- Advertisement -

Өнердегі өзгеше кеңістік

43

- Advertisement -

Қарымды қаламгер, жалынды жазушы болсаң да оймақтай оймен Алаш жұртының ән өнерін тиянақтай алмассың. Өйткені, бұл қазақ жаратылғалы бері жасасып келе жатқан бекзат өнер. Сондықтан да болар, тарихтан сыр тартқың келіп, асыл текті бабалардың өміріне арқау болған, әр шаңырақтың түндігінде байыпты да баяу айтылып келген саз тұңғиығына бойлай беруге талпынасың. Сол қанға біткен қасиет, бойындағы бұл қазынаңның өшпес отын өзіндік лебімен үрлей түскен, маздата білген бүгінгілер жайлы шалқып та шамырқанып, мақтана да марқая баян еткің келеді-ақ.

Қоңыр қаздың қанатынан саз естіген, қоштасу әнін тере білген кемеңгер ел таланттарға кенде емес. Кешегі Ақан серілерді тудырған, үзіліссіз дарыны дара жандар шығуда. Саз өнерінің саңлақтар сапы дәуір кезінде толыспаса, кеміген емес. Мұны Тәңірдің ұлы халықтың маңдайына жазып берген берекесі деп білеміз. Міне, осы қатардан табылар жанның бірі де бірегейі – Қайрат Бисімбаев.

Кешегі күнге көз жүгіртсек, басына ноқта түссе де мұңнан нота термеген, сіңірін шідері қажаса да қарабастың қамын халқымның қайғысы деп біліп, жыламсыраған әндерді өмірге алып келмеген қайсар жандарды көптен танимыз. Ұлы хандар жортуылда жүріп жол өткеріп, аймағын атырапқа ұлғайтқан ұлан- ғайыр даладан сол себепті де асқақ әндер бір үзілмей, әуелей түсетін. Ал, бекзат өнердің өкілдері өзі әнші, өзі ақын болғанын да қат-қат қаланған тарихымыздан аңғарамыз. Бүгінгі таңда ондай жандар күзгі даладағы алтын астықтай сиреп, сел-діреп қалған. Міне, қатары кеміп бара жатқан нағыз талантты өнер өкілдерінің сапынан табылатын жанның бірі де бірегейі Қайрат Бисімбаев деп білеміз.

Тума талант иесі Қайрат Бисімбаев қаншама биік лауазымды қызметтерді атқарса да, шығармашылықтан бір сәтке де қол үзбеді. Өнерді өренің биігі санаған Қайрат Әшіраліұлының ән- жырларын елімізге танымал әншілер С.Медеуов, А.Иманбаева, Д.Таңатаров орындап жүр. Ақын, композитордың негізгі шы-ғармашылығы қазақтың дәстүрлі әнімен сабақтасып жатыр. Саз жағынан емес. Мазмұны мен мәніне бойлай алсақ, осы ойды талай мәрте топшылап едік. Өйткені, жан дүниесін қозғап, жүрегін жарып шыққан туындылардың басым көпшілігі тұрмыстық тақырыпты қамтыған. Оған «Әкені аңсау», «Менің анам», «Асыл жарым», «Ұлға тілек», «Қызға тілек», «Немерем» атты әндері мысал бола алады. Қазақ тұрмысы мен дәстүрін бөліп-жарып қарастырмаған халық. Сол себепті де Қайрат ағамыз қақтырған ән қанаты әрқашанда қазақпен бірге биіктеп, Мәңгілік елмен жасаса беретін туындылар.

Қайрат әкесі Әшірәліге деген сағыныштың шегі мен шеті жоқ екенін сұлу саздың келісті ырғағымен, шымыр ұйқасты шырайлы сөздерімен терең жеткізе білген.

Өзің әке аласармас ақ аспан,

Даналығың мейіріммен жарасқан.

Биік арман, ояу сана, кеңпейіл,

Арқасында болдым көптең бағы асқан, – деп жырлап, ән қалыбына салудың өзі осыны аңғартады. Рас, әр перзент өз әкесін аспан, таудан ары асыра биік тұтпаса, төмен санамайды. Ақын алғашқы тармақтан-ақ осыны терең пайымдай біліпті. Ал, екінші тармақтағы менмұндалап тұрған ұғымды таратып айтпаса да түсінікті емес пе? «Ағаш жемісті көп берген сайын иілгіш келеді» немесе «Адамның білімі толысқан сайын кішіпейіл келеді», деген тәмсілдерді алға тартсақ, даналардың мейірімді болатыны сөзсіз. Ал, әкенің балаға деген махаббаты тіптен ерекше. Осыны сезініп жырлаған ақынның ән мәтініндегі қос тармақтан кейін бүгінгі поэзия жайлы аз-кем тоқталып өткенді жөн көрдік.

Қасиетті Құлан жерінде дүниеге келіп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық өнер отауының ошағын ерекше маздатып жүрген Қайрат Бисімбаев жайлы көп айтуға болады. Алайда, жалқы тәмсілден тарау- тарау сыр ұғатын кемеңгер жұртым дара басшы, талант иесі жайлы айтылар сөздің ау-жайын осының өзінен-ақ аңдады деп білеміз.

 

Меруерт КӨПБАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

профессоры.

Ақтоты МУКАШЕВА,

журналистика мамандығының 2-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support