- Advertisement -

Ағайынды Адамбаевтар тағдыры

282

- Advertisement -

Өткен ғасырдың басындағы зұлматтың бірі – ашаршылық. Нәубет әр қазақтың шаңырағын айналып өтпеді. Қорасындағы төрт түлігінен, алдындағы асынан айырылып, әбден аштықтан ауып, көшкендердің сүйегі қазақ даласына ақ сүйек болып шашылды. Әсіресе, балалардың тағдыры өте ауыр еді. Ата-анасының қалауымен немесе көшеде ісіп-семіп жатқан жерінен жетімдер үйі немесе балалар интернатына өткізілгендерінің өзінде ілуде біреуінің ғана көрер жарығы сөнбеді.

«Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның» құрамындағы «Саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық, саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды, дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жөніндегі» кіші жұмысшы тобының (топ жетекшісі Қ.Дәурембеков) алға қойған мақсатты жұмыстарының бірі – жетім қалған балаларға арналған балалар үйлері мен тәрбиеленушілердің тағдыры туралы архив қорларына зерделеу жұмыстарын жүргізу болатын. Соңғы үш жылдың көлемінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Өлкетанушылар, тарихшылар мен әдеби әңгімелердің негізінде де талдау жұмыстары жүргізілді. Әрине, архивтегі құжаттар статистикалық негіздеме жүргізілгенімен, әдеби шығармаларда сол кезеңде бабалардың басына төнген ауыр хал жүректі шымырлата баяндалды.

2021 жылы белгілі ғалым, әдебиеттанушы Балтабай Адамбаевтың 100 жылдығына орай асыл жары, филология ғылымдарының кандидаты Жаңылхан Адамбаеваның құрастырған «Нәубат» кітабынан бір әулет балаларының қиямет жылдары басынан кешкен ауыр тағдыры Сарысу, Талас аудандарында өткенін түсінесіз. Жалпы, кітапта Балтабай Адамбаев ардақты ата-анасының шыққан тегін баяндай келе, ашаршылық жылдары інілерінің басынан не жағдай өткені жайлы оларға сауал тастай отырып ашық жеткізеді.

Адамбаевтар әулеті 1932 жылы ашаршылық басталып, ел елең-алаң күй кеше бастаған сәтте отағасы Әбдрахманның ақылымен Байқадамнан Талас ауданы Жиембеттегі нағашыларын жағалай көшіп келеді. Іле «Қызыл мақташы» колхозы құрылып, үлкендері колхозға мүше болып кіреді. Бұл кезде үлкені Балтабай – 11, Сыпатай – 9, Жұматай – 7, Қаратай – 3 жаста болатын. Қиын-қыстау сәт бұл әулетті де айналып өтпеді. Күндіз-түні колхоз жұмысында жүрген Бибіш ана мен ұлы Балтабайдың тапқаны аш қарынға талғажау ғана болды. Ал, ертеректен малсақ, шаруа әрі саятшы Әбдрахман болса аңшылық кәсібін серік етіп, отбасын асырайды. Сол жылы қысқы аязда қақпан құрып жүрген Әбдрахман қақаған боранда қалып, өкпесіне суық тиіп, сол дертінен қайтыс болады. Ендігі ауыртпалық затынан қайратты, өжетті, бірбет, өктем Бибіш ананың мойнында қалады. Әбдрахман жарымен бақұлдасқанда «Ендігі үміт балаларда, оқыт, адам болсын, біреудің ала жібін аттамасын» деп, артында қалған тұяқтарын аманаттап кеткен екен.

Сол жылдары Әбдрахманның үлкен ағасы Медеудің ұлы Әбен төменгі Сарысу, Талас аудандарында мектеп-интернат ашып, Сарысуда Түгіскен мектеп-интернаты (1928-1929) мен Таласта Ойық мектеп-интернатының (1931- 1933) директоры болып, жетімдерге қамқорлық етіп жүрген белсенділердің бірі еді. Өзі орысша, қазақша сауатты, Алаш ордашылардың идеясын қолдаушы, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болыпты. Әбдрахман қайтыс болған соң балаларының тағдырын өз мойнына алған. Жеңгесі Бибішпен ақылдасып, ұлдарын балалар үйі мен мектеп-интернаттарына орналасуына көп көмектескен. Бұл жақсылықты жеңгесі Бибіш те еселеп қайтарады. Әбен денсаулығына байланысты Таласта Бостандық аймағында бала оқытып жүріп, 1936 жылы бар-жоғы 33 жасында қайтыс болады. Денесін дерт шалғанда Бибіш жеңгесіне келіп: «Бибішеке, дерт болса мынау, қояр емес. Тым болмаса соңғы сәттерімде қарайласпасаң болмас. Күләнданың аяғы ауыр. Ол өзі әрең жүр» – деген екен. Алдындағы балалары шетіней берген соң, тым болмаса осы балам аман болса екен деген тілек болса керек- ті. Өзегі өртенген әке ақыры ұлының іңгәлаған даусын естіп, «Совет» деп есімін қойып, өмірден өтеді.

