- Advertisement -

Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы

34

- Advertisement -

Әр тәуелсіз мемлекеттің басты белгісі – ұлттық рәміздер. Тәуба, мемлекетіміздің тәуелсіз ел қатарына қосылып, егеменді ел болғанымызға биыл міне, 33 жыл толып отыр. Еліміздің өз рәміздері бар. Мұны ата-бабамыз сан ғасырлар бойы аңсап, ұлан-ғасыр жерімізді жау басқыншыларынан сақтап, жаны мен күшін аямай тер мен қан төгіп, жарқын, нұрлы күндерге жеткізгеніне шүкіршілік етеміз. Кеңестік держава ыдырап, оның құрамындағы ұлттар өз егемендігін алып, әр мемлекет жеке шаңырақтарын көтерді. 1992 жыл 4 маусым – тарихи күн. Сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 4 маусым – еліміздің мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Егеменді еліміздің көк Туы еркін көгілдір аспанда желбіреді. Ата Заңның 9-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар» делінген.

 

Елтаңба төлқұжатта, туу туралы куәлікте, орта білім туралы аттестатта және де басқа құжаттарда бейнеленген.

Мемлекеттік Ту Президент резиденциясында, Үкімет үйінде, барлық мемлекеттік мекемелерде желбіреп тұр. Мемлекеттік Туымызды Президенттер сүйіп, ант береді. Спортшыларымыз төрткүл дүниені мойындатқан сәтте де байрағымыз желбірейді. Мемлекеттік қызметке барған, Парламент пен Сенатқа депутат болған азамат, әскерге алынған жас ұлан да осы Ту астында ант береді.

Ал, Әнұран республика, облыс, аудан көлеміндегі салтанатты іс-шараларда және де басқа маңызды салтанатты мәжілістерде, ел басшыларының халықаралық кездесулерінде, спорт чемпионаттарында орындалады.

Сондай-ақ, осы заңның 34-бап, 2-тармағында «Әркім республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті» делінген.

Мемлекеттік Туымыз – рух пен жігердің қозғаушы күші. Егер де Туға тұтас зер салсақ, оның авторы Шәкен Ниязбеков егемен еліміздің Туын жасағанда үлкен мазмұнмен ойластырғаны байқалады. Ондағы әлемге нұрын шашқан күн сәулесі астында қияға қанат қаққан қыран – тыныштық пен баянды өмірдің белгісі, ал ою-өрнек – тудың қай елдікі екенін аңғартады.

Шәкен Ниязбеков – 1992 жылы Қазақстанның Мемлекеттік Туына конкурс жариялағанда әр елдердің (ТМД,Түркия, Моңғолия, Германия және т.б.) суретшілері ұсынған 1200-ге тарта нұсқалардың ішінен конкурста жеңімпаз болған өнер саңлағы. Ол монумент-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстандағы дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының біркелкі көгілдір түсі бірігу идеясын білдірумен қатар, бейбітшіліктің, тыныштық пен жарқын болашақтың белгісі саналатын бұлтсыз ашық аспанды еске салады.

Геральдика (гербтану) тілінде көк түс пен оның реңктері адам бойындағы адалдық, тазалық, үміт сияқты қасиеттеріне сәйкес келеді. Шұғылалы алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелесе, дала бүркіті қазақстандықтар ұғымында дарқандық пен қырағылық, биіктік белгісі. Бiрыңғай көк – көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Гербтануда көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi.

Ежелгi түркi тiлiнде «көк» сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркі халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, Мемлекеттік Тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн – қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi, уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс – бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран қазақ халқының еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi. Дала адамдары үшін бұл бостандықтың, тәуелсіздіктің, мақсатқа, биікке, болашаққа ұмтылушылықтың белгісі. Бұған қоса, қыранның күш-қуаты көп, ол болашаққа жетуіне кедергі келтірген кез келген дұшпанына қарсы тұра алады. Қыран бейнесі жас, зайырлы Қазақстанның әлемдік өркениеттің шыңына шығуға талпынысы идеясынан туындаған. Біздің туымызға жаңаша және қайталанбас әр беретін тағы бір элемент – оның сап ағашына параллель орналасқан ұлттық оюдан тұратын жолақтар. Мұнда қазақтың «қошқар мүйіз» оюы бейнеленген.

Есте ұстайтын бір мәселе – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортасында 32 сәуле тараған күн бейнеленген, күннің астында қалықтаған дала қыраны бар көгілдір түсті тікбұрышты кездеме. Ағаш сабына бекiтiлген тұста ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек – алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең: 1:2.

