Алғысқа толы апталық

Алғысқа толы апталық
ашық дереккөз
Алғысқа толы апталық
Отбасы күні елімізде 2013 жылдан бері тойланып келеді. Аталған күнге орай өңірімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Себебі, бұл – әр шаңырақтың мерекесі, бәріміздің мерекеміз. Ал, облыстық «Анаға тағзым» орталығы мерекеге орай белсенділік танытып отыр. Аталған мекеме отбасы күнінің құрметіне апталық ұйымдастырды. Апталық аясында «Ана көрген...» жобасының арнайы түсірілімі өтті. Бұл айына бір рет «Береке» аспаздық студиясында өтетін анасы мен қызының бірге ас әзірлеуі арқылы отбасы ынтымағын нығайтуға арналған бейнежоба. Жобаға ас пісіруді үйрену үшін келетіндер қатары аз емес. Бұл жобада қыз баласының өміріне қатысты тазалық, ұқыптылық жөнінде де кеңестер айтылды. «Күміс алқа» иегері Әйгерім Жиенбаева және оның қызы Раяна Набихан үйірмеге қатысушыларға томат қосылған бұрыш салмасы, пицца және қаймақты бәліш әзірлеуді үйретті. Раяна бар болғаны 12 жаста болса да, үйінде тәтті-дәмдінің түр-түрін дайындайды екен. Сондай-ақ, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова шешендік өнер үйірмесінің оқушыларымен «Отбасындағы ана мен қыздың қатынасы» тақырыбында әңгіме-сұхбат өткізді. Кездесуге «Ана тілі» шешендік өнер үйірмесінің қатысушысы Жанель Шаймаханның анасы да қатысып, қызы екеуінің арасындағы жылы қарым-қатынастың барысымен бөлісті. Ал, үйірме жетекшісі Сейсекүл Исматова: «Қыз баланың ең жақын адамы – анасы. Өйткені, ана мен кішкентай қыздың арасындағы қарым-қатынас ананың сүйіспеншілігіне, қамқорлығына және қабылдауына негізделген. Қыз анасының бойынан бар жақсыны алып, ұядан ұшқанда анасынан көргенін іледі. «Шешеге қарап қызын ал, аяғына қарап асын іш» деген сөздің мағынасы осында жатыр» деп қыз баланың тәрбиесі, жүріс-тұрысы, үй тазалығына жауаптылығы туралы кеңінен ой толғады. Аталған орталықтағы «Бойтұмар» тігін және дизайн студиясы курс қатысушыларымен «Отбасы және ұлттық қолөнер» шеберлік сағатын өткізді. Кездесуді орталықтың «Бойтұмар» тігін үйірмесінің жетекшісі Гүлнар Абдуллаева жүргізіп, қатысушыларды қазақтың ұлттық ою-өрнегінің шығу тарихы мен оның ерекшеліктерімен таныстырды. Іс-шарада күнделікті өмірде қолданылып жүрген үй заттары мен әшекейлер, оюлардың құпия сырлары жөнінде әдемі әңгіме өрбіді. Отбасы күніне арналған кезекті іс- шара «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен облыстық көпбейінді ауруханада жалғасын тапты. Аталған орталықтың директоры Эльмира Мырза-Ғалидың қатысуымен аурухана қызметкерлеріне «Отбасы – аялы алақан мекені» атты психологиялық тренинг жүргізілді. Орталықтың психолог мамандары ақ халатты абзал жандармен түрлі ойындар ойнау арқылы ішкі қорқыныштарды жеңу, сынды дұрыс қабылдай білу, сезім мен эмоцияны басқарудың жолдарын көрсетті. Жиын соңында аталған орталық басшысы Эльмира Мырза-Ғали: «Отбасы күніне орай біздің орталық арнайы апталық өткізіп жатыр. Оның аясында анасы мен қызының арасындағы тәрбие қатынастарына байланысты барлық құндылықтар қамтылған. Ол іс-шараларға біздің орталықтың білікті үйірме жетекшілері белсенді қатысып, жоғары деңгейде өтті. Мұндағы мақсат – анасы мен қызының арасын жақындату, өнерге баулу, сол арқылы көптеген отбасындағы ынтымақ пен татулықты арттыру. Қазақ еліндегі барлық отбасы бақытты болуға лайық. Біз сол ынтымақ пен тәрбиені дамыту жолына үлес қосып келеміз. Ақ халатты абзал жандарға айтар алғысымыз көп», – деді ол.  

Есет ДОСАЛЫ

   

Ұқсас жаңалықтар