Бибіштің күндіз-түні ойлайтыны балаларының амандығы болды, қайтсем осыларды жеткіземін, бір-бірінен бөлмей жат болып кетпесе екен деген ой өзегін өртеді. Алдында екі қызы, кейін кенжесі Базарбай жасқа жетпей шетінеп кеткен еді. Енді төрт ұлымды жеткіземін деген ана өмірдің ащы-тұщысына қайыспай, белін бекем буып, қазақ әйелінің қайсар мінезін көрсетті.

Балтабай Адамбаевтың естелігі:

«…Әкей қайтқаннан кейін жағдай нашарлай бастады. Анаммен ақылдасып «бірге отырып бәріміз қырылғанша бар бала болса да аман қалар ма екен. Жазда да жарымай отырмыз, астық шықса азаматы барлар ғана алады. Қыста қайтеміз? Бұлай отырғанша талап қылып, сіңлім Төкенді тауып алайық» деді шешей. Қолда әлі бала бар, олардың есі кіріп қалғанын балалар үйіне берейік, кішісін Шора мен Төлеуге тапсырайық деген ойға келдік. Сөйтіп,Сыпатай мен Жұматайды Ойықтағы балалар үйіне өткіздік. Бибішекеңді жолға зорға көндірдім. Қаратайды тірідей Шора мен Төлеуге тапсырып, төрт бас бойдақ әйелмен жолға шықтық.

…Араға алты күн салып Әулиеатаға жеттік. Жолай «Откөшектерден» (Откочевник) аштықтан ауғандарды солай атайды екен) қашық жүрдік. Даланы кезген аш-жалаңаш, ісінген адамдар. Көбісі әйелдер мен балалар. Бибішекең қаладағы ағайындардан сұрастырып, қаланың сыртындағы колхоз «Жас өркенде» отырған Битабар үйінің хабарын анықтады. Битабар шешейдің сіңлісі Төкеннің күйеуі… Сөйтіп, апалы-сіңлілі екеуі табысты. Біз мұнда біраз болып, масақ тердік. Бірақ, мен безгекпен ауырып жұмысқа жарамай қалдым.

…Қалада астық, картоп удай қымбат. Бибішекең картопты, бірнеше пұт жүгеріні сатып, өзіне, балаларға қыстық киім алды. Ноябрь айы болатын. Мен безгектен жазылғанмын. Маған: «Бір-екі кесе жүгері сатып, бір қоян етін әкелші, қызылсырадық қой, тісімізге басайық» – деді шешей.

Базарға келіп жүгеріні сатып, қоянның етін алып тұрсам, қасында бір ересектеу бала бар Сыпатай кездесе кетті. Үсті-басы таза, жақсы киінген, жүдеу де емес. Ойықтан жүз шамалы баланы Сайрамдағы балалар үйіне ауыстырып, соған әкетіп барады екен. Сыпатай «шешем мен ағам қала жаққа кетіп еді, кездесіп қала ма?» деп сұранып шыққан екен. Тағдырда пендеге белгісіз құпия сырлар көп қой. Үйге ертіп келдім, қуанышта шек жоқ.

Ертесіне Сыпатайды шығарып салайын деп бірге келдім. Балаларды пойызға салу үшін станцияда сапқа тұрғызып, санап жатыр екен. Бірсыпыра бала келмей қалған, бала саны кем.

– Кем бір баланың орнына мені аласыздар ма? – дедім басшысына.

– Алайық, документің бар ма?

Сарысудан Битабардікіне келіп жүрген Ерубай Жылқыбаев деген ағайға шешем өтініш айтып жүріп маған бір куәлік жасап берген, соны көрсеттім. «Сапқа тұр!» – деді басшы. Сонымен балалар үйіне кіріп кеттім…».