Ту авторы – көрнекті суретшi, жамбылдық жерлесіміз Шәкен Ниязбеков киелі жерден, текті елден шыққан, өмірдің талай қиындығы мен қасіретін шеккен жан. Тылсым өнердің танымгері, тума талант иесі Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылында 1938 жылы 12 қазанда дүниеге келген. Шеше жағынан ұлттық батырымыз, даңқты полковник, Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туысы, яғни жиені болып келеді. Арғы бабасы жаныс руынан тараған дана да дара Төле би. Шәкен 10 жасқа келген кезде бір жыл ішінде әкесі де, шешесі де қайтыс болып, тұлдыр жетім қалады. Орта мектепті Тараз қаласындағы В.И.Ленин атындағы орыс мектебінде оқиды.

Оны 1956 жылы бітіргеннен кейін «Қай жаққа оқуға барамын?» деген ойда жүргенінде шешесінің інісі Баукең ойламаған жерден жол үстінде кездесіп, Шәкен Ниязбековке 200 сом беріп, жақсы ниетпен батасын беріп, Ленинградқа оқуға шығарып салған екен. Шәкеңнің бойындағы жауапкершілік, қарапайымдылық пен кішіпейілділік сияқты қасиеттер нағашысы Баукеңнен жұққан көрінеді. Шәкен Ниязбеков атақты «Мухинкаға» (Ленинградтың В.И.Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесі) оқуға түседі. Студент кезінде ол әйгілі Эрмитаж, Исаак соборы және Петергофты (Петродворецті) қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. Шәкен Ниязбеков өзінің ең басты ұстазы ретінде қазақтың белгілі суретшісі Әбілхан Қастеевті атайды.

1963-1966 жылдары Санкт-Петербург қаласындағы Бүкілодақтық электр жабдығын өңдеу ғылыми-зерттеу институтының суретші-конструкторы, 1966-1968 жылдары Қазақ КСР ХШЖК-ның суретшісі, 1968-1982 жылдары Алматы қаласының бас суретшісі, 1982-1986 жылдары Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, 1987 жылдан Алматы қаласының бас суретшісі қызметтерін атқарды. Оның қылқаламынан туындаған картиналары елімізде, ТМД елдерінде және шетелде кеңінен танымал болды. Мысалы, ол интарсия, яғни жиһаз беттеріне сурет салу техникасы бойынша әзірлегенді жақсы көрді. Бұл саладағы оның еңбегі өзінше бір төбе десек болады. Интарсия техникасы бойынша әзірленген «Шоқан Семен Тянь-Шанскиймен бірге» суреті Санкт-Петербург музейінде, «Сырым Датов», «Урожай-94», «На Джайлау» еңбектері Мәскеу музейінде, мозаика әдісімен әзірленген «Абай» портреті Киевте, «Ислам Каримов» суреті Ташкентте, «Жамбыл» суреті Ереванда, біршама еңбегі Индияда екен. Олардан бөлек, шебер дизайнер ретінде Кеңес Одағы кезінде санаулы дарындылар қатарында «Волга-24» жеңіл автокөлігінің келбетін көркемдеушілердің бірі болғаны тағы бар.

Соңғы отыз жылдан астам уақыт көлемінде суретші көптеген конкурстарға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. 1961жылы «Глобус» теледидарының дизайны үшін алтын медаль, 1964 жылы Ленинградта өткен «Бейбітшілікті қолдаймыз!» атты плакаттар конкурсында бірінші орын, 1982 жылы Алматы қаласындағы Республика алаңын көркем безендіруден өткен конкурста бірінші орын иеленеді. Сондай-ақ, Шәкен Оңласынұлы теледидар пультін (1960 жылы) ең алғаш ойлап тапқан қазақ азаматы. Ол 1960 жылдары Ленинград сурет академиясында оқып жүргенде осы өнертабысы арқылы жұртшылықты таңғалдырған болатын. Сонымен қатар, Ш.Ниязбеков 1964 жылы Чехословакияда өткен өнертапқыштардың халықаралық байқауында бас жүлдені ұтып алады. Кейін онысы Ленинградтағы көрмеге де қойылып, өкінішке қарай осы дүниесі қолды болып, ұрылар жымқырып кетеді. Бұл іске мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамдары да араласып, көп ұзамай ұрлық ашылып, мұны Жапонияның жансызы алғаны айғақталады. Сөйтіп, қылмыстың өтеуіне жапондықтар Шәкен Ниязбековке 20 мың рубль төлепті. «Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датұлы», «Жамбыл», «Қазақстаннан келген солдат», «Ана» деген жұмыстар суретшінің жеке көрмелеріндегі каталогтардан қомақты орын алады. Оның жетістіктеріне сондай-ақ, патриот Баукеңнің – Бауыржан Момышұлы зиратына қойылған құлпытас пен Алматы қаласының елтаңбасын да жатқызуға болады.

