- Advertisement -

ШАРУА НЕГЕ ШАМЫРҚАНДЫ?

113

- Advertisement -

Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алып жатқан ұлан-ғайыр Ұлы Далада Менделеев кестесіндегі элементтердің басым көпшілігі бар екені белгілі. Қазыналы қазақ даласының асты да, үсті де байлыққа толы. Десек те, еліміз тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асса да әлі күнге импортқа тәуелділіктен толыққанды арыла алмай келеміз. Жер ырысын ел ырысына айналдыруға не кедергі? Олай дейтініміз, еліміз шемішкенің өзін шетелден алып келе жатқандықтан, биыл алғаш рет қордайлық шаруалар күнбағыс өсіруді қолға алған. Алайда, Әулиеата топырағына тұңғыш рет тамыр жайған майлы дақыл өнімімен қуантпай жатып қурап қалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Мақсат – импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендету, өзін-өзі қамтамасыз етуге кезең-кезеңімен көшу. Бұл салаға отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық айтарлықтай жоғары, дұрыс тәсілдер қажет. Бұл басқалармен қатар, ішкі саяси мәні бар принциптік мәселе» деп, отандық нарықты шетелге тәуелділіктен арылтуды тапсырған болатын. Алайда, жергілікті жерлерде мәселелер шешілмей, бұл тапсырма толыққанды орындалмайтын сыңайлы. Мәселен, кең далаға ерте бастан кетпен салып, халықты сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз ету қалыпты тіршілігіне айналған қордайлық шаруалар биыл алғаш рет күнбағыс өсіруге мықтап кіріскен. Майлы дақылдың тұқымы сонау Испаниядан арнайы алдырылған. Ол жақтың білікті мамандары Қордайдың табиғи жағдайына қызығушылық танытып, күнбағыс өсіріп, көл-көсір табысқа кенелуді ниет еткен көрінеді. Десек те, екі елдің шаруалары бірлескен жоба ағын судың тапшылығынан айтарлықтай зардап шегіп отыр.

– Шаруа қожалығымыз 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Тамшылатып суару жүйесін облыс бойынша ең бірінші игілікке айналдырған да біздің қожалығымыз. Басында 48 гектарға пияз, 61 гектарға жүгері егіп бастадық. Құрылғаннан кейін бір жыл өткенде су үнемдеу технологияларын 200 гектар аумаққа енгіздік. Бүгінгі таңда 350 гектар егіс алқабымыз тамшылатып суарылады. Қант қызылшасы көкөніспен қоса биыл алғаш рет күнбағыс егуді жоспарлаған едік. Испаниялық әріптестеріміз ауданымыздың табиғи жағдайы күнбағыс егуге қолайлы екенін айтып, ортақ жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Осылайша, биыл 130 гектарға пилоттық жоба негізінде пісте ектік. Бұл біз үшін де тиімді ұсыныс, өйткені, отандық нарықта күнбағысқа сұраныс өте жоғары. Ел аумағында Шығыс Қазақстан өңірі майлы дақылдың осы түрімен айналысып келе жатса да, еліміз күнбағыс үшін әлі импортқа тәуелді. Осыны ескере келе, жобаны жүзеге асыруға ден қойдық. Егіп бастағаннан кейін, тіпті келесі жылы көлемін ұлғайтамыз, техника аламыз деп те жоспарлап едік. Тыңайтқыштар алдық. Испаниядан арнайы технолог мамандар келіп, біздің шаруалармен тәжірибелерін бөлісті. Өкінішке қарай, ағын судың тапшылығынан ауқымды жобамыздың нәтижесіне жете алмай отырмыз.

«Су тапшылығынан» деп айтудың өзі артық болар, өйткені, қазір су мүлде жоқ. Сылдырап келген суға да зар болып қалдық. 10 шілдеден бері канал кеуіп, шаңы шығып жатыр. Испаниядан алынған тