- Advertisement -

Азаттықтың айшықты көрінісі

34

- Advertisement -

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің жарқын көрінісі, халқымыздың мақтанышы және абыройы. Мемлекет басшысы өз сөзінде, Ту, Елтаңба мен Әнұранымыз ұлтымыздың азаттыққа, өркендеуге және жасампаздыққа деген табанды ұмтылысын білдіреді деп атап өткен болатын.

– Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту – халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк Байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы, – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рәміздер баршамызды мызғымас бірлікке ұйыстырып, әрбір азаматты Отан үшін күнделікті қажырлы еңбек етуге және үлкен жетістіктерге жетелейтінін айтқан еді.

Сондай-ақ, Президент еліміздің басты құндылықтарын құрметтеу – бәріміздің перзенттік парызымыз екеніне назар аударып, оған немқұрайлы қарайтындарға, қадір-қасиетін түсіретіндерге біржола тосқауыл қою қажеттігін айта келе:

– Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды. Жастармен жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Рәміздерімізді мазақ етуге, қорлауға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Мұндай әрекеттерге барғандарды қатаң жазалаған жөн. Біртұтас халық ретінде ұйыса отырып, біз кез келген қиындықты бірге жеңіп, әділетті, тиімді мемлекет құра аламыз, – деп ұлттық мақтанышымызды қадірлеуге үндеген.

Осыған байланысты аудан әкімдігі жанынан Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия құрылған. Комиссия құрамы аудан прокурорының орынбасары, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық білім бөлімінің басшысы, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасынан құрылған. Аудан әкімі Сәкен Мамытов басқаратын комиссия отырысы жартыжылдықта бір рет өткізіледі. Биыл І жартыжылдығын қорытындылау бойынша 5 маусым күні комиссия төрағасының орынбасары Еркебұлан Есмахановтың төрағалығымен кеңес отырысы өтіпті.

Комиссияның жұмысшы тобы – аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі айына бір рет Жаңатас қаласы мен ауылдық округтерде Мемлекеттік рәміздердің жай-күйіне зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Осы жылдың 9 айындағы жағдай бойынша аудандағы мемлекеттік мекемелерге 8 рет зерделеу жүргізілсе, облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссия тарапынан бір рет сараптама жасалды. Зерделеу нәтижесінде анықталған кемшіліктер аудан әкімі аппаратына арнайы хатпен ұсынылады. Жалпы, әкімдіктің мәліметінше, аудандағы 124 мекемеде барлығы 115 Мемлекеттік Ту және 340 Елтаңба орналасқан. Оның ішінде ғимарат сыртында – 87, басшы кабинетінде – 61, мәжіліс залдарында – 7, рәміздерге арналған бұрыштар – 29, стендтерде – 32 рәміздер орналасқан.

Конституциялық Заңның 13-бабына сәйкес әрбір азамат Мемлекеттік рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген Стандарттарға сәйкес Рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді.

Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт- дәстүрді қастерлеу екені анық.

 

Назерке СӘНДІБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support