауыз суға айналдыруда. Бұл өте күрделі процесс. Алдымен суды фильтрден өткізеді, содан кейін тұндырып, осмостан өткізеді және химиялық өңдейді. Нәтижесінде еш қорықпай ішуге болатын су шығады.

Дүниежүзілік экономикалық форумның климаттың өзгеруімен күресу үшін зәр мен нәжісті тұтынуға шақырғаны туралы фейк ақпарат биыл жазда әлеуметтік желілерде тарала бастады. Бұл фактчекерлердің назарынан тыс қалмады. Жалған пікірді «Climatefactchecks.org» цифрлық платформасы, фейктермен күресетін Srilanka. factcrescendo.com» үнді сайты, күн сайын шығатын америкалық «USAtoday.com» газеті және тағы басқалары жоққа шығарды. Жоғарыда келтірілген дәлелдерге сүйене отырып, таралған ақпарат фейк деуге толық негіз бар.

ТӘТТІЛЕРДЕГІ СИМВОЛДАРДЫҢ МӘНІ ҚАНДАЙ?

Тағы сол Instagram-да елді елең еткізген ақпарат тарады. Онда әлеуметтік желі пайдаланушылары «Oreo» печеньелеріндегі таңбаларды мұқият қарауға шақырады. Сөздерінше, бұл тәттіге өндірушілер шайтанның крест және масондық белгілерін қойған екен. Шынымен осылай ма? Нақтылауға күш салып көрейік. Жалпы, бұл печеньедегі оккульттік кескіндер туралы теория Қазнетте 9 жыл бұрын тараған ағылшын тілді интернеттен келген. Айта кетейік, нүкте, гүл, сызықша ол кезде ежелгі масон қолөнерінің үш дәрежесі деп саналды. Десерттің ортасында тамплиар рыцарларының Лотарингтік кресті байқалған. Ал, айналасындағы нүктелер шеңбер бойымен 5 бұрышты жұлдызды құраған. Бұл парамасон орденінің пішіні.

Осылайша, қастандық теориясы фактчекерлердің қызығушылығын оятты. 2017 жылы «Snopes» сайтында үлгілер әлем бойынша ең көп сатылатын қаптамадағы печеньелердің біріне қалай салынғанын анықтады. Десерттің дизайны ондаған жылдар бойы өзгеріске ұшырауда. Алдымен печеньелерге ботаникалық сурет, содан кейін түркептерлер салынды. Қазіргі бейнелер 1952 жылы жасалған суретке көбірек ұқсайды. Ол кезде печеньелерді «Nabisco» компаниясы шығарған. Суретті әзірлеушілердің арасында дизайнер Уильям Тернье бар. АҚШ-тың «Mental Floss» журналы Терньенің баласы Биллден печенье оюларында мағына бар ма деп сұрады. Уильям дін немесе басқа рухани ағымдарға сенбейді екен. Ол үшін бастысы десерттің эстетикалық көрінісі болған. Дизайнер төрт жапырақты гүлі бар кұреңоттан шабыт алған. Демек, печеньеде рыцарлардың кресттері емес, әйгілі күреңоттың стильдік бейнесі бейнеленген.

Видеода айтылған «шайтан кресті» – бұл «Nabisco» компаниясының логотипі. Уақыт өте келе ол өзгертілді, бірақ «антенна» – екі көлденең сызық бір тік сызықты кесіп өтетін сурет қалды. Негізге венециялық баспашының белгісі алынған. Бұл жақсылықтың жамандықты жеңуінің белгісі. Бұл символ жүздеген жылдар бұрын пайда болған. «Oreo» печеньелеріндегі суреттердің пайда болуына қатысты қастандық теориясы негізсіз. Бәрін түсіндіруге болады, суреттердің оккульттік ғылымдарға қатысы жоқ.

«АЗАМАТТЫҢ АҚЫЛДЫ ӘМИЯНЫ» АЙЫППҰЛ САЛА АЛА МА?

