- Advertisement -

Қант қызылшасын жинау басталды

13

- Advertisement -

Аймақта қант қызылшасы алқабы жыл санап ұлғайып келеді. Былтыр облыста тәтті түбір 730 гектарға орналастырылған болса, биыл 10,8 мың гектарға жеткен. Бірақ биылғы ауа райының қолайсыздығы салдарынан біраз алқап күйіп кетті.

Дегенмен, бұл қиындықтарға қарамастан, аймақ диқандары балтамырды баптауын тоқтатқан жоқ. Қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланды. Ағын су мен жерасты ұңғымаларын пайдаланып, біраз алқапты күйіп кетуден аман сақтап қалды.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, қызылша қазу жұмысы енді ғана басталған. Алғашқылардың бірі болып алқапқа қазық түсірген Жамбыл мен Меркі ауданының шаруалары. Қазіргі таңда аймақта 4,6 мың гектар алқаптың балтамыры жиналған.

– Қазір шаруалардың жаз бойы күтіп-баптап, өсіргендерін жинап, өнімге кенелетін берекелі де мерекелі шағы. Сондықтан, қант қызылшасын өсіруге ден қойған диқандар күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмыстарды қолға алуда. Бүгінгі таңда 4,6 мың гектардан қант қызылшасы жиналып, Меркі қант зауытына жөнелтілуде. Балтамыр жинауда Жамбыл және Меркі аудандарының диқандары көш бастап тұр. Оның шығымы да жақсы. Мәселен, бүгінгі күні әрбір гектардан жиналған орташа өнім 747,7 центнерді құрауда. Ал, жиналған өнім 1476 тонна, – дейді Нұрби Жігітеков.

Оның айтуынша, Жамбыл ауданындағы 35 шаруашылық 691 гектардан, ал меркілік 75 диқан 1,5 мың гектардан мол өнім алуды көздеп отыр.

– Ауданда диқандардың ала жаздай төккен тері ақталсын деп, биыл тәтті түбірді жинауды ерте бастан бастап кеттік. Биыл балтамыр алқаптарының шығымы жақсы. Өнімділігі де жоғары. Кейбір алқаптарда өнім гектарына орта есеппен 450-500 центнерден айналуда. Қазір қызылшаның гектарға шаққандағы өнімділігін ескеріп, қант зауытына он мың тонна балтамыр өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Жамбыл ауданы әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support