- Advertisement -

«Жаңа жай» тұрғын үй кешені ашылды

72

- Advertisement -

Облыс орталығы Тараз қаласында тағы бір тұрғын үй кешені бой көтерді. Жаңа нысан қала күніне орай пайдалануға берілді. «Жаңа жай» тұрғын үй кешенінің кілтін табыстау салтанатына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай қатысып, қоныс иелерінің қуанышын бөлісті.

– Баршаңызды қала күні мерекесімен құттықтаймын! Бүгінгі айтулы күнге орай, «Тараз құрылыс дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа, заманауи үлгідегі 205 пәтерлі 7 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп отыр. Сәні мен салтанаты келіскен тұрғынжайда cіздерге арнап барлық жағдай жасалған. Үйдің астынғы бөлігінде арнайы көлік қоятын паркинг орналасқан. Айналасы қоршалып, жаңа үлгідегі балалар ойын алаңы да салынып, тұрғындарымыздың жайлы өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінгі «Жаңа жай» тұрғын үй кешенінің ашылуы барлықтарыңызды қуанышқа кенелтіп, баспана бақытына бөлеп отыр. Барлықтарыңызға қоныс құтты болсын! Үйлеріңіз жақсылыққа, отбасыларыңыз бақытқа, жүздеріңіз күлкіге толы болғай, – деген шаһар басшысы кешеннің пәтерлерін аралап, қазіргі жағдайымен танысты.

Жаңа, заманауи 7 көпқабатты тұрғын үйді бас директор Ғазизбек Бекбердиев басқаратын «Тараз құрылыс дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салды. Жеті үйдің жалпы алаңы 17 875 шаршы метр алқапты алып жатыр. Мұнда барлығы 205 пәтер бар. Тұрғындар үшін үйдің астында арнайы көлік қоятын паркинг орналастырылған. Айналасы қоршалып, жаңа үлгідегі балалар ойын алаңы да салынған. Сонымен қатар, тұрғын үй кешенінің ауласында 20/34 көлемді футбол алаңшасы мен 15/15 көлемді «Street workout» та қамтылған.

Сондай-ақ, қала күні мерекесіне орай «Киіз Fest» фестивалінің марапаттау рәсімі өтті. Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан қолөнерін жаңғырту, ата-бабадан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан байқауда 12 топ бақ сынады.

Әуелі қатысушылар өз қолдарымен дайындаған киіздері мен ұршықпен иірілген жіптерін қазыларға ұсынып, атауын, дайындау әдісін, ерекшелігін, жасау техникасын, шығу тарихын кеңінен түсіндірді. Фестиваль жеңімпаздарына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов марапаттарын табыстады.

Тараз – көне дәуірлердің естелігі, адамзат мәдениетінің биігінде айтарлықтай орны бар шаһар. Екі мың жылдан астам тарихы бар қаланың қасиеті мен өсиеті де қатар өрілген, домбыраның қос ішегіндей салтанаты бөлек дүние. Ұлы даланың ұлағатты мәдениеті мен өнерінің негізі де осы жерден бастау алады.

Сондықтан болар, бүгінде «Қала күні» мерекесі жалпыхалықтық сипат алып, жұртшылық асыға күтетін мейрамға айналды. Биылғы Қала күнін де тараздықтар ерекше сән-салтанатымен қарсы алуда. Айталық, «Көне Тараз» кешенінде «Сүйікті қалам – Тараз» мерекелік кеш ұйымдастырылды. Шара барысында Amre, Тұрар Ыдырыс, Серік Ибрагимов , «Алатау серілері» және өзге де өнер жұлдыздары әсем әннен шашу шашып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Тараз қаласының күні мерекелік концертпен жалғасты. Түнгі мезгілдегі отшашу мейрамның ажарын аша түсті.

 

 Қамар ҚАРАСАЕВА.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support