Бұл күнде әлеуметтік несие жүйесін енгізу туралы жаңалық ТікТок қолданушыларының қызу талқылауына түсті. Мәліметке сүйенсек, Болоньяда парасатты азаматтарға тәртібі жақсы болғаны үшін ұпай берілсе, ал бағынбағандарға айыппұл салынады. Сонымен, бұл хабарлама рас па?

Осы жылдың наурыз айында Болонья билігі муниципалитеттер мен халық арасында байланыс орнатуға көмектесетін қосымша әзірлеп жатқаны туралы айтқаны белгілі. Дәл осы пилоттық жоба туралы қала мэрі Маттео Лепоре хабарлады. Қызметтердің көбі цифрлық форматқа ауыстырылып, тұрғындарға онлайн режимде ұсынылады. Қосымшада қалалық жаңалықтар да жарияланбақ. Бұл ретте телефоны мен компьютері жоқ егде жастағы адамдар тікелей қалалық мэрияға жүгіне алады. Қосымшада «Азаматтың ақылды әмияны» деген жеке бөлім болады. Оны пайдаланатын қала тұрғындарына қоқыстарды сұрыптағаны, жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті пайдаланғаны және электр қуатын үнемдегені үшін жеңілдіктер мен шегерімдер жасалады. Бұл тетік сатып алулар үшін бонустар берілетін супермаркеттердің қосымшаларына ұқсайды. Тәртібі жаман болса салынатын айыппұлдар туралы ақпарат жоқ.

«Азаматтың ақылды әмияны» қазірдің өзінде сынға ұшырады. Әр пайдаланушының жеке деректері қаншалықты қорғалатыны белгісіз. Италияда пилоттық жоба тек Болоньяда ғана іске қосылады. Сонымен қатар, бағдарламаны қолдануға ешкімді мәжбүрлемейді, оны пайдаланбауға да болады.

НАНОТЕХНОЛОГИЯЛАР НЕГЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ?

Әлеуметтік желілерде халықты чиптеу туралы видеолар таратылуда. Онда жақын арада адамдарды интернет пен цифрлық қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналдыратын нанотехнологиялар туралы айтылады. Бұл адамзатты жаһандық корпорацияның құлына айналдыруға мүмкіндік береді екен. Ақиқатында, бұл – фейк. Негізінде, видео көптеген қастандық теорияларынан құрастырылған. Олардың ішіндегі ең танымалы – адамдарды чиптеу. Ол СOVID-19 пандемиясы кезінде кеңінен таралды. Адамдарды чиптерді вакциналармен бірге ағзаға енгізеді деп қорқытты.

Бүгінгі таңда ғалымдар адамдарға емес, жануарларға чиптер енгізеді. Ал, Корея елінде ғалымдар тышқандарға тәжірибе жүргізуде. Осылайша, болашақта адамдардағы психикалық бұзылуларды, тәуелділікті, депрессияны тез емдеуге көмектесетін жаңа технологиялар зерттеледі. Биыл қыркүйекте Илон Масктың «Neuralink» компаниясы чипті миға енгізу бойынша клиникалық сынақтарға қатысуға дайын қызметкерлер мен адамдарды жалдай бастады. Бұған дейін кәсіпкер мұндай зерттеулердің не үшін қажет екенін түсіндірген болатын. Имплантация мүмкіндігі шектеулі адамдарға қозғалу қабілетін қалпына келтіруге көмектеспек. Сондай-ақ, ол бассүйек- ми жарақаттарын емдеуге немесе жеңілдетуге бағытталған. Сал ауруына шалдыққандар миы мен оған енгізілген чиптің көмегімен компьютерде жұмыс істей алады немесе ұялы телефонды қолданады.

