- Advertisement -

Демеушісі көп ауыл

230

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында мемлекетіміздің негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Мемлекетіміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бүгінгі таңда ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Ұсынылған бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде округтің әл-ауқаты артып, халықтың тұрмысы түзелуде.

Сонымен қатар, Жолдауда елді мекендерде микро және шағын кәсіпкерлікті, «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» сияқты жобалар мен бағдарламаларды дамытуға баса мән берілген. Бұл бағдарламалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізері анық.

Бүгінгі таңда Сарыкемер ауылдық округінде 29 шаруа қожалық егін, 18 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып, мемлекеттік субсидияларды мақсатты пайдалана отырып жұмыс істеуде. Ал 6 шаруа қожалық инвестициялық салымдар бойынша жұмыс істеп жатыр. Күннің күрт ысуына байланысты ауыл ішіндегі ұзындығы 12 километрді құрайтын арық- атыздар шаруа қожалықтардың күшімен және ауыл тұрғындарының көмегімен күл-қоқыстан тазартылды.

Округтің 2025 жылға дейінгі даму жоспары жасалған. Атап айтсақ, биыл жоба құны 37 миллион теңгені құрайтын екі жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның бірі – балық, екіншісі – жылыжай. Ал одан кейінгі жылдары жүзеге асырылатын үш жоба межеленген, оның барлығы да жылыжай. Бұл жобалардың жалпы құны 77 миллион теңгені құрайды. Осы жобалардың аясында округте 9 жұмыс орны ашылмақ.

Ауылдық округте аудандық кітапхана мен аудандық мәдениет үйі жұмыс істеуде. Кітапхана қорында 34305 кітап бар. Сонымен қатар, ауданда төрт ескерткіш, төрт монумент, екі аллея орналасқан. Мәдениет үйінде «Халықтық» атағы бар «Шахан» және «Шолпан» ұжымдары жұмыс істеуде. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 42 нысанда спортшылар жаттығуда. Оның ішінде төрт футбол алаңы, сегіз спорт залы, сегіз спорт алаңшасы бар. Онда жүйелі түрде 11 мың адам спорттың ондаған түрі бойынша секцияларға қатысуда.

Ауыл сыртындағы шаруа қожалықтарының жайылым жері 36,38 гектар алқапты құраса, елді мекен тұрғындарына ортақ жайылым 106,28 гектар алқапты алып жатыр. Ол алқаптардың барлығы мақсатты мал жайылымына пайдаланылуда. Ауылдық округте орналасқан ірі шаруа қожалықтардың малын шалғайға (құмға) көшіру және Сарыкемер ауылдық округінің жетіспейтін жайылым жер көлемінің шегін Үлгілі ауылдық округінің жері есебінен ұлғайту жұмыстары қаралу үстінде.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Байзақ батыр және Д.Қонаев көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ал Сарыкемер ауылын таза ауыз су жүйесімен қамту мақсатында бюджеттен 3 миллиард 402 миллион теңге қаралып, оның құрылысы алдыңғы жылы аяқталып, былтыр іске қосылған. Қазіргі таңда округтегі 4927 ауланың 3036 тұрғыны таза ауыз су жүйесіне қосылып отыр.

Сарыкемер ауылына электр қуатын арттыру мақсатында 35 киловаттық екі тізбекті желілі подстанса құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған болатын. Жобаның жалпы құны 855,945 мың теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмысын «АСБ-Электромонтаж» ЖШС жүргізуде. Нысан ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға берілген соң аудан орталығында электр энергиясының тапшылығы жойылмақ.

Округте қайырымдылық іс-шаралары мен демеушілердің күшімен атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Атап айтсақ, «Мейірім» жобасы аясында Зағиптар күніне орай округтегі 20 азаматқа демеушілер тарапынан құны 200 мың теңгені құрайтын бір жолғы азық-түлік себеті таратылды. «Қарттар мен мүгедектер» күнінде 42 отбасына 500 мың теңгенің азық-түлік себеті мен қаржылай көмегі көрсетілді. Тұрмысы төмен 85 отбасына демеушілер тарапынан 900 мың теңге көлемінде азық-түлік пен мал еті үлестірілді. Жаңа жыл мерекесінде 30 ақылы қоғамдық жұмысшыға жеке кәсіпкердің демеушілігімен 150 мың теңге көлемінде сыйлық берілді.

Ал, «Жомарт түлек» жобасы аясында округтегі Ю.Гагарин атындағы орта мектеп түлектері мектеп асханасына қажетті жабдықтар алып, таза ауыз су құбырын тартып берді. Ал, Н.Киікбаев пен Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияларында демеушілердің күшімен безендіру жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты «Балалар аллеясы» композициясы сынды жобаларға демеушілер тарапынан көмектер көрсетілді.

Сондай-ақ, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек 223 отбасының 1259 адамына тағайындалды. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасыларға және жалғызілікті қарттарға, мүгедектерге ауылдық округ кәсіпкерлерінің демеушілігімен 7,1 миллион теңге көлемінде азық-түлік және заттай қайырымдылық көмектер көрсетілді.

Биыл «Астананың 10 жылдығы» атындағы саябақты қоршау жұмыстарын жүргізу және округ бойынша 51 көшені орта жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, ұсыныс берілді.

 

Сәуле ТЛЕУҚҰЛОВА,

Сарыкемер ауылдық округінің әкімі.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support