Жұмыс бар, баға тұрақты

Жұмыс бар, баға тұрақты
ашық дереккөз
Жұмыс бар, баға тұрақты
Сарысу – ауыл шаруашылығы дамыған аудан. Тәуелсіздік жылдары мұнда өндіріс те қарқынды дами бастады. Жаңатас аудан орталығы мәртебесіне ие болған соң, өндіріс орындары да көбейді. Инвесторлар келді, кәсіпкерлік қанат жайды. Осыдан барып, аграрлы ауданда экономиканың тағы бір ауқымды тармағы жылдан жылға ұлғая түсті.

КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

– Биыл ауданда 5265 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелсе, оның 184-і шағын және орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар, 3320-сы жеке кәсіпкерлер, 1760 шаруа қожалығы бар. Былтырғыға қарағанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1098-ге артты. Оның ішінде белсендісі – 4704, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үлесі 134,7 пайызды құрап отыр. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капит алға салынған инвестиция көлемі 36 миллиард 450,1 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 156,7 пайызға орындалды. Өнеркәсіп өнімі болса, осы мезгілде 68 миллиард 803,3 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,3 пайыз, бөлшек сауда айналымы 2 758,9 миллион теңгеге, 150,7 пайызға орындалды, – дейді аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жұмат Сақыпбеков. Жыл басынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген 6 пайыздық несиенің кепілдік беру тетігі және пайыздық ставканы субсидиялау арқылы аудан бойынша 35 жобаның 248,6 миллион теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізген. Ал, биылғы қаңтар- шілде айларының қорытындысымен «KMF» мемлекеттік қолдау ұйымы ЖШС Жамбыл филиалы Жаңатас бөлімшесі арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша 764 жобаға 764,4 миллион теңге несие алынған. Биылғы 9 айда 34 азаматқа қайтарымсыз грант бойынша, 238 кәсіпкерге қаржылай несие, 22 азаматқа басқа сұрақтар бойынша, барлығы 294 адамға қызмет көрсетіліпті.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН...

Аудандағы 164 дүкендегі 18 азық-түлік түрінің бағаларына апта сайын тиісті мекемелер тарапынан зерделеу жүргізілуде. Барлық азық- түлік дүкен иелеріне осы аталған тауарға заң аясында 15 пайыз үстемеақыдан артық қосып сатуға тыйым салынатыны туралы арнайы жадынама таратылған. 96 азық-түлік дүкен иесімен тауарға 15 пайыз үстемеақыдан артық қосып сатпау бойынша меморандум жасалған. Ал, бағаны шекті көлемнен көтерген жағдайда Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, белгіленген мөлшерде айыппұл салынатындығы ескертілген. 18 тауардың 9 түрінде сатылу бағасы төмендегені байқалады. 5 тауар түрі жыл ішінде бір бағаны қалыпты ұстап тұр. Қалған 4 азық-түлік бағасы қымбаттаған. Сиыр, тауық еті, айран, сүзбе, сары май, қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп тауарлары арзандаған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм басқармасы тарапынан мұнан басқа да қолға алынып жатқан шаралар бар. Мәселен, Жаңатас қаласында халыққа қажетті азық-түлік бағасының қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында әр сенбіде жәрмеңке өткізілуде. Жыл басынан бері 39 рет жәрмеңке өткен. Оған ауданның тауар өндірушілерімен қатар, Жуалы ауданының жеке шаруашылық құрылымдарының өнімдері мен Түркістан облысы «Ордабасы» құс фабрикасының тауық еті өнімдері тұрақты сатылымға шығарылып келеді.

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар