- Advertisement -

Әлем чемпионатында топ жарған жүлдегерді қарсы алды

54

- Advertisement -

Тараз халқы пара жүзуден Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалиді салтанатпен қарсы алды. Чемпионат 31 шілде мен 6 тамыз аралығында Ұлыбританияның Манчестер қаласында өткен болатын. Жарыс қорытындысы бойынша жамбылдық жүзуші Нұрдәулет Жұмағали 100 метр брасс қашықтықта екінші орынды иеленіп, 2024 жылы Париж қаласында өтетін XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына қатысуға лицензия жеңіп алды.

Жарысқа әлемнің 70 мемлекетінен 600-ге жуық спортшы қатысып, еліміздің құрама командасынан 5 үздік спортшы ел намысын қорғады. Атап айтқанда, Жамбыл облысынан Токио Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали, Астана қаласынан Ашық Еуропа чемпионатының жеңімпазы Сиязбек Далиев, Қарағанды облысынан үш қатысушы – Токио Паралимпиада ойындарының қатысушысы Наталья Звягинцева, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Андрей Афанасьев және Роман Потапов.

Өзін қарсы алу салтанатында пара жүзуден Еңбек сіңірген спорт шебері, «Токио-2020» XVI жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, «Фуншал, Португалия-2022» және «Манчестер-2023» Әлем чемпионаттарында екі дүркін күміс жүлдегер атанған Нұрдәулет Жұмағали:

– Дайындалып, барымды салып жақсы нәтижеге жетуге тырыстым. Токио олимпиадасында бірінші орынды неміс жігіті алған болатын, екінші орынды американдық жігіт, үшінші орынды мен жеңген едім. Биыл американдық жігітті ұтып, екінші орын алдым. Енді келесі жарыстарда неміс спортшысын ұтып, бірінші орын алсам деген мақсатым бар. Екі айдан кейін Қытайда Азия ойындары өтеді, одан кейін келесі жылы Парижде олимпиадада топ жарып, қазақстандықтарды, жерлестерімді тағы да бір қуантсам деген үміттемін, – деп алдағы жоспарларымен бөлісті.

Шара барысында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов құттықтау сөз сөйлеп, естелік сыйлығын табыстады.

Спортшының жеке бапкері, жүзуден Еңбек сіңірген жаттықтырушы, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының басшысы Саттар Бейсембаев:

– Әлем чемпионатынан күміс медаль құтты болсын. Осы медаль біздің жас спортшыларымызға да жігер берсін. Нұрдәулет – биылғы чемпионатта Қазақстан атынан күміс медаль алған жалғыз спортшы. Алдағы уақытта жазғы Пара Азия ойындары келе жатыр. Оған дайындығымыз мықты, 2-3 медаль алып келеміз деп ойлаймын. Ары қарай Париж, алтын медаль, күте тұр, біз сенің артыңнан барамыз! – деп спортшыларға сәттілік тіледі.

 

Назерке СӘНДІБЕК.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support