Иә, әке аманатын орындау үшін оқу Балтабайға арман болатын. Әрі анасы мен інілерінің азығына ортақтаспайын деген ниет еді бұл. Сайрамдағы балалар үйінде біраз болған Балтабай екінші, ал Сыпатай бірінші класқа барады. Көктем сала жасы 12-ге толған балаларды жұмыс істеуге колхоздарға таратады. Балтабай Сайрам ауданындағы өзбек ауданына бөлінеді. Оны бұрын колхоз председателі болған екі қызы ғана бар бай әйел патронаттық тәрбиеге алады. Бірақ, өзбекше оқығысы келмеген Балтабай жанына үш баланы ертіп, Шымкентке, одан асып Әулиеатаға қашып кетеді. Бұл 1932 жыл болатын. Әулиеатаға келген соң осындағы сарысулық ағайындарды паналап жүргенде, жоғарыда сөз еткен Ерубай Жылқыбаевқа жолығып қалады. Сол кісінің жөн сілтеуімен Сарысу аудандық оқу бөлімінің бастығы Нығмет Қорғанбаевтан бір жапырақ қағаз алып, Байқадамға жетеді. Мұнда ұзыннан-ұзақ тұрған жатақханада балалар үйі орналасқан екен. Балалар жүдеу. Учком (оқушылар комитетінің бастығы) Жылқыбек деген жігіт балаларға азықты кем беріп, қалғанын жанындағы үш- төрт баламен бөлісетін көрінеді. Балтабай бұл озбырлыққа төзбей, қарсы шығады. Ақырында балалардың жалпы жиналысында Жылқыбектің әрекеті әшкереленіп, Балтабай учком орынбасары болып сайланады. Осы интернатты 1937-1938 оқу жылында ойдағыдай аяқтаған Балтабай Адамбаев Сарысу аудандық «Социалистік шаруа» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Жиембеттегі анасы мен інілері Жұматай мен Қаратайды көшіріп алады. Адамбаевтар әулеті үшін жаңа өмір басталады. «1931 жылы Әбдрахман бастаған түйелі көш күзде «Қызыл мақташыға» күн бата көшіп келіп едік, 1938 жылы жазда шешей бастаған ат арбамен күн шыға Байқадамға аттанадық…» – деп жазады естелігінде кейіпкеріміз.

Бибіш ананың ендігі уайымы Сыпатай болады. Бірде пошташы Шектібай қолында үш бұрышты маркісі жоқ хат алып келеді. Хат Таластағы Сәкеннен екен. Маркісі болмағандықтан бір сом сұрайды. Ол жылдары бір сомның өзі ақша. «Әр хатқа берер бір сомым жоқ» – деген Бибіштің сөзінен кейін пошташы қайтып кетеді. Бала жүрегі бір жақсылықты сезген Жұматай Шектібайды қуып жетіп, желімденбеген «хатты оқып көрсем бола ма» деп жалынады. Хаттың алғашқы жолдарында «Сүйінші, Сыпатай табылды!» деген жолды оқи сала есі шыққан Жұматай пошташыны ұмытып, анасына қарай жүгіре жөнеледі. Көптен бері таппай жүрген ұлынан хабар келген ана сол күні көрші-көпшікті шақырып ас береді. Ол Қарқаралыда мұғалімдер оқуында екен. Содан баласынан үзбей хат алып тұрады. Педучилищенің 2-курсын бітірген Сыпатай 1941 жылы 2 мамырда елге келеді. Өкінішке қарай, оқуын жалғастыра алмайды. Соғыс басталып, ол Үшбас орталау мектебіне мұғалім болып орналасады. Ал, 1943 жылы 19 мартта әскерге алынады.

Жұматай Адамбаевтың естелігі:

«…Сонан кейін Сәкен ағам болар мені Қарақожаның балалар үйіне әкеліп беріп кетті.

Түс мезгілі болу керек. Балалар түскі тамақ ішіп жатыр екен. Мен бірінші рет «бірінші» және «екінші» деп екі түрлі тамақ ішкенді көруім. Біріншісіне сұлы көже, екіншісіне вермишельден жасалған бөкпен екен. Кешкі тамағы бір кружка шай мен қатырма нан (арасына кішкене ғана сары май салған). Мұндай тамақ, әрине ол уақытта бейіштің тамағындай еді…

Сыпатай менен бұрын балалар үйіне берілген екен. Мен оны балалардың ішінен таба алмадым. Сұрағанымда детдомның бастығы қауын салған екен, сонда оның әкесі қарауыл болып күрке тігіп жатқанын, сонда Сыпатай деген бір баланың бірге екенін айтты. Мен іздеп бармақшы болдым. Балалар «шал өте қатал, ұстап алса өлтіріп қоюы мүмкін» деді. Сонда да жол білетін баланы ертіп, күркеге бардым. Шал жоқ екен. Сыпатай бізге ұрсып, жолатпады. Кейіннен қауын жарып, қайнатып пісірген жүгерінің собығын берді. Маған «мұнан былай келме» деп ұрысты. Қауынды өзі әкеліп тұратын болды. Мен қайтып ол жаққа бармадым.

