- Advertisement -

Арды ойлаған аналардың жалғасы

42

- Advertisement -

Күндердің күнінде «Хабар» телеарнасынан басына әдемі алтын жіппен әдіптелген ақ жаулық тартып, үстіне қошқар мүйізді өрнек салынған қыжым қамзол киген әжені көрдім. Есіктің алдындағы текпешектен немерелері «әжелеп» қолынан жетелеп келеді. Кейуана болса: «айналайын» деп әлгілердің маңдайларынан мейірленіп сүйіп жатты. Жаным сүйсінді. Асыл әжені ауылдағы біреуге ұқсаттым. «Пәлі, мына кісі Қыздархан апа емес пе?» деді ішім. Сол кісі, анық өзі!

Мұндай тектілік, қазақы тәрбие – бұрынғы аналарымыздың қазіргі әйелдерден артықшылығы еді ол. Әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Қыздархан апа Тараз қаласында тұрады.

Туып-өскен жері, ортасы Талас ауданы, Үшарал ауылы. Ол кісі кешегі кеңес дәуірінің көзі. Шыр етіп дүниеге келгелі отызыншы жылдардағы ашаршылықтың соңғы жылдарын, одан талай отбасына қайғы-қасірет сыйлаған соғыс, содан қираған дүниені қайта қалпына келтіру кезеңін көзімен көріп, қиыншылықты басынан өткерген Қыздарханның әкесі Қойшығара өмірден ерте өтіпті. Оның әйелі, Қыздарханның Анасы Зибакүл Тұрар, Қыздархан, Тұрғын деп аталатын үш ұл-қызды құшақтап, жесір қалды. Ақылды, адуынды, ажарлы, тәрбиелі еді анасы марқұм. Үшеуін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Алланың қалауымен, Қыздарханын 1952 жылы Жолымбеттің Сембек есімді ошақты жұртының азаматына ұзатты. Күйеу баласы екі отбасының ауыртпалығын мойнына алды. Ол да байдың баласы дегенімен жоқшылық көріп өсіпті. Келіншегін Түзеубайұлы Мотай атасының үйіне түсірді. Ол кісі ауыл сыйлайтын текті адам болатын. Оның бәйбішесі Ұмытшақ апамыз ошақтының аталығының қызы. Әжеміз адуынды, жатқан ақылдың кені еді. Бұларды Ошақты Қоңыр аталығының Шерубай әулеті деп атайды. Қыздарханның төркіні көршілес ауылдың шапыраштысынан болатын. Реті келген соң айтайын. Қыздарханның ағасы Тұрар Қазақстандағы нейрохирургия саласының ірі маманы, профессор, інісі Тұрғын ұзақ жыл бойы Талас ауданында басшылық қызмет атқарды. Екеуін де көзіміз көрді, тәрбиесін алдық. Әсіресе, Тұрғын ағаның болмысы бөлек болатын. Өткір, білімді, зиялы жан-тын.

– Жақсы әулетке келін болдым. Отағасым Сембек шаруашылықта есеп қызметкері болып істеді. Мен 5-6 жылдай үй шаруасымен айналыстым, – деп бастады әңгімесін ол.

Содан Үшарал байланыс бөлімшесіне ең алғаш рет 1959 жылы хат-газет тасушысы болып жұмысқа қабылдандым. Ол уақытта жұмыс көлемі аздау еді. Бастық, бір радист, мен және самолеттен газет-журнал, хат пен посылка қабылдап алатын кісіні қосқанда бар-жоғы төрт адам болып жұмыс істедік. Ол кезде әлі телефон байланысы деген атымен жоқ заман.

Кейіннен ауылымызға геологтар келіп қалашық салды. Олардың тіршілігі деген өз алдына бір төбе, күндіз-түні қайнайды да жатады. Сырттан келетін келімді-кетімді адамдар, жұмыскер геологтардың алыстағы тұратын отбасыларына салатын ақша аударымдары, толассыз келіп жататын хаттар мен телеграммалар, әр бір мейрамдарда келетін құттықтау открыткаларында есеп жоқ еді. Әлбетте, осындай хаттар мен ақша тасқынын іркіліссіз реттеп отыратын пошта-байланыс торабы болғандықтан, бірте-бірте біздің де штаттық санымыз ұлғайып, отызға жуық адам жұмыла еңбек ететін ырғақты жұмысы бар іргелі мекемеге айналдық.

Мекемеде баспасөзге жазылуды ұйымдастыру мен келіп түскен газет-журналдарды дер кезінде оқырманның қолына тигізуді қамтамасыз етуден бөлек, ауылдағы орналасқан барлық сауда нүктелерінің кассасына түскен ақша қаражаты біздің поштамыз арқылы аудан және облыс орталықтарына жөнелтіліп жататын.