Сонымен, видеодағы қыз кванттық нүктесі бар таңба түріндегі чип туралы айтады. Бұл әскерилер сарбаздардың денсаулығын бақылау үшін жасаған датчик болар. Оны 2016 жылы Profusa компаниясы әзірлеген. АҚШ Қорғаныс министрлігінің перспективті зерттеу жобалары агенттігінің байланыс коммуникациялар бөлімінің бастығы Джаред Адамс түсіндіргендей, бұл адамды интернетке қосатын чип емес. Оның электр бөліктері жоқ, контактілі линзаларда ұқсас материал қолданылады. Датчиктер ағзадағы глюкозаны, оттегін және басқа компоненттерді бақылайды. Олардың артуына немесе азаюына байланысты адамның ауырғанын немесе ауырмағанын түсінуге болады.

Сондай-ақ, хабарламада адамдарды гидрогельді қолданатын биотехнология арқылы интернетке қосады деген болжам айтылады. Бұл ылғалды сіңіретін полимер материал. Гидрогельді 1960 жылы химиктер Отто Вихтерле мен Драгослав Лим жасаған. Ал, терминнің өзі 1894 жылы пайда болған. Алдымен коллоидты гель осылай аталды. Гидрогельді қолдану аясы кең. Ол тамақ, медицина және басқа да көптеген салаларда пайдаланылады. Оның негізінде жасалған микрофлюидті чиптер де бар. Бұл құрылғы микроскоптағы слазаттық шыныға ұқсайды. Чип зерттеу үшін сұйықтық қажет болған кезде қажет.

Видеода адамдар ГМА өнімдеріне айналады делінген. Автор бұған ешқандай дәлел келтірмейді. Ол мұны денсаулыққа зиянды ГМА өнімдеріне ұқсатып отырған болар. Бұл мифті көптеген ғалымдар әшкерелеген. 2019 жылы Квинсленд университетінің өсімдік шаруашылығы бойынша директор, профессор Ян Годвиннің «Жеуге болатындай жақсы ма?» деген басылымы шығады. Автор ГМА азық-түлік өнімдері туралы: «Олар біздің үстелге қалай түседі, зерттеу зертханаларынан бастап қандай кезеңдерден өтеді», – дейді. Демек, таралған видео адамның қиялын пайдалану және дәлелденбеген. Ғылымға қарсы және конспирологиялық идеяларды қайталау арқылы көрермендер мен тыңдаушыларды қорқыту әрекеті.

«ТІРІ СУВЕРЕН АДАМДАР» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

Жақында ғана қазақстандық Telegram-чаттарда туу туралы куәлігі барлардың барлығы адам емес, заңды мүлік болып саналады деп жазылды. Құжатты ала отырып, біз барлық құқықтарды мемлекетке беріп, ресми түрде қабілетсіз болады екенбіз. Бұл конспирология екені даусыз. Құжаттар алу адамды меншікке айналдырады және оны құқығынан айырады деген идеяларды енді ғана танымал бола бастаған «Тірі суверен адамдар» қозғалысы шығарған. Ол Қазақстанға Ресейден келген. Ал, ол жақта басқа «КСРО азаматтары» қозғалысынан пайда болды. Қозғалысқа қатысушылар Ресей Федерациясы да, Қазақстан Республикасы да заңды мемлекеттер емес, корпорациялар деп санайды. Олар осы уақытқа дейін жасырын түрде қызметін жалғастырып келе жатқан Кеңес Одағының аумағында құрылған.

Бұл ретте «тірі адамдар» қазіргі жағдайда салық, сақтандыру салымдарын, коммуналдық қызметтерді, кредиттер бойынша төлемдерді төлемеуге құқылы және қандай да болмасын қылмыс үшін жазаға тартылмайтынына сенеді. Олар әлеуметтік желілерде бұл туралы жазуға немесе мемлекеттік органдарға тиісті ерік-жігерін білдіру арқылы өздерін тіріміз деп жариялауға тиіс. Олардың қарсыластары «марқұмдар», яғни жеке тұлғалар. Олардың пікірінше, өздерін тірі деп жарияламағандардың барлығы заңды түрде өлген деп саналады және олардың ешқандай құқықтары жоқ. Мұндай идеялар Қазақстанда да, Ресейде де болмаған.