…Кейіннен Сыпатай қатарлы ере сек балаларды машинаға мінгізіп, қалаға оқуға алып кетті. Жылап-жылап мен қала бердім.

…Есімде қалғаны, күзде кім әкелгенін қайдам, Қаратайды да балалар үйіне әкеліп тастады. Ол келісімен ағалық етіп, қамқорлығыма алып, құшақтап жаттым.

…Қаратайды әкеліп тастағаннан кейін көп ұзамай іш ауру болып ауырып қалды. Балалар үйінде ондай балалар көп болатын. Оларды «изоляторда» бөлек ұстайды. Мен түн ортасында ұрланып барып, оны бауырыма алып жатамын. Күндіз арқалап алып күн шуаққа шығарамын. Балалар түнде менің Қаратайды ұрлап әкеліп қасыма алып жататынымды тәрбиешіге айтып қойды. Содан былай «изолятордың» есігіне құлып салынды. Ауырған балалар түнімен ызылдап жылап шығады. Таңертең 1-2 бала өліп жатады. Өлген балаларды детдомның қасынан үлкен шұңқыр қаздырып, аяғынан сүйретіп апарып лақтырып жіберіп жүрді. Қыс бойы балалар өте көп өлді. Қаратайға менің қолым тек таңертең есік ашылғанда ғана жетіп жүрді, жылап табысамыз. Бір күні күн шуақта Қаратайды ұстап отырсам, жанымыздан бурыл биесі бар Сәкен атам салып ұрып кетіп бара жатыр. Тани салып артынан құстай ұшып «аталап» жүгіріп келемін. Шырқыраған даусымды естіп атының басын бұрып тоқтай қалды. Жылап жібердім. Атынан түсе салып құшақтап бетімнен сүйді, жағдайымды сұрады. Мен Қаратайдың ауырып қалғанын айтып, еңіреп жыладым. Сосын алып кетуін сұрандым.

– Ол қайда? – деді атам.

Мен атына мінгесіп, оны Қаратайға ертіп келдім. Ат үстінде отырып-ақ, атам Қаратайды жерден көтеріп алды да қойнына тығып, «кейін сені де алып кетемін, қазір ат үшеумізді көтере алмайды» деп жортып кетті.

…Сыртқа шығып, кешкі берген бір-екі қасық бидайды жеп отырсам, мұз болып қатып қалған Талас өзенінің үстімен бір атты келеді. Таныдым – Садуақас ағам екен.

– Бибіш апаң келіп отыр, сені алып кел деп жіберді, – деді. Анамның тірі екенін естігенде кішкентай жүрегім тулап, жылып жүре берді. Көргенше асықтым. Атқа мініп, Садуақас мені алдына алып, ешкімнен сұрамастан шаба жөнелді.

…Көп кешікпей шешей мені ертіп Ойыққа, балалар үйіне апарып өткізді. Балалар үйінің директоры Әбен көкем екен. Балалар үйі Ойық поселкасының сол кезде шығыс жағында күйдірілген кірпіштен салынып, төбесі темір қаңылтырмен жабылған еңсесі биік үйде екен. Қарсысында сол типте салынған екінші үйде аурухана орналасыпты. Ол үйлер әлі де бар, бірақ поселканың ортасында қалыпты.

Әбен ағам дереу детдомға алдырды да, шешей қайтып кетті. Бұрынғыдай емес, балалар үйі әлдеқайда жақсарған. Төсектері аппақ, тамағы да мезгілімен, жақсы дайындалып беріледі екен. Мен ол жерде күзге дейін болдым, артынша бізді Жамбылға оқу жасына жетіп қалғандықтан алып кетті. Жамбылдағы №1 балалар үйіне әкеліп өткізді. Біз, 1934 жыл болар, Пушкин көшесіндегі Киров атындағы мектепте жарты жылға дейін дайындық тобында, январь айынан бастап бірінші класта оқыдық. Келер жылы оқу басталардың алдында 30 шақты баланы Меркі ауданы Шалдауыр стансасына таяу, айдалада тұрған, үстін темір қаңылтырмен жапқан балалар үйіне алып келді. Бұл балалар үйі «Опорный» деп аталады екен. Бір кезде қазақ жерін колония етіп бағындырып отырған орыс әскерлері тұрған «опорный пункт» болса керек. Бұл балалар үйінде 1938 жылғы мартқа дейін болдым.

