- Advertisement -

Аңыз тұлғаның аты ауылға берілсе…

188

- Advertisement -

Қазақта ұлттың маңдайына біткен жақсылар мен жайсаңдар көп. Әрбір тұлғаның өзіндік орны бар. Еңбегімен дараланған Жазылбек Қуанышбаевтың есімі де ел есінде. Аныз адам Жаз-атаның аты қандай құрметке де лайық. Жазылбек Қуанышбаев озат шопан болып қана қойған жоқ. 1957-1965 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып, халықтың мәселесін айтты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы жөніндегі бас инспекторы болғаны да бір тарих. Тіпті, біздің өңірде ыстыққа шыдамды және суыққа төзімді қаракөл қойының өсірілуіне бастамашы болып, шексіз үлесін қосқан адам. «Малшылардың маршалы» атанды. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері ретінде де өңірге, оның ішінде Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Бүгінде Мойынқұм, Шу аудандарының ақсақалдары «Жазылбек Қуанышбаевқа Мойынқұм ауылының атауын берсек» деген мәселені көтеріп жүр. Біз аталған аудандарға арнайы барып, бұл ұсынысты зерделеген едік. Қазыналы қарттардың бірнешеуімен тілдестік. Сөздеріне құлақ түрдік.

Ол туралы ертеректе облыстық «Еңбек туы» газетінде жазылған екен. Шу ауданы, Төле би ауылында тұратын атақты күйші-композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев та өз пікірін білдірді. «Жазылбектің даңқы еліміздің аумағынан асып, шетелге де жетіп жатты. Еңбегі жанған тұлға. Дәуірінде дәуірлеген кісі. Көсегесі көгерген адам. Қазақ халқы төрт түлік мал өсірген жұрт емес пе? Кеңес Одағы кезінде еңбек адамдары ерекше бағаланды. Міне, сол кезде Жазылбек атамыз да құрметке бөленді. Орынды. Өзінің еңбегі, маңдай тері. Сол кездегі Мойынқұм ауданының бірінші басшысы Айтбай Назарбеков екеуінің сіңірген еңбегі ерен. Жаз- ата республиканың сол кездегі бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаевпен сыйлас болған кісі. Сол абыройды өңірдің, өзінің ауданының дамуына арнады. Ол кісі барлық құрметке лайық. Ауыл түгілі, ауданның атын берсе де, артық болмайды», –деді. Шу ауданында тұратын ақсақал Мархабек Райымбаевтың тілегі де осы.

Одан әрі қарай Мойынқұм ауданына жол тарттық. Ауданнан жол бастаған азаматтар бізді Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, Мойынқұм аудандық ардагерлер кеңе сінің төрағасы Мұханбетқұл Сабыровтың үйіне ертіп барды.

Ол кісінің де айтары көп екен. «Бұл мәселе 1988 немесе 1989 жылғы облыстық «Еңбек туы», қазіргі «Aq jol» газетінде көтерілген. Сол кезде де аталған газеттің тілшісі келген. Тұрғындар аудандық мәдениет үйіне лық толып, өз пікірімізді айтқанбыз. Ауыл атауы «Жазылбек Қуанышбаев» немесе «Шопан ата» деп аталсын дегенбіз сонда. Көп ұзамай облыстық газетте «Шопан ата ма, әлде…» деген көлемді мақала жарық көрген. Ол кезде ауылдың атауы Фурмановка деп аталатын. Өзіңіз айтыңызшы, Фурмановка деген кім? Ондай адамның кім болғанын айтудың өзі ұят. Бірақ, біздің ауыл ұзақ жылдар бойы сондай адамның атымен де аталып келді. Оның бергі жағында ауданымыздағы «Коминтерн» ауылын Биназар, Карл Маркс ауылын Қылышбай ауылы деп қазақшалап алдық. Ол атауларды өзгерту аса қиындық тудырған жоқ. Ал, Жазылбек Қуанышбаевқа келгенде істің реті болмай тұрғанына ұяламын. Қазір бұл мәселе бойынша Орынбасар Ахметов деген ақсақал ізденіп жүр. Құжаттарды әзірлеп, оны Астанадағы құзырлы орындарға апарып, тыным таппай келеді. Нәтижесі оң болса дейміз. Осы Мойынқұм ауылында 1800 отбасы тұрады екен. «Үй-үйді аралап қол қойдыру қажет» деген сөз де айтылды. Мен бірнеше көше тұрғындарына қол қойдырдым. Қазір республикалық ономастикалық комиссияның талқысына тұлғалардың тізімі берілетін болды. Ол тізімде де Жазылбек Қуанышбаевтың есімі бар. Негізі, ауыл тұрғындарының ешқайсысы Жазылбек атауына қарсы емес деп ойлаймын», деді Мұханбетқұл ақсақал.

