Көне тарих көмбесі қашанғы көміліп жатады?

Көне тарих көмбесі қашанғы көміліп жатады?
Алтынбек Қартабай
Жиырма ғасырдың жауһары – қасиетті қарт Тараз талайғы тарихынан бері өзінің құндылығын жоймай, қайта бары түрленіп, жоғы түгенделіп келе жатқан мәуелі мекен. Десек те, қазақ хандығы құрылмай тұрып жаһанға өркениетімен жар салып, мәдениеті мәшһүр болған, бұл күнде тарихтың темірқазығы атанған Тараз қаласында әлі күнге туризмнің жалауы желбіреп тұр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Неге? Елдегі ешбір шаһарда жоқ қазыналы тарихымен туризмнің туын Таразда көтере алмасақ, онда басқаға сөз шығындап қайтеміз. Оған қоса аймақтағы қазба жұмыстары әлі күнге жалғасын таппай тоқтап, топырағы тозаңға айналып жатқан археологиялық нысандардың жайы тағы бар...

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан аймақтың тарихы туралы айтқанда қорымызда сөздің қоқымы да қалмай, алдымызға жан салмайтынымыз жасырын емес. Бірақ, сол құндылықтарымызды бағалауда әлі де құрғақ сөзбен ғана шектелетініміз өкінішті. Себебі, өңірдегі тарихи маңызы терең нысандардың басым көпшілігінде қазба жұмыстары тек кеңестік кезеңде жүргізілген. Яғни, көзқарас та көмескіленіп тұрғаны анық. Ал, еліміз тәуелсіздік алғалы сан ғасырлық тарихтың сандығы әлі ашылмаған қалпы тасада қалып барады. Мемлекет қорғауындағы қалашықтардың жай-күйі де мәз емес. Бірі аң мен құстың панасына, енді бірі жақын елді мекендегі шаруалардың қорасына айналып бара жатқаны да жанға батады. Туризмді түлетуге таптырмайтын тарихи тәсіл біздің аймақта осылайша аянышты халден айналып шыға алмай жүр. Осы тұста дамыған Еуропа елдерінде тарихи нысандарды маңыздылығына қарай жекеменшікке беру мәселесін мықтап қолға алғанын да айта кеткенді жөн көрдік. Бұл істі өзімізде неге қолға алмасқа деген салмақты сауал туындайтыны анық. Салаға инвестор тартып, болмаса жалға беру арқылы туризмді де дамытып, тарихты да жаңғыртып, шағын кәсіпкерлікті де шалқытуға болмас па еді деген сұрақпен жауапты мамандардың пікірін білдік.

–Еліміздің тарихи-мәдени нысандарын қорғау туралы заңында ескерткіштер мемлекеттік меншікте де, жекеменшікте де бола алатыны көрсетілген. Жергілікті маңызы бар ескерткіштерді облыстық әкімдік, ал республикалық маңызы бар тарихи нысандарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жалға бере алады. Яғни, заң бойынша жекеменшікке беруге болады. Бірақ, осы күнге дейін жекеменшік иелері тарапынан ескерткіштерді жалға алуға, насихаттауға, оны туристік нысанға айналдыру бағытында ұсыныс та түскен емес, сәйкесінше жұмыс та атқарылған жоқ. Кейбір ескерткіштер жайылым аумақтарында қалып кетіп жатады. Ондай кезде біздің тараптан жер иелеріне қорғап, күту туралы міндеттеме қағазы беріледі. Соған қарамастан біз Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайын жеке меншікке жалға беру туралы жұмыстарды қолға алып көргенбіз. Алайда, еліміздің мүлік туралы заңында пайдаланылған аймақтың әр шаршы метрі үшін қаржы төленетіні нақты көрсетілген. Осы заң бойынша «Төрткүл» керуен сарайын жалға берерде оның небәрі бір жылдық төлемі 2-3 миллион теңгеге шығып кетті. Бұл тек жалға алу төлемі ғана. Одан бөлек коммуналдық қызмет, жұмысшылардың жалақысы, жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарын қоспағанда осындай төлем шығып отыр. Осыған байланысты жекеменшікке ешкім алғысы келмейді. Кәсіпкерлер одан табыс таппайтынын біледі. Дегенмен, қазіргі таңда Парламентте тарихи мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңы қайта қаралып жатыр. Аталған заңға өзгеріс енгізу бойынша біздің мекеме сол жұмысшы топтың құрамына енген болатынбыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарихи-мәдени ескерткіштердің барлығын жекеменшікке немесе уақытша пайдалануға беру бойынша жұмыс жүргізу міндетін жергілікті атқарушы органға артайын деп отыр. Яғни, заң өзгерген жағдайда біз жалға беру мәселесін өзіміз қарастырамыз. Жалға беру құнын да өзіміз белгілеуге мүмкіндік аламыз. Мәселенің біржақты шешімі қазір осы заңға байланысты болып отыр, – дейді облыстық «Тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков.