Қызмет ете жүріп сурет салуды да ұмытпаған ол Алматы – мемлекетіміздің жүрегі екенін сүйіспеншілікпен қабылдап, өнерін еліне таныта білді. Қала елтаңбасының ең үздік жобасына жарияланған байқау ол үшін өте жауапты іс болды. Таңбаға Алатаудың ұлылығы, Алматының әлемге әйгілі «апорт» суретінен басқа Ш.Ниязбеков қар барысын енгізіп, түпкілікті жаңа ұйғарым жасады. Дәл осы қар барысы Алатау баурайындағы әсем қала аумағынан шығып, еліміздің символына айналғанын да атап өтпеуге болмайды. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан талай көрнекті әсем дүниелері республикалық, облыстық және басқа да ТМД көрме залдарына қойылған.

Мемлекеттік Ту авторының елімізді дамытуға, оның рухани мәселелеріне қосқан үлесі мемлекеттік «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» және тағы да басқа медальдарымен аталып өтілген. Тума талант иесі 1982-1990 жылдары Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған.

«Мемлекеттік Ту ел халқына тиесілі. Жеңімпаздың құрметіне көтерілген Ту және елінің Әнұраны ойнаған сәт – бүкіл халықтың жеңісін білдіреді. Менің Мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасым таза адами көзқарас, олар менің бойымда терең құрмет пен мақтаныш сезімін тудырады. Мен Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін жасауға атсалысқанымды мақтан етемін!» – деген екен Шәкен аға Ниязбеков.

Қазақ сурет өнерінің көрнекті өкілі Шәкен аға 2014 жылы 16 тамызда 76 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Былтыр қоғам қайраткері, сурет өнерінің шыңына жеткен таңғажайып қылқалам шебері көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді. Еліміздің түкпір-түкпірінде оның құрметіне сурет көрмелері, кездесулер басқа да мәдени іс-шаралар өткізілді. Жамбыл ауданындағы бұрынғы Бесжылдық ауылы бүгіндері Шәкен аға Ниязбековтың есімімен аталады.

Әнұранымыз спорт ареналарында, халықаралық жиындарда, ел басшылардың кездесулерінде шырқалуда.

«Көк аспанда әсем Туым тірілді,

Әнұраным жалғап алды ғұмырды.

Босағада қалып кеткен Елтаңбам,

Баяғыша төріме кеп ілінді», – деп жырлайды қазіргі жас буын.

Ал, қасиетті де қадірлі Елтаңбамызда нелер бейнеленген? Нұрын шашқан күн сәулесі, көк аспан, шаңырақ, жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары. Олар қандай мағынаны білдіреді? Көк аспан – кеңшіліктің, тыныштық пен биіктіктің белгісі. Ашық аспанға тараған күн сәулелері сәулетті өмір санатын көрсетіп тұрғандай, биіктегі жарық жұлдыз Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын білдіреді.

Елтаңбадағы алтын шаңырақ Қазақстанның «қара шаңырақ» деген қасиетті сөзінен алынып, шаңырақ астындағы халықтар бірлігін паш етіп, елдің қасиетті шаңырағы биіктеп, отбасына күн-ананың жарығын шашып, бақыт жұлдызының нұрын төгіп тұр.

Қанатты тұлпардың баламалық мәні қазақтың аңыз-ертегісінен алынған. Аңыз бойынша, қанатты тұлпарға мінген алып батыр алты қат аспанға ұшып, жеті қат жер астына түсіп, халықты қасіреттен азат еткен. Бидай сабақтары – молшылықтың нышаны.

Алдағы уақытта тәуелсіз еліміздің шаңырағынан күн сәулесі тарап, кең даласы нанға толып, көлдері көкке күмістер шашып, тілінің мәртебесі биік болсын!

Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Гимн, яғни Әнұран. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің Мемлекеттік Гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

Республика егемендігін иеленгеннен кейін 1992 жылы Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимні музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге Мемлекеттік Гимн мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа Мемлекеттік Гимнін бекітті.

Гимн – мемлекеттің салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған. Гимн түрегеліп, жүрек тұсына қол қойып айтылады. Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.

1986 жылы «Менің Қазақстаным» бостандық аңсаған қазақ жастарының бейресми гимні болған еді.

2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес, Мемлекеттік Гимннің музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. Мемлекеттік Гимннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Алғашқы рет Қазақстан Республикасының Гимні ретінде «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 10 қаңтарда Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалды. Еліміздің Әнұраны бүгіндері әлемнің әр бұрышынан айтылып, жыр болып төгіліп жүр. Тіпті, кейде спортшыларымыз халықаралық жарыстарда кейбір техникалық себептермен Әнұранымыз дер кезінде орындалмай қалған сәттерде бірігіп, оң қолдарын жүректерінің тұсына қойып, музыканы күтпей-ақ Гимнді орындаған сәттерде жүрегің еріксіз елжіреп, бойыңды жылы сезімге бөлеп, жүрегіңе нұр құяды. «Тәуелсіз елім бар, кең байтақ жерім бар!» деген тұсында ерекше мақтаныш сезім тұла бойыңды кернейді…

Еліміздің әр азаматы өзіміздің туған жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеуге және патриоттық сезімімізді нығайта түсуге тырысайық!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support