- Advertisement -

Алушы да, сатушы да дән риза

27

- Advertisement -

Қала күніне орай Тараз қаласының орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шаһар тұрғындары нарық бағасынан едәуір төмен бағада саудаланған өнімдерді сатып алды.

Ауылшаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жәрмеңкеге облыстың он ауданы мен қаланың тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері жеткізілген.

Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің саудасы таңертеңнен бастап қыза түсті.

Жәрмеңкеде жалпы құны 112,3 миллион теңгені құрайтын 173,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Оның ішінде 18,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3,5 тонна шұжық, 6,4 тонна сүт, 6 мың дана жұмыртқа және 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 4,6 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 127,5 тонна жеміс- жидек пен көкөніс өнімдері бар.

Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік берді.

Нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағада қойылған өнімдерге қала тұрғындары да ризашылықтарын білдірді.

– Қалада мұндай жәрмеңкелердің жиі ұйымдастырылғаны жөн бе деген ойдамын. Өйткені, бұл бір жағынан қала тұрғындарының арзан бағада экологиялық таза өнімдерді тұтынуына жағдай жасаса, екіншіден ауылдағы қарапайым шаруалар мен фермерлердің өз өнімдерін еш делдалсыз қала тұрғындарына өткеруіне мүмкіндік береді, – дейді қала тұрғыны Жандос Маханов.

Жәрмеңкедегі азық-түлік өнімдерінің бағасына қала әкімі Бақытжан Орынбеков те назар аударып, тұрғындарды емен-жарқын әңгімеге тартты.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Барлығы да арзандатылған отандық өнімге қызығушылық танытты. Жәрмеңке алдағы апталарда да жалғасын таба бермек.

Жуалы ауданынан келген «Бек» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Жұманов жәрмеңкеге қымыз өнімін алып келген. Айтса айтқандай қымызының дәмі бал татиды. Литрін 1200 теңгеге бағалаған кәсіпкердің саудасы да қызған. «Еңбек етсең емерсің» демекші, бұл шаруа қожалықты жүргізіп отырғаныма 25 жылға жуық уақыт болды. Қыс мезгілінде де бие байлап, қымызын саудаға шығарамыз. Отбасымызбен бірге бұл кәсіпті жанымызға серік еттік. Аллаға шүкір, осы кәсіптің арқасында елордамыз Астана қаласында өткен жәрмеңкеге де қатысып қайттық. Еңбектің арқасында жер көріп, ел көріп, түрлі іс-шараларға қатысып, қолдан келгенше өңірде бағаны тұрақтандыруға үлес қосудамыз. Әрине, мұның барлығы тынбай еңбек еткеннің нәтижесі дер едім», – дейді кәсіпкер.

Ал, Мойынқұм ауданынан келген «Мақсат» шаруа қожалығының басшысы Салтанат Ермекбаева жылқы және қой еттерін алып келіпті. Кәсіпкер жылқы етінің килограмын 2500 теңгеден, ал қой етін 2300 теңгеден өткеруде.

Жәрмеңке барысында іс-шарада белсенділік танытқан аудандардағы бірқатар белсенді кәсіпкерлер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support