Шешей мен Мұқажан екеуі мені сол жерден тауып алды. Балалар үйі директорының орынбасары әйел адам болатын. Күйеуі бізге сабақ беретін Шалғынбаев деген кісі еді. Сол әйел мені асырап алғысы келіп, көп алдандыратын. Тәтті-дәмдісін ұсынып жүрді. Апам келгенде сол әйел мені шешеме бермей әуре етті. Бірақ, балалар үйінің директоры корей жігіт еді, сол ата-аналары табылған балаларды тоқтатпай қолына беру туралы тапсырмасын басшылыққа алып, үш жылдық киімімен апамның қолына ұстатты…».

Қаратай Адамбаевтың естелігі:

«…1937 жыл. Бұл менің ес біле бастаған кезім. 8 жастамын. Анам «Қызылмақташы» колхозында жұмысшы… Адамнан адам үрейленген күндердің бірінде үйге Әбен көкем келді. «Бибішеке, сіз Жұматайды іздеп тауып әкеліңіз. Жақында Мерке балалар үйінде сондай бір баланы көргендігін жолдасым айтып келді. Мұны кешіктіруге болмайды. Ал, Балтажан мен Сыпатай есейіп қалды ғой, олар өздері тауып келеді», – деді. Бірақ, Жұматайды іздеуге апам асықпады. Оған себеп – Әбен ағам ауырып, соған қарайласты.

…Апамның хабарсыз кеткен баласы Жұматайды іздеп кеткеніне біраз күн болды. Жиембеттен шыққан керуен екі түнеп, Кеңестің үстімен үшінші күні қалаға құлайды. Әркімнен сұрай-сұрай «балалар үйі» болған Балпық сарай базарын тауып, одан басқа жаққа кеткені туралы хабар алады. Қарағанды, Қостанай, Шымкент, Мерке, Фрунзе қалаларына балалар үйіне жіберілген, бірақ Жұматайдың қайсысына кеткені белгісіз. Әулиеата маңын түгел шарлайды. Манкенттегі балалар үйіне барып сұрайды. Сол жерде бір кішкене сарғалдақ бала Жұматайды білетін болып шығады. Ол Меркедегі балалар үйінде екен. Меркеге әбден шаршап-шалдығып жеткен ана балалар үйін бірнеше күн ториды (сауатсыздықтың әлегі ғой). Ана мен бала біраз әуре-сарсаңнан кейін әрең табысады. Сонда Жұматай «Менен басқа Балтабай, Сыпатай, Қаратай деген балаларың бар ма?» дегенде апам байқұстың жүрегі қарс айырылады.

…Апам Сыпатайды көп ойлайтын. «Ағаларың Сыпатай Жұматайдан үш жас үлкен, түрі әкелеріңе тартқан, сабырлы, ақылды болатын. Кешегі таршылықта балалар үйіне беріп қолымнан шығарып алдым» деп әңгімелеп отыратын бізге…»

Иә, жылдар өтті. Алайда, жүректегі зұлматты жылдардың көмескісі көлеңке басын ұзартып ұмытыла қоймады. Жадыда жатталып қалды. Дегенмен, ата-ана үміті ақталып, ұлдары еңселі азамат болып өсіп, ел үмітін ақтай білді. Мұхтар Әуезовтің шәкірті Балтабай Адамбаев – белгілі ғалым, әдебиеттанушы. ҚазССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ұзақ жыл ғылыми қызметкер болды. Сыпатай Адамбаев – Оқу министрлігінің жанында педагогикалық журналда редакторлық қызмет атқарды, журналист. Жұматай Адамбаев – агроном мамандығын игеріп, Мойынқұм ауданында жауапты қызметтерде болып, Сарысу ауданында совхоз басқарды. Қаратай Адамбаев – еңбек жолын Жамбыл облыстық «Aq jol» (ол кезде «Еңбек туы») газетінде бастағанын біреу білсе, біреу білмес. Кейін зоотехник мамандығын игеріп, Талас, Мойынқұм аудандарында қызмет етті. Мойынқұм ауданында совхоз директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды. Қазір бұл азаматтар өмірде жоқ. Әйтсе де, Әбдрахман мен Бүбіш ананың кіндігінен тараған ұрпақ сабақтастығын үзбей, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде адал еңбек етіп жүр.

 

Ерман ӘБДИЕВ,

«Облыс әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның» кіші жұмыс топ мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support