Бұл пікірді Мойынқұм ауданының Құрметті азаматтары Жамбыл Қалыбаев пен Бекмұрат Жамбылов та шын ықыласпен қолдады. «Жаз-ата керемет кісі. Ол кісіні көзіміз көрді. Ол кісі аңыз адам еді, біз комсомол жұмысына жаңа араласқан жас маман едік. Жаз-атамен жас комсомолдарды талай жүздестірдік. Жазылбек ата осы ауданның мыңдаған жастарын жоғары оқуға түсірді. Ректорларға кіріп жүріп, мәселені шешті. Ол жастардың арасынан небір ғалым, ел басқарған азамат, қайраткерлер шықты. Жаз- атаға қандай құрмет көрсетсек те артық емес» деді Жамбыл Қалыбаев. Бекмұрат Жамбылов та Жазылбек Қуанышбаев атамызға ауыл атауын береміз бе, бермейміз бе деп ақылдасудың өзі ыңғайсыз екенін жеткізді.

Бұл ойды Мойынқұм ауылының тұрғыны Сапарғали Темірбеков те, Жамбыл ауылының ақсақалы Тұрсынтай Қалдарбеков те қолдайды. Ал, Жазылбек Қуанышбаевтың ұлы Бейбіт Қуанышбаев: «Әкем мал баққан кезде жанында мен көп жүрдім. Жайшабала апам екеуі нағыз бейнетті кешті. Екі жұлдызды кеудесіне тағып алып, әкеміз шіреніп жүрген жоқ. Қай кезде де малда болды. Малшылардың арасында болды. Өңірге, ауданға сіңірген еңбегі шексіз. Оны өздеріңіз білесіздер», деді.

Мұнан соң Айдарлы ауылына да бардық. Бұл ауылда кезінде озат шопан атанып, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болған Күлзада Тілеубаева, Жаз-атаның ақ таяғына ие болған Бөгенбай Бидасбаев тұрады. Бұл кісілер де Жазылбек Қуанышбаев есімін ауылға беруді қолдайтындарын жеткізді.

Ал, Айдарлы ауылының тұрғыны, отыз жыл ұстаз болған ақсақал Бейсен Баймағанбетов: «Ол кісі екі жұлдызын да «Айдарлы» кеңшарында аға шопан болып еңбек етіп жүріп алды. Қазір Айдарлы ауылында №2 орта мектеп бар. Сол мектепке Жазылбек Қунышбаевтың есімі берілсе дұрыс болар еді. Аты алысқа кеткен аңыз адамға көше атауын беруден аса алмай отырмыз», деп пікірін айтты.

Тараз қаласында тұратын Төлеухан Оспанбеков, Сланбек Алдабергенов, Дәулет Асанбеков ақсақалдар да Жазылбек Қуанышбаевқа Мойынқұм ауылының атауы берілсе деген тілекпен жүр. Жалпы, Жазылбек Қуанышбаев есімін Мойынқұм ауылына беруге көпшілік қарсы емес. Алайда, тиісті орындар бұл мәселеге не дейді екен?

Осы орайда, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Айтолқын Есқалиеваға хабарласқан едік. «Жазылбек Қунышбаев есімін барша қазақ құрметтейді. Тұлғалардың тізімінде де ол кісінің аты-жөні бар. Дегенмен, ауылға, елдімекенге кісі атының берілмеуі туралы тапсырма бар. Бұл туралы заң күшейіп жатыр. Ал, көшеге беруге болады. Облыста Жазылбек Қуанышбаев атындағы 11 көше бар. Бірақ, ауыл атауын беруге заң аясында кедергілер болып тұр. Ол кісінің есімін ауыл шаруашылығы институттары мен ауыл шаруашылық колледждеріне беруге болады. Заң ол жағын көтереді», деді бөлім басшысы.

Дегенмен, бұл мәселе көтерілген кезден бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр.

Мойынқұмдық ақсақалдар Алматыдағы бұрынғы зоотехникикалық-малдәрігерлік институтына Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру туралы мәселе көтеріліп жүргенін де айтты. Институт басшылығы да бұл ұсынысты қуана қолдапты. Бұл мәселе алдағы уақытта тағы көтеріле беретіні анық. Көптің тілегі елеусіз қалмай, ауылдың аңыз тұлғаның атымен аталатын сәті де келер деген үміт бар…

Мүмкін, Мойынқұм ауылына Жазылбек Қуанышбаевтың есімі беріліп те қалар.

 

Мойынқұм, Шу аудандары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support