Бұдан бөлек, көлемі өз алдына бір қалашық болып келетін геология саласындағы жұмыс істейтін адамдар негізінен кеңестер одағының түкпір-түкпірінде орналасқан барлық өлкелеріне ақшалай аударымдар жасауға келсе, ауылдағы тұратын зейнеткерлер пенсиясын, бала бағып үйде отырған әйелдер жәрдемақысын алуға поштаға келетін.

Мен пошта қызметіндегі аса жауапты да негізгі участок болып саналатын осы ақша қабылдау-беру бөлімінде жұмыс атқардым. Қаншама мәрте ойда жоқ жерден келген тексеруші ревизорлардың алдында ақшамның есебі нақна-нақ дәл шығып отырды.

Осы негізгі жұмысыммен қоса қоғамдық жұмыстарға да едәуір ат салыстым. Совхоздың партбюро мүшесі, цехтық партия ұйымының секретары, ауылдық советтің депутаты, аудандық партия пленумының мүшесі болдым.

Бұдан бөлек, ол кезде Халық заседательдерін бастауыш партия ұйымдары, кәсіподақ және басқа да қоғамдық ұйымдар сайлайтын. Мен де сайланып, талай отбасын сақтап қалуыма себім тиді.

Совхозымыздың негізгі бағыты асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысу болғандықтан, бір жылдары тікелей сол кездегі кеңестер одағының жүрегі болып саналатын Мәскеуге қарады. Әрине, сол жылдары ауылға небір қонақтар, оның ішінде Одақ елдерінен ғана емес, шетелдерден келген делегаттары бар көптеп келіп жататын. Қонақжайлық қазақтардың ежелгі салты ғой. Қонақты сыйлау, әрі құрметтеу, дала дәстүріндегі жоғары мәдениетті көрсетеді. Совхоз директоры аты Одақ көлемінде әйгілі Әбдір Сағынтаев жәкеміз шалғайда орналасқан ауылдық жерде екенбіз демей сол қонақтарды өте жоғары деңгейде қарсы алып шығарып салуды ұйымдастыруды талап ететін. Әлбетте, мұндай шаруаның көпшіліктің көмегімен атқарылатыны белгілі.

Халқымызда «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз бар. Жолаушылап келген кез келген адамды үйіне кіргізіп дәм тарттыру керек, өйткені қонақтың бірі болмаса бірінің батасы қабыл болады, шаңырағына құт-береке дариды деген сенім бар. Сембек қариямыз бен екеуміздің шаңырағымызда әлденеше мәрте жоғарыда атап кеткен мәртебелі меймандарды күтіп алу мен дастарқандас болудың сәті түсті. Осындай кездері кісі күтіп жатқан шаңыраққа сырттан келген қонақтардың шашбауын көтеріп сол ауылдың ақсақалдары мен ел ішіне беделді, сыйлы деген ауыл азаматтарының да бірге келетіні белгілі. Сондай кісілердің қатарында ағайынның арасында «Би ата» аталып кеткен әулеттің үлкені Әбілда ата да отбасымыздың төрінен табылатын.

Жалпы, пошта байланыс саласындағы еңбек өтілім 33 жылды құрайды. Осы жылдар ішінде қатардағы маманнан бастап мекеме бастығының орынбасарлығына дейін қызметім жоғарылады. Осы салада жұмыс атқарған жылдардың ішінде бірнеше басшымен жұмыс жасадым.

Солардың арасынан байланыс саласының шын мәніндегі маманы, Әбілда Би атаның баласы Қыдырбек Тойшымановтың Талас аудандық байланыс саласына сіңірген өлшеусіз еңбегінің куәсі болдым. Қыдырбек Әбілдаұлы басшылық жасаған жылдары пошта-байланыс саласында үлкен өзгерістер орын алды деп айта аламын. Аудан тұрғындарына сапалы байланыспен қатар теледидар көрудің, әсіресе алыс ауылдағы ағайынның қолы жетпей келген «Алматы» арнасын тамашалаудың зор мүмкіндігі туды. Сондай-ақ, ауылдарға кейінгі заман талабы болып табылатын интернет желісі мен ұялы байланыс орнатылды. Осы іскерлігі мен жаңашылдығының арқасында Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында жоғары басшылық лауазымдарда қызметтер атқарды. Қыдырбек осы салада 40 жылдай еңбек етіп, Қазақстанның құрметті байланысшысы атағын иеленді. Ол үйдегі келін де сол салада еңбек етті. Екеуі үлгілі отбасы.

