- Advertisement -

Рухы мықтылар үшін қолжетімді әлем

53

- Advertisement -

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осыған орай қазан айының екінші жексенбісі Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні болып белгіленген болатын.

«Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңға сүйеніп, оларға басқа азаматтармен теңдей мүмкіндіктер жасауын қамтамасыз ету мақсатында, Мүгедектігі бар адамдар күні аясында апталық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Мерекелік апталық «Анаға тағзым» орталығында «Рухы мықтылар үшін қолжетімді әлем» атты мотивациялық кездесуден басталды.

Қаламыздағы мүгедектігі бар еңбекқор, талантты, рухты адамдардың басын қосып, олардың еңбек жолы туралы баяндау, басқаларға үлгі ету мақсатында өткен кездесуге «Амазонка» онкологиялық науқастарды қолдау қоры қоғамдық ұйымының директоры Анжелика Сарьян, «Ажур» шығармашылық орталығының негізін қалаушы Дилафруз Махмадулоева, Дефектология және құқықтық-психологиялық кеңес беру кабинетін ашқан, грант иегері Гүлнар Жұматаевадан өзге үкіметтік емес мүгедектер ұйымдарының өкілдері, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, бизнеспен айналысатын, грант ұтып алған мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.

– Балама «Церебральды сал ауруы» диагнозын қойғанда, маған өте қатты соққы болды. Менің өмірім бұрын және кейін болып екіге бөлінді. Мүгедектігі бар баланы қабылдап, қарау үшін адамға көп күш-жігер мен шыдамдылық керек. Мен сол кезде қатты уайымға салынып, қиналдым.

Уақыт өте келе өз-өзімді қолға алып баламен жұмыс істеу керек екенін түсіндім. Баламды емдеп, аяғына тұрғызу үшін жұмыс істеп, өзім сияқты ата-аналармен танысқым келді.

Осы жолда көп сынақтардан өтіп, басқа адамдарға қиындақтарды жеңуге көмектескен, мүмкіндігі шектеулі болса да қоғамға пайдасы тиген көптеген жандармен кездесіп, өзіме мотивация алдым, – деп ерекше бала тәрбиелеп отырған ана, «Балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету» бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері Гүлмира Жаримбетова басынан өткен жағдайымен бөлісті.

Іс-шараға қатысушы мүмкіндігі шектеулі жандар жан-дүниесінде туындаған қиындықтарға төтеп беріп, өмірлік қиын жағдайдағы проблемаларды еңсеріп, сынақтардан сүрінбей өткендері, жетістікке жеткендігі туралы баяндама жасады.

Ал, мүмкіндігі шектеулігіне қарамастан, шағын тігін цехын ашып, қыз жасауын тігіп, аяғымен сурет салып жүрген қайсар жан, облыстық мәслихат депутаты Анар Бексұлтанова да өз тәжірибесімен, өмірден алған тәлімімен бөлісті.

– Сіздердің алдарыңызда тұрып сөйлеу үшін бір сағаттық, бір күндік, бір айлық, жылдық еңбек емес, қаншама уақыт өтті. Өмір сүрудің жолдарын іздеу арқылы осындай жетістіктерге жеттік. Университет бітіріп, енді жұмысқа тұрамын дегенде «Сен І топтағы мүгедексің. Сенің жұмыс істеуге құқығың жоқ. Не үшін оқыдың?» деген сөзді есту, мен үшін ауыр болды. Сол сәттен бастап өмірім төңкерілгендей болды. Мен мойымай, іздене бердім, басымды тауға да, тасқа да ұрдым. Қазір сол кісіге рақмет айтқым келеді. Әрбір маған бетімді қайтарған адамдарға алғыс айтамын. Маған көпшілікпен жұмыс істеген ұнайды. Барлық мүмкіндікті пайдалану керек. Маған сау адамның өмір сүргені қызық болды, – деп өмір жолынан сыр шертті.

 

Назерке СӘНДІБЕК.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support