- Advertisement -

Әрбір азамат мемлекет қамқорлығын сезінуде

47

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты және алдыңғы Жолдауларында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру мәселелерін көтеріп, жүйелі тапсырмалар берген болатын. Президент тапсырмасынан кейін елімізде түрлі бағдарламалар мен жобалар қолға алынды. Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар да мемлекет қамқорлығын сезініп отыр. Ал, бұл жұмыстарды үйлестіру біздің басқарманың тікелей міндеті.

Жалпы, бүгінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында осы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54156 адам тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан бері жоспар 92,7 пайызға орындалып, 50225 адам белсенді іс-шараларға тартылды. Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 45253 адам болса, есепті кезеңге 37382 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа 31746 адамды орналастыру көзделсе, бүгінде 23053 адам тұрақты жұмыс орындарына жолдама алды.

Ал биыл жұмыспен қамтудың өңірлік карталары аясында құрылатын жұмыс орындарының жоспары 67968 орын болып бекітілсе, есепті кезеңге 56 580 жұмыс орны құрылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құрудың облыстық жоспары – 13,5 мың жұмыс орны. Бүгінде 15,6 мың жұмыс орны құрылды.

129 мүмкіндігі шектеулі жан өз кәсібін ашты

Биыл «Ұлттық жоба» аясында облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1054 адамға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланды. Осы жылдың 1 қазанына 525 адам 724,2 миллион теңге грант алды. Оның 277-сі көпбалалы ана, 129-ы мүмкіндігі шектеулі азамат, 68-і мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілер, 29-ы асыраушысынан айырылғандар, 18-і атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 4-еуі отандастар. Жоспарға сәйкес, 3-ші ағында 529 адамға қайтарымсыз гранттар беру көзделген.

Бұдан бөлек, биыл жастарға 2,5 пайызбен шағын несие берілуде. Аймақ бойынша 447 адам қамтылған. Микрокредит беру жұмыстары сәуір айының соңынан бастау алып, бүгінгі күнге 378 үміткер өз кәсібін ашты.

Өзге өңірлерге 160 отбасы жолданды

Биыл жұмыс күші тапшы өңірлерге 160 отбасы, жалпы саны 488 адам қоныс аударды. Олар Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарына қоныстанған. Қоныс аударушы отбасылары толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленді және олар жалдамалы тұрғын үймен қамтылған.

Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 58340 адамды қамту жоспарланып, оларға 4,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Осы жылдың 1 қазанына атаулы әлеуметтік көмек 7448 отбасындағы 39 550 адамға 3 миллиард теңге көлемінде тағайындалды.

Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мемлекеттің қастерлі борышы және әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі . Осы орайда Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», – деп атап өткен болатын. Бұл бағытта облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 45601 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде бірінші топта 4361, екінші топта 16794, үшінші топта 17622 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 6824 адамды құрайды. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,7 пайызға жетіп отыр.

Басқарманың сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету. Яғни, мүгедектігі бар адамдардың тіршілік- тынысының шектелуін жеңіп шығуы үшін жағдай туғызуға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру.

Мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі қарап- күтуіне, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізуіне немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмірдің үйреншікті жағдайларына қайта оралуына жағдай жасауда арнайы оңалту құралдарының алатын орны ерекше.

Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде әлеуметтік қызметтер порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Оларды қажетті арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мақсатында биыл 3,6 миллиард теңге қаражат бөлініп, тиісті аппараттар, бұйымдар алынуда.

Қазіргі таңда әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңал у бағдарламаларының орындалуы 89,6 пайызды құрап отыр. Жылдық жоспар – 90 пайыз. Порталда 23003 өтініш тіркеліп, 20610 өтініш қанағаттандырылды.

2224 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді

Жыл басынан басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекемелерде 2224 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Атап айтсақ, 7 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 1256 қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар адамдарды және балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 704, мүгедектігі бар адамдар мен балаларға және 2 тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтарында 264 адамға қызметтер ұсынылды.

Соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2020- 2022 жылдары 3 ауданда – Талас, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарында мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары (жалпы сыйымдылығы 101 орын) және Талас ауданы Ақкөл ауылында 200 орындық жүйке ауруына шалдыққан мүгедектерге арналған стационар жағдайындағы орталық, Қордайда 15 орындық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды.

185 бала оң нәтижеге қол жеткізді

Бүгінгі күнге мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталықтары Тараз қаласында және 7 ауданда ашылған. Соңғы үш жылда аталған орталықтарда 909 бала оңалту шараларымен қамтылды. Соның нәтижесінде 185 бала оң нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, 18 бала өздігінен отырды, 19 бала еңбектеді, 24 бала жетек арбамен жүрді, 21 бала өздігінен жүрді, 45 бала сөйлей бастады, 58 бала өзіне-өзі қызмет көрсетуді үйренді, 1 бала колледжге оқуға түсті, 14 бала мектепке және 3 бала балабақшаға барды. Бұл сала мамандарының еңбегі, жұмысқа деген жауапкершілігі, қоғамға деген жанашырлығы деп білеміз.

Биыл Тараз қаласында «Белсенді ұзақ өмір орталығын» және «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығын» ашу жоспарлануда. Оның алғашқысы зейнеткер жасындағы азаматтарды қайта әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасауда оларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік- экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетуді көздейді. Ал, екіншісі – аутизмі және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларда туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге жағдай жасайтын және олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысуына мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешенін ұсынатын болады.

Ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі – оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту. Осы жылдың 1 қазанына 2718 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 612- сі тұрақты жұмыстармен қамтылды, 493 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 35 адам жастар практикасына жұмыстарға жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 12, «Күміс жас» жобасына 42, кәсіптік оқыту курстарына 37, онлайн оқыту курстарына 71, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1261 адам жолданып, 137 адам грант алды.

Бүгінгі таңда қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарды қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр.

Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1054 адамға Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Есепті кезеңге 525 адам 724,2 миллион теңге грант алды (оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар – 129 адам, мүгедек баланы тәрбиелеушілер – 68 адам).

Мүгедектер күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен ҚР Әлеуметтік қорғау вице- министрі Назгүл Сағындықованың қатысуымен Тараз қаласында 150 орынға арналған облыстық әлеуметтік оңалту орталығы ашылып отыр. Бұл орталықта мүгедектігі бар азаматтарды оңалту мен бейімдеудің толық жүйесі құрылып, оларды қоғамға әлеуметтендіру, жан-жақты әлеуметтік-медициналық, психологиялық және еңбекке баулу арқылы кешенді оңалту көмектері заманауи оңалту құрылғыларымен көрсетілетін болады.

Егер 2021-2023 жылдары оңалту орталығында барлығы 881 мүгедектігі бар азамат оңалту шараларымен қамтылса, жаңа ғимаратта жылына бір мыңнан астам азамат оңалтудан өтуіне толық мүмкіндік бар.

Мемлекеттің ерекше жандарға қоғамда тең мүмкіндіктер жасау саясатын өз құзіреті шегінде жүзеге асыру біздің басқарманың басты міндеті болып қала бермек. Бұл бағыттағы жұмыстардың шарапатын қызмет ұсынылатын әрбір азамат сезінетін болады.

 

Гүлдана ЖАУЫНБЕКОВА,

облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support