Бұл жерде өңірдегі тарихи нысандардың жерге орналастыру құжаттары мәселесін де айта кеткен жөн. Себебі, аймақтағы 3448 тарихи- мәдени ескерткіштің әлі жартысының да толыққанды құжаты рәсімделіп бітпеген. Аталған дирекция мен аудандардың бірлесе жұмылуының нәтижесінде 726 нысанның қорғау аймағы белгіленіпті. Қалғаны алдағы уақыттың еншісінде.

Ал белгілі археолог, тарихшы, өлкетанушы Сауран Қалиев тарихи нысандарды жалға беру құндылықтарымызды талан-таражға салумен бірдей деген пікірде.

– Өз басым тарихи-мәдени нысандарды жалға беруге үзілді- кесілді қарсымын. Себебі, бұл мұралар ата-бабаларымыздан келе жатқан аманат, сан ғасырлық құндылық болып есептеледі. Сондықтан олар әрқашан мемлекеттің меншігінде болуы тиіс. Бұл нысандар қашанда мемлекеттік қадағалауды, қамқорлықты қажет етеді. Сондықтан жеке тұлғаларға жалға беруге қарсымын. Өңір туризмін соларға қолдау көрсету арқылы дамытуымыз керек. Бұл жерде сол мұраларымызды әлемдік деңгейде насихаттау мәселесі бар. Өкінішке қарай, қазіргі таңда туризмге қатысты көптеген нысандарымыз әлем тұрмақ, республикалық деңгейде, ішкі туризмді дамытуда да өзінің құндылығын, теңдігін ала алған жоқ. Оның төңірегінде шешілмеген көптеген мәселелер бар. Көптеген көне дүниелеріміздің тарихы әлем тілдеріне аударылуы қажет. Үнемі әрбір жергілікті атқарушы орган өз аудандарындағы нысандарға көңіл бөлуі қажет. Инфрақұрылымын дамытуы тиіс. Өкінішке қарай, өңірде саусақпен санайтын нысандар ғана әлемдік стандарттарға сәйкестендірілген. Олар Айша бибі мен Бабаджа хатун, Қарахан кесенелері, Ақыртас сарай кешені ғана мемлекеттік стандарттарға сай. Ал, өңірлік туризмді дамытуға негізделген алпыстан астам тарихи-мәдени ескерткішіміздің барлығының жағдайы жақсы емес. Мәселесі толыққанды шешілмеген. Қарапайым жол, санитарлық тораптары, ауыз су, жарық мәселелері шешілген жоқ. Келетін туристерге бірінші жағдай жасалуы керек. Қалада қонақүй, мейрамханалар бар, бірақ олармен туристерді қызықтыра алмаймыз. Қонақтарды нысандардың тарихы қызықтырады. Соны қызықтыра алуымыз маңызды. Туризмге жауапты арнайы мекемелер жүйелі, қажырлы жұмыстар жүргізуі керек. Бірақ бұл жұмыстар өз деңгейінде деп айта алмаймыз. Рас, мемлекет меншігіндегі тарихи нысандар өз деңгейінде қорғалып жатқан жоқ. Кейбір мәдени нысандарымыз қасақана бұзылу үстінде. Қалаға жақындарына ғана қамқорлық бар. Өңірімізде 3 мыңнан астам ескерткіш бар болса, олардың бәрін бір мезетте қорғау мүмкін емес. Ерте ортағасырлық елді мекендер, қалашықтар толығымен қорғалып жатыр деп айта алмаймын. Кейбірі кеңестік дәуір кезінде әртүрлі шаруашылық жұмыстары барысында бұзылған. Сонымен қатар, кейбірі апаттық жағдайда, табиғи факторлардың әсерінен бұзылған нысандар да бар. Ол үшін тарихи нысандарға жауапты мамандардың құзыреттілігін арттыру қажет деп ойлаймын, – дейді Сауран Қалиұлы.

