- Advertisement -

Бабалар есімі ұлықталуы керек

72

- Advertisement -

«Болашақ бүгіннен басталады» дегенді көп айтамыз. Сонда кешеміз қайда қалмақ? Менің пайымдауымда, өткеннен өнеге алмай ешқашан іс ілгері баспақ емес. Мұны біздің дана халқымыз «Сен өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» деген тәрбиелік тағлымы жоғары мәтелмен бір-ақ қайырған.

Қабырғалы қаламгер, ақтаңгер ақын Жұбан Молдағалиев «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп бейнелеген біздің халқымыз басынан не кешпеген?! Бәрін де көрді, бәріне көнді. Ірілігімен, етінің тірілігімен, жанының сірілігімен ұлан-ғайыр өлкені ұрпағына мұра етіп қалдырды. Қалай? Қанша қайталасаң да мезі қылмайтын, керісінше, жігеріңді жани түсетін «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады».

Бұрынғы өткен бабаларымыз сонысымен де Ұлы. Сол Ұлы бабалар алдында ұрпақтары – біз, сіз және олар мәңгі қарыздармыз. Ол қарыз қалай өтелмек? Олардың есімдерін ұлықтау, ізгі істерін жалғастыру арқылы ғана!

Қазақ елін, жерін сыртқы жаулардан батырлар қорғаған, бірлігін билер бекемдеген. Бірлік бар жерде тірлік бар, бүгінгі ел болып әлемге танылып отырғанымыз сол батыр, би бабалардың арқасы. Соны бағалайық, әруақтарына бас иіп құрмет көрсетейік.

«Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» (Төле би), «Бөлінгенді бөрі жер, жарылғанды жау алар, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» (Абай) деп мақалдатып- мәтелдеткен қазақ «жеті атасын білмеген – жетесіз», «у ішсең, руыңмен» деген де қағидалар қалдырған. Қай-қайсысының мағынасына үңілсеңіз де, түсінгенге түбінде бірлікке шақырған ұран жатыр. Қазақтың қазақтығын, елдің елдігін сақтап келген де, сақтайтын да сол ұран. Сондықтан, кейбір кертартпалардың «рушыл», «елшіл», «ағайыншыл», «туысшыл» деп көсемсуіне көңіл бөлудің қажеті жоқ. Бұл – ағайынды арандатушылық.

Несі бар екен? Ағайын-туыспен араласқан сайын адамдардың бірлігі де, тірлігі де арта түспей ме! Бұған да дана қазақ «бармасаң, келмесең, жат боласың» деп бір-ақ ауыз сөзбен нүкте қойған.

Жоғарыда «билер ел бірлігін сақтаған» дедім-ау! Билерде де билер бар сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем болған. Міне, біз соларды үлгі тұтуымыз керек. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқты» айтқан сол билер – біздің туымыз.

Бауыржан атамыз (Момышұлы) қарттарды іс-әрекеттері, ақыл-парасаттарына қарай шал, қария, ақсақал, абыз деп санатқа бөлген екен. Билер де солай, ел арасындағы, ру арасындағы, ағайын арасындағы мәселелерді, дау- дамайларды шешетіндері болған.

Енді алыстан орағыта бермей, негізгі айтпағыма көшейін. Ұлы жүз Бәйдібектің ұрпағы, Жәлмембеттің Ошақтысының қоңыры, оның ішінде шуылдақтан шыққан Төкебай би – менің төртінші атам: Төкебай – Қалдыбек – Қарамолда, одан – Ерген, Есен, Дүйсен. Ел ішінде Төкебай бидің әділ төрелігі туралы әңгіме көп. Текті адам тегін болмас, ел төрелігіне жүгінген Төкебай би – Ошақтыдан шыққан Сырғабай датқаның баласы. Сырғабайдан ұрпақ көп. Оның ішінде ортаншы әйелінен туған Төкебай би әрі болыс, кіші әйелдің баласы Еспенбет старшын болған екен. Еспенбет бабамыз да талай даулы іске төрелік жасағаны жөнінде әңгімелер бар. Еспенбет сөзге шешен кісі екен. Ол даулы мәселенің арғы-бергі жағын қазбалай келе анық- қанығын анықтап барып, төрелік айтуды ағасы Төкебайға қалдырады екен. Демек, екеуінің ойы бір жерден шығып отырған. Әрі ағаға деген құрмет.

«Еспенбет есіп-есіп сөйлеп, мәселенің түйіні шешілер тұста төрелік айтуды ағасы Төкебайдың алдына тастай салады екен» деген кешегіден жеткен әңгіме осы сөзімізге дәлел. Ал, Төкебай бабамыз екі жаққа да тиімді, қазақша айтқанда, «өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай» шешім шығарады екен. Бұл туралы шежіре зерттеуші Қайратбек Жораев өзінің «Төменгі Талас» атты тарихи-танымдық кітабында былай деп жазыпты.

«Өздері дәурен сүрген кездерінде Сырғабайдың Төкебайы мен Еспенбеті ел арасында үлкен беделге ие болып, түрлі дау-дамайлы мәселелерді шешіп, би атанған екен. Тура жолмен жүруге бастан-ақ тәрбиеленген екеуі ошақтыдағы ірілі-ұсақ біраз мәселелерде істің турасын айтып, туғанына бұрушылықтан тым аулақ болса керек. Әсіресе, қайсыбір істің тетігін шеше білуде Төкебайдың інісі Еспенбет аса тапқырлық таныта білетін көрінеді. Мұны білетін ағасы қайсыбір даулы істерге шешім жасарда дауласушы жақты алдымен інісі Еспенбетке жұмсайтын көрінеді. Істі егжей-тегжейлі зерттеп, әділ шешімін даярлап, тек оны дауласушыларға жариялайтын сәтінде ғана ағасы Төкебайдың алдына тартады екен. Төкебай даулы істің тура шешімін айтып, бірақ екі жақтың да одан әрі бір-біріне жауласып кетпеуін ойластырып, екі жақты түбінде татуластырып, ризашылықпен бітістіреді екен. Міне, осындай тапқыр істерінен кейін, Еспенбеттің мәселені тура жолмен зерттеп, анық-қанығына терең көз жеткізіп, ары қарай істі бітістіруін ағасы Төкебайдың байсалдылығына сеніп, ол кісінің алдына салуы үлкен көрегендіктері екен. Мұнан соң қайсыбір мәселенің ыңғайына қарай қажет жерінде жұмсақ көрпе-төсектей жайлылық танытатын Төкебайдың шешіміне разы болатындар күліп-ойнап тарқасатын көрінеді. Осындай ел арасындағы әрі жағымды, әрі екі биге сеніп келгендегі істеріне аса разы болып шыққандардың айтқандарынан болуы керек, сол кездегі ошақтылардың ішінде «Төкебай болсын төсегің, Еспенбет берсін есебін» дейтін аталы сөз кетіпті».

Жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген қазақ елінде ішкі бірліктің сақталуында билердің рөлі жоғары болған. Ол біздің елде ғана емес, Қазақ елінің барлық өңірлерінде солай. Төкебай бидің жұмсақтығы, бірақ көрегендігі туралы аңызға бергісіз мынадай бір әңгіме бар бізге жеткен.

Бір елдің азаматы қайтыс болып, артында әйелі жесір, жеті жасар баласы жетім қалыпты. Содан әлгі кісінің жылдық асы берілгеннен кейін, жесір әйелді әмеңгеріне қосу жайы сөз болмай ма. Әйел әмеңгер қайынағасына қосылуға ықтияр емес. Ешқандай ақылға көнбейді. Бәлкім, төркінінің жуандығына сүйенген шығар.

Сонда төрде отырған Төкебай би: «Шырағым, ата салтынан аттағанның ақыры болмайды. Сен соны ескермей отырсың. Ендеше, менің билігім мынау: бала – осы елдің баласы, төркініңнен туып келген балаң жоқ. Сондықтан, баланы ағайындарында қалдырасың. Ел елдігін жасайды, жетімін жылатпас. Шешесі тастап кетіп бара жатқан шерменде баланы намысты қазақ ешқашан жылатпайтынына сенімім кәміл. Сенің бетіңе қара күйе жағып, қара есекке теріс мінгізіп елден аластаймыз. Саған қайтып кірер есік жабық!», – деп қатаң үкім айтыпты. Тағы да: «Бар ойланып кел!», – деп мұрсат беріп үйден шығарып жіберсе керек.

Әйел шығып кеткен соң, отырғандар Төкеңе: «Биеке, өте жұмсақ шешім. Бетіне қара күйе жақтың не, қара есекке теріс мінгіздің не, бәрібір «жесірін тентіретті» деген атаққа таңыламыз. Оған тағы да ойлануға мұрсат беріп!..», – деп реніш білдірген екен.

– Біріншіден, «кешегі құйрық-бауыр асасып, мыңжылдық құда болған сыйластығымызға сызат түспесін» дедім, екінші, мына әйел енді қайтып бала көтермейді. Туатын болса, бала жетіге келді. Күйеуі былтыр қайтыс болды. Ауру-сырқауы жоқ, төтеннен келген ажалдан. Баласы 5-6 жасқа келгенше бала көтермеген әйел енді туар деймісің.

Келін де тегін адам емес. Сендер білесіңдер, бір-ақ құлын туып, тоқтап кететін биелер болады. Олар қайтып құлындамайды. Ал, әлгі туған жалғыз құлын нағыз тұлпар болып шығады. Мына келін де сондай. Сендер ана баланың тәрбиесіне көңіл бөліңдер. Қамқорлықтан тыс қалмасын! – депті Төкебай би айнала отырғандарға түгел естірте сөйлеп. Сол сөз көрші қараша үйде отырған келіннің не құлағына тиді, не кіріп-шығып жүрген әйелдердің бірі жеткізді, би айтып аузын жиғанша, имене рұхсат сұрап, ізетпен ішке енген әлгі әйел Төкебайдың аяғына жығылып, етегін сүйіп:

– Айналайын, ататай! Төрелігіңізге құлдық. Айтқаныңызға көндім. Мені кешіріңіз! – деп жылаған екен. Би «білмегеннің білместігін кешірмесең, білгенің қайсы» деген аталар қағидасын ұстанып, кешірім берген екен.

Қайынағасына ықтиярымен қосылған сол әйел басқа бала тумапты. Бар ықылас, пейілі жалғыз ұлдың үстінде. «Сол бала кейін елге танымал азамат болыпты» деген әңгіме бізге жеткені.

Төкебай бидің әділ төрелігін, көрегендігін осыдан-ақ біле беріңіз.

Төкебай денелі, салмақты кісі болған екен. Ол кісі шөгіп жатқан түйенің үстіне отырса, түйе тәлтіректеп әрең тұратын көрінеді. Өзінің мініп жүретін сары аты болады екен. Соның өзіне көмекші жігіттері аяғының астына дөңке ағаш қойып, қолтығынан демеп мінгізеді екен.

Атамыз замандастарының өмір сүрген уақытына болжамдап айтқанда, 1928-1929 жылдар шамасында қайтыс болса керек. Сүйегі Ошақтылардың атақонысы Досбол елді мекенінен сәл жоғары, Шағалалы мен Көкдаланың ортасындағы ата-баба қорымында жатыр. Еспенбет інісі мен екеуінің бейіттерінің арасы жақын.

Біз, Төкебайдан тараған Қалдыбек, Сүлейменқұл, Тойлыбектің ұрпақтары, бабаларымыздың басына ескерткіш құлпытас қойғалы отырмыз. Атақ үшін емес, ұрпақтары біле жүруі және ұмытпас үшін. Бұл шешім Сүлейменқұлдың ұрпағы Ыбырай, Тойлыбектің ұрпағы Әбдірай және өз бауырларымнан қолдау тауып отыр. Алла қаласа, орындалатын уақыты жақын.

Тарихқа қиянат болмас үшін, замандасым, балуан, ағайын арасындағы беделді азамат Қуанышбек айтқан мына әңгімені мақалаға қоса кетуді жөн көрдім. Ол әңгіме Төкебай бабамыздың етжеңді, алып адам болғаны туралы.

– Бұл әңгімені менің әкем Жақып айтқан еді, – дейді Қуанышбек. Оның әкесі Жақып – елге танымал тұлға, кеңестік кезеңде ауылдық кеңес төрағасы болған кісі. Атасы Бөпетай 106 жасқа келіп қайтыс болыпты. – «Үшаралда Ошақтылардың үлкен басқосуы болып, соған Төкебай би де келген еді, – дейтін әкем. – Үлкен алып кісі екен. Киіз үйдің сықырлауығынан симаған соң, артқы төр жағындағы екі керегенің арасын ажыратып кіргізді үйге. Біз ол кезде баламыз. Төкебай атамыз төрге жайғасқаннан кейін беліндегі кемер белдігін шешіп, керегеге іліп қойған. Біз қызық көріп, әлгі белдікті сыртынан ұрлап әкетіп, кермеде байлаулы тұрған аттардың ең жуанының беліне апарып өлшегенбіз. Сонда әлгі белдік аттың беліне емін-еркін жетті. Қайтып орнына апарып білдірмей іліп қойдық. Ал, Төкебай бидің салмағы, өтірік айтпасам, 250-300 кілә тартады-ау шамасы». Әкемнің осы әңгімесін естіген біз «адам да осындай дәу болады екен-ау» деп таңғалатынбыз.

Міне, менің бабам Төкебай би «тура биде туған жоқ» ұстанымында төрелік жасаған, өзі өте алып адам болған екен.

Бұл мақаланы «қазақ елінің тарихында осындай танымал тұлға болғанын ұрпақтары біле жүрсін» деген мақсатпен жазғанымды тағы да айта кеткім келеді.

 

Есен ҚАЛДЫБЕКОВ, еңбек ардагері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support