- Advertisement -

Тұғырлы тұлға тағылымы

53

- Advertisement -

Қазақ журналистикасына өлшеусіз еңбек сіңірген дара тұлғаның бірі – Баттал Жаңабайұлы. Жамбыл журналистерінің ұстазы, ардақты ардагер биыл 95 жасқа толатын еді. Дегенмен, Баттал Жаңабайұлының есімін ешқашан ұмыттырмайтын екінші өмірі басталды. Журналистика ардагері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлының туған күніне орай, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы, «Aulieata — Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Баттал Жаңабайұлының журналистік жолы: Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Аталған іс- шараны «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы ашып,жүргізіп отырды. Жиынға ардагер журналистер, орта буын қаламгерлер мен журналистика мамандығында білім алып жүрген студенттер қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова Баттал Жаңабайұлының журналистік жолына тоқталды.

– Баттал Жаңабайұлы облыстық «Aq jol» газетін жиырма жылдан астам уақыт басқарғанда азаматтық болмыс, парасат биігінен аласармаған тұлға. Осында өңіріміздің аса ардақты ардагер журналистері жиналып отыр. Сіздердей іздеушілері барда, болашағымызды жазатын жас ұрпақтар барда Баттал Жаңабайұлының биік болмысы төмендемейді, есімі ұмытылмайды. Бүгінгі жиынға сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.

Мұнан соң сөз алған Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр — дария» газетінің директор — бас редакторы Жаңабай Миллионов: «Облыстық басылымдарға бас редактор болған азаматтар аз емес. Бірақ, Баттал Жаңабайұлының жолы да, жөні де бөлек. Біз ағаның қарамағында жұмыс істеген толқынның өкіліміз. Ол кісі атқарып отырған қызметін өзінің өмірінен жоғары қоятын. Ол уақытта ҚазТАГ-тың хабарын күтесің, партияның пленум, конференцияларын күтіп, газет түннің бір уағында шығатын. Баттал Жаңабайұлы сол уақытқа дейін газеттің жаңа нөмірінің басы — қасында жүретін. Ол кісі журналистерді жұмсай да білді, қорғай да білді. Нәтижесінде, жұмысқа кірген соң бір жыл ішінде журналистер пәтерлі болып жататын. Тағы бір айтарым, әлеуметтік желінің маңызы баспасөзбен тең емес. Қазақ баспасөзі әлі де жасай береді. Қазір өңірден шығатын газеттерді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзі оқып отыр. Газет қай кезде де оқырманның рухани байлығы болып қала береді», – деді.

Келесі болып сөз алған жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан абыз ақсақалдың редакторлық қабілетіне және баспасөз мәселесіне басымдық бере отырып, әңгіме қозғады. Ол «Білікті редактор, қарымды қаламгер және қайраткер» тақырыбында өз ойын ортаға салып, Баттал Жаңабайұлының ұжымдағы қызметкерлердің барлығына бірдей қарағанына, партияның тапсырмасымен жұмыс істеп отырса да, батыл сындарды, мол әдеби дүниелерді, ел аузынан жиналған материалдарды сәті келгенде жариялап тұрғанын айтты. «Мұндай ерекше дүниелер оқырманды қызықтыру үшін берілетіні белгілі. Қазіргі басылымдарға да осы жағымен кеңінен жұмыс істегені дұрыс сияқты», – деді қаламгер.

Жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы өз сөзінде Баттал Жаңабайұлының қадамы құтты, жолы сәтті болғанын, қарамағында Өкім Жайлауов, Әбдірахман Асылбеков, Әлдихан Қалдыбаев, Арғынбай Бекбосын, Тынышбай Рахымов бастаған кілең танымал азаматтар жұмыс істегеніне, Күләш Ахметованың студент кезінде алғашқы өлеңдері Баттал Жаңабайұлы бас редактор болып тұрған кезде жарияланғанын айтты.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Бақыт жан Мақашев «Тұлғаның шығармашылық мұрасы және болашақ журналистерді даярлау мәселелері» т ақырыбында ой қозғап, қазіргі журналистика мамандығына білім алып жатқан студенттерге Баттал Жаңабайұлының мұралары аманат екенін, үлгілі жол екенін жеткізді.

Мұнан соң ардагер журналистер Тұрсынхан Толқынбайұлы, Баймаханбет Ахмет, Амангелді Әбіл, республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай да өз ойларын ортаға салды. Жиналғандар Баттал Жаңабайұлы атындағы байқау өткізіліп, абыз қарияға арналған естелік кітап шығарылса деген ұсыныстарын айтты.

Жиынды Данияр Асқарұлы қорытындылап, мазмұнды іс-шара өткенін айта келіп, келген қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суретті түсірген Юрий КИМ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support