- Advertisement -

Қызметкерлерге үй берілді

30

- Advertisement -

Қазіргі уақытта тұрғындардың баспаналы болуы басты мәселелердің бірі. Тұрғын үй кезегінде тұрғандарды да, үйі жоқ қызметкерлерді де баспанамен қамтамасыз ету биліктің де назарынан тыс қалған емес. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар да қолданылып, нәтижесін көрсетіп келеді. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің түрлі жолы қарастырылып жатқанының бір дәлелі – Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылынан орын алған қызметтік пәтерлер. Бұрын осы ауыл аумағындағы кедендік бекетте еңбек еткендерге арналып салынып, кеденшілердің игілігіне жараған 20 қызметтік пәтер аталған мекеме жұмысын тоқтатқаннан соң жергілікті әкімшілікке берілген. Сол пәтерлерді күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл әкімшілігі баспанасы жоқ мемлекеттік қызметкерлерге беріпті.

Аталған 20 қызметтік пәтердің оны жатақхана типінде салынған бір бөлмелік баспаналар. Ал, сегізі екі бөлмелік болса, қалған екеуі үш бөлмелік.

– Ауылымыздағы қызметтік пәтерлер биыл 30 тамыз – Конституция күні мерекесінде өз иелеріне табысталды. Кімдерге берілетінін аудан әкімдігінде құрылған арнайы комиссияда жан-жақты зерттеліп, қаралып барып, шешілді. Мәселен, алты баласы бар ауылымыздың аймақтық учаскелік полиция инспекторы, «Таза су» мекемесінің қарапайым жұмысшысы, «Сұлутөр» кинотеатрында жұмыс істейтін алты балалы қызметкер осындағы пәтерге ие болды. Әрине, олардың қатарында балабақша, мектеп қызметкерлері де бар. Осы баспаналарға ие болғандар заң шеңберінде бекітілген пәтерақысын және өздері пайдаланған коммуналдық қызметтердің ақысын ай сайын төлеп отырады. Пәтердің жалақысы ауыл әкімшілігінің есепшотына түседі. Бұл пәтерлер бір қабатты болғанымен санитарлық тораптары ішінде орналастырылған. Ауласында балаларға арналған ойын алаңы да салынған, – дейді Луговой ауылының әкімі Мұратбек Сванов.

Осында алғашқылардың бірі болып көшіп келген тұрғындардың бірі Несібелі Жұмабекова қызметтік пәтердің тұрмыстық қажеттіліктің бәрі қамтылып, жабдықталғанына және пәтерақының қазіргі нарықта арзан бағамен қарастырылғанына разылығын жеткізді.

– Шүкір, Жаратқан берген алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған бақытты отбасымыз. Осы бүлдіршіндерімнің нәсібі болар, жолдасымның қызметтегі еңбегі еленіп, осы баспана бізге бұйырып, берілді. Осыған дейін қаншама жылдардан бері жалдамалы пәтерді жағалап, бала-шағамен көшіп-қонып жүрдік. «Кедей болсаң көшіп көр» дегендей-ақ, шиеттей балалармен анда-мұнда сабылып, көшіп-қонып жүру оңай емес. Оның әуре-сарсаңын үйсіз, әр пәтерге қоныс аударып жүргендер жақсы біледі. Шаңырағымызды шат күлкіге толтырып, бақыттың бал дәмін сездіріп жүрген бес ұл, бір қызымыз бар, бесеуі аудан орталығындағы Құлан мектебінде оқиды. Қоғамдық көлікпен қатынайды. Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Өз азаматтарына осындай жағдай жасап отырған мемлекетіміздің билігіне шын разылық ниетпен алғыс айтамыз, – дейді көпбалалы ана Несібелі Алтынбекқызы.

Ауылдың шеткері тұсында орналасқан қызметтік пәтерлердің дәл жанында шағын орталықты мектеп те бар. Осындағы тұрғындардың балаларының мектепте оқуына да, балабақшаға баруына да ыңғайлы. Ал, аудан орталығындағы білім мекемелерінде оқитындар үшін де жол шалғай емес, екі ауылдың арасын жалғап қоғамдық көлік оқушылар үшін 30 теңге, үлкендер үшін 65 теңге жолақысымен жүріп тұр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support