Өз сөзінде өлкетанушы Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында ашылған ашық аспан астындағы музейдің де мәселесіне көңілі толмайтынын атап өтті. Айтуынша, өңірдегі мұндай тарихи орындарды талапқа сай сақтай алмасақ, қыруар қаражат шығындап, дәл бүгін қазба жұмыстарын жалғастырудың да қажеті шамалы.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлттық Құрылтайда тарихи нысандарға байланысты «Біз таңбалы тастар мекені ретінде әлемге танылғанбыз» деген болатын. Оған дәлел бола алатындай нысандарымыз көп. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткен Құлжабасы біздің облысымызға тән тарихи-мәдени нысан. Мұнда ерте заманнан қазіргі уақытқа дейінгі таңбалар сақталған. Осының да қазіргі қорғалу деңгейі өте төмен. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың жұмысы күшейіп, реттелуі қжет. Оған қоса қазіргі таңда қазба жұмыстары тоқтап, жай-күйі көңіл көншітпейтін тарихи ескерткіштеріміз аз емес. Оған дәлел ретінде Үкіметтік, Парламент Мәжілісі деңгейінде көтеріліп жүрген «Ежелгі Тараз» археологиялық ашық аспан астындағы музейін айтуға болады. «Ежелгі Тараздағы» археологиялық қазба жұмыстары жоспарға сай жүргізілгенімен, оны қайта қалпына келтіру, бекіту, яғни консервациялау жұмыстары жүргізілген жоқ. Нәтижесінде тарихи нысандарымыз бұзылу қаупінің алдында тұр. Кезінде осыған мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, қазір сол кездегі табылған жәдігерлері сақтай алмай, нәтижесі сын көтермей тұр. Өйткені, сол кезде ежелгі қаланың бірнеше мәдени қабаты ашылған болатын. Әсіресе Қарахан дәуірі, оның алдындағы VI-IX ғасырлардағы Батыс- Түрік қағанатының астанасы болып тұрған кездегі құрылыс нысандары ашылды. Солардың қазіргі сақталу деңгейін төмендетіп, сол тарихты «суға ағызып» жіберіп отырмыз. Яғни жәдігерлерді қолдап жоюға жол беріп отырмыз. Дәл осылай жалғасатын болса, онда қазба жұмыстарын жүргізудің де қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі, біз соңғы археолог, ғалымдар емеспіз, бізден кейінгі ұрпаққа да әлі бұл нысан қызмет етуі керек. Облыста ортағасырлық Бектөбе, Тамды, Саудакент, Меркі, Құлан, Аспара, Баласағұн мен Қордай қалашықтары қазір археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарына мұқтаж. Шамамыз жеткенше осы қалашықтарда кешенді түрде зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, оларды қайта қалпына келтіріп, өңірлік туризмге үлес қосатын нысандарға айналдыруымыз керек, – деп түйіндеді сөзін археолог.

Мемлекет басшысының өзі астын сызып атап өткен нысанның біздегі күйі күйреу алдында тұрғаны шынымен санаға салмақ салатын мәселе. Дамыған елдер жоқтан бар жасап, туризмді дамытудың тетіктерін ойластырып жатқанда, қырық сылтаудың қырынан аса алмай, барымызды батпаққа айналдырып отырғанымыз өте өкінішті. Батпақ деген сөзіміздің астарын аңдып, теңеуін тіміскілейтіндер болса, оларды Жуалыдағы Баркуаб елді мекеніне атбасын бұруға шақырамыз. Еуропа етек-жеңін жия алмаған ерте заманда екі қабатты үйде тұрып, кәріз жүйесін іске қосқан бабалардың Баркуабы бұл күнде жауын суының әсерінен құм астындағы құндылыққа айналып бара жатқаны елге де, жерге де аян. Сондықтан бүгінгі бағытымызды барды бағалауға бұрмасақ, көш жүргеннен түзелмейтінін түсінетін уақыт жеткен сыңайлы. Халықтың өз сөзімен айтқанда «Ат айналып қазығын табар», бірақ қазығымызды жоғалтып алсақ, қайда барамыз?!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

 

Ұқсас жаңалықтар