Өткен ғасырдың 1992 жылы зейнеткерлікке шықтым. Ел үшін еткен еңбегім қоғам тарапынан елеусіз қалған жоқ. Үкімет пен партия еңбегімді бағалап «Ветеран труда» медалімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» және Жеңістің 65,70,75 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталдым. Суретім бірнеше жыл қатарынан КССР байланыс министрлігінің Құрмет тақтасында ілініп тұрды. КСРО-ға еңбегі сіңген құрметті байланысшы атандым.

Зейнетке шыққаныма отыз жылдан асып бара жатса да бұрынғы әріптестерім, қазіргі байланыс саласының ардагерлерімен байланысым үзілген жоқ. Жыл ішінде болып тұратын кәсіби мерекемізбен түрлі айтулы даталарда Ардагерлер Кеңесі елеп-ескеріп құттықтап, ақшалай және заттай сыйлықтарын табыстап отырады.

Бүгінгі күнде әріптестерімнің еңбектеріне табыс, жұмыстарына абырой тілеп отырамын.

Әрине, айта берсе әңгіме көп. Қыздархан апаның айтар ақыл-кеңесі де жетерлік.

– Осы күні кейбіреулердің әңгімесіне құлақ түрсем, ақырзаман орнаған ба деп қаламын, – дейді ол кісі. – Бұлар көрген қиындық біздің көргеніміздің қасында сөз етуге де тұрмайды. Соғыстан кейін түбіртек талонмен нан алып, жүгерінің талқанын жедік. Ішер асқа, киер киімге де жарымағандарды да көзіміз көрді. Ақ түйенің қарны жарылған кезең – өткен ғасырдың алпысыншы жылдары екендігін біз білеміз. Сол жылдардағы «патшамыз» – Брежнев пен Қонаев атамызға мыңда бір рақмет. Қазір Құдайға шүкір, не кием, не ішем демейміз. Дүкенде бәрі тұр. Тек адалдық керек. Несіне жасырайын, еріншектік етек алған. Көбісі ауыр еңбектен қашады. Содан кейін ер адам отбасының тірегі, әйел заты ұйытқысы екендігін сезінсе ғана шаңырақ шайқалмайды. Ер азамат – отбасын асырауы, әйел – отанасы екенін ұмытпасын. Бір үйге екеуміз де «би боламыз» деп ойлау- абырой әкелмейді. Ата-бабамыз «еркек бас, әйел мойын» деп бекер айтпаған. Мен өз басым әйел баласының сөзге шайпау, өсекке үйір болғанын құп көрмеймін. Қанша білгіш, пысық болса да сабыр сақтай білген әйел ерін де, отбасын да сақтайды, қарақтарым.

Айтып отырған уәждерінің қай-қайсысы да құлаққа жағымды, орынды уәж. Тек, тыңдар құлақ болса әрине.

Ол үшін – халықтық тәрбиенің өзегінен ажырамасақ екен деймін. Кешегі күні арды ойлаған аналарымыз, намысты еркектер қазақтың рухын сақтап қалғанын көзіміз көрді. Одан қазақ төмендеген жоқ, өзге ұлттар қазақтың бірлігіне, тектілігіне таңғалып кетті. Біздің Үшарал ауылында 20 ұлттың өкілі тұрды. Солар кейіннен атамекендеріне көшіп кетсе де, Үшаралын туған жеріміз деп мақтанып отырады. Қазақ халқын сыйлайды.

Міне, тәуелсіздігімізді жариялағанымызға 32 жыл өтті. Қазақты әлем таныды деп мақтанамыз. Бірақ, ұлттық, отбасылық құндылықтарымызды сақтауда жіберіп алған кемшілігіміз көзге ұрып тұрады. Бірақ, оның барлығын да орнына қоюға болады. Ол туралы кейіпкеріміздің сенімі мол. Әрине, ең алдымен елінің, ерінің, ұл-қызының арын ойлап, шаңырағының шайқалмауын сақтай білген Қыздархандай аналарымыз аман болсын. Иншалла бағытымыз түзу, болашағымыз жарқын болсын, деп тілеймін.

Иә, бүгінгі күндері ұлдарын ұяға, қыздарын қияға ұшырып бір әулеттің әз анасы саналған Қыздархан Көкеева да 90-ға жасы таяп қалған абыз ана. Ол қай уақытта да бес уақыт намазын қаза жібермей, қазақ елінің өркендеуін, отбасының амандығын тілеп отырады.

Тағы да жаратқаннан елінің амандығын тілейді. Осыдан 75 жыл бұрын келін болып түскен Шерубай әулетінен тараған Мотай, Әбілда, Сембектің әулеті алып бәйтерекке айналды. Әбілда би атасының тегі неменеге жетіпті. Өскен, өңген деген осы шығар деп Қыздарханның жүрегі Алладан медет тілеп отырады.

Осындай аналар барда Қазақтың бағы жана бермек.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы,

журналист.

Үшарал-Қаратау-Тараз

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support