Жалпы, бастапқыда бұл туралы АҚШ-та айтылды. Онда философиясы ұқсас қозғалыс «Жердегі еркін адамдар» (Freemen on the land) деп аталады. Олар туралы тарихшы Михаил Ахметьев өзінің «КСРО-сыз азаматтар» кітабында жазған. Ол АҚШ-та жасалған «сабан тұлыптар теориясын» алға тартады. Оның айтуынша, әр адам қан мен тәні бар тұлғадан және аты-жөні мен деректері бірдей, бірақ құқықтары жоқ заңды «сабан тұлыптан» тұрады. Тұлғаларды заңды түрде «сабан тұлыппен» алмастырады, оларға туу туралы куәліктер, ал АҚШ-та әлеуметтік сақтандыру нөмірлері беріледі. Бұл теориялардың барлығы бұрыннан бар және бір-бірін қайталайды. Оларды шын деп санауға негіз, сондай-ақ құжаттары бар адамдардың іс-әрекетке қабілетсіз екендігіне дәлелдер жоқ. Адамның туу туралы куәлігінің болуы оны мүлікке айналдырмайды және құқығынан айырмайды.

АГУСТИНА БАСТЕРРИКАНЫҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Әлеуметтік желілерде адам етін жеу туралы даулы кітап талқылануда. Онда адам етінің қандай түрін жеуге болатындығы және оны дәмді етіп дайындау жолдары сипатталған. Постқа тіркелген фотосуретте аргентиналық жазушы Агустина Бастерриканың «Ерекше ет» кітабы көрсетілген. Бұл 2017 жылы шыққан және «Clarín» сыйлығын алған антиутопия. Әлбетте, кітаптың сюжеті таңғалдырмай қоймайды. Онда бүкіл мал вирус жұқтырғандықтан адамдар олардан құтылуға мәжбүр болғаны туралы айтылады. Бірақ, адамдар еттен бас тартқан жоқ. Адамзат баласы екі санатқа бөлінді – адамдар және «мал адам» (кітаптағы термин – автор). Адамдар әдеттегідей өмір сүрді – олар жұмыс істеп, отбасы құрды, бір-бірімен сөйлесті. Екіншілері сою үшін өсірілді, тіпті олар сөйлеп, айқайламас үшін дауыс желбезектері кесіп алынған.

Айта кетерлік жайт, Агустина Бастерриканың өзі вегетариан және он жылға жуық уақыт бойы ет жемеген. Ол өзінің кітабымен жануарлардың етін жеу адамдар үшін тамақтану ғана емес, сонымен қатар ерекше рәсім екенін көрсеткісі келді. Мысалы, оның туған жері Аргентинада сиырды сойып, жейді. Бұл қалыпты жағдай. Ал, Үндістанда бұған тыйым салынған. Өйткені, сиыр қасиетті жануар болып саналады. Ет тұтыну дәстүріндегі осындай сәйкессіздіктерден ол теориялық тұрғыдан каннибализм ажырамас бөлігі болатын мәдениет пайда болуы мүмкін деген ойға түседі. Сонымен қатар, адамдарды жейтіндер мен тағамдарға нақты бөлу – бұл қазіргі қоғамдағы жамандық пен қате түсініктерін көрсететін капитализмге сатира.

Осылайша, Бастеррика өз жұмысында адам жеуге шақырмайды және оқырмандарға оны дұрыс дайындауды үйретпейді. Ол каннибализмді қалыпты жағдай деп танытпайды. Керісінше, адамдарды өз көзқарасын қайта қарауға, сондай-ақ кейбір қылықтарын, соның ішінде тамақтануды да өзгертуге шақырады. Демек, әлеуметтік желідегі жарияланым ойдан шығарылған.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support