- Advertisement -

Ел ерлерін ешқашан ұмытпайды

138

- Advertisement -

Қадірі асқақ, қасиеті мол Жамбыл жері қашанда баһадүр перзенттерге кенде болған емес. Ұлы Отан соғысының сұрапыл сын сағатында оққа кеудесін тосқан Ағаділ Сухамбаев, Алаш жұртының азаттығы жолында құрбан болған Қайрат Рысқұлбеков, бейбіт күнде ел аман, жұрт тыныштығы жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен кешегі Ғазиз Байтасовтардың батылдық сарынын, батырлар сабақтастығын жалғаған Халық қаһарманы Мейіржан Айманов еді. Байзақтағы әскери қоймада болған жарылыс кезінде жалынмен арпалысып қаза болған қайсар ұлдың рухына арнап Тараз шаһарында ескерткіш-бюст ашылды.

Сын сағатта сынбаған қаһарманға қайтыс болғаннан кейін «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендері тапсырыла отырып, «Халық қаһарманы» атағы берілген болатын. Ал, күні кеше Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта қаһарманның ескерткіші бой көтерді. Тарихи шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров пен зиялы қауым өкілдері, қала жұрты қатысты.

– Біз бүгін бейбіт күннің батыры атанған Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Өз мамандығына адалдық танытып, қызметтік міндеттерін өтеу кезінде қаза болған ерлердің есімі ел есінде мәңгі сақталады. Кез келген сәтте елге көмек көрсетуге дайын тұратын, өзгенің амандығы үшін өз өмірін тәуекелге тігетін құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді – бейбіт заманның батырлары десек қателеспейміз.

Бүгінгі күннің батырларын келер ұрпаққа үлгі ету, олардың ерліктерін насихаттау – біздің басты міндетіміз. Асыл азаматтардың ерлігі ешқашан ескерусіз қалмайды. Батырлардың ескерткішіне қарап, жас ұрпақ бой түзеп, оларды үлгі тұтары анық, – деді өңір басшысы Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, марқұмның анасы Айткүл Айманова, сенатор Бекболат Орынбеков өздерінің жүрекжарды сөздерін айтып, батыр туралы естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында Халық қаһарманының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Байзақ ауданы, Қайнар ауылының аумағында орналасқан әскери бөліміндегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасында орын алған жарылыстың салдарынан 18 адам қаза тапқан болатын.

Марқұмдардың отбасыларына тиісті көмек-қолдаулар көрсетіліп, жарылыс аумағындағы зардап шеккен үйлер қалыпқа келтірілді.

Жарылыстан қаза тапқан өрт сөндірушілерге арнап өткен жылы ескерткіш ашылған еді. Енді Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналған ескерткіш-бюсті орнатылып отыр.

Мейіржан Аймановтың есімін ұлықтау мақсатында облыс орталығындағы 15 шағынауданында мурал салынып, Тараз қаласындағы білім беру мекемесіне және көшеге есімін беру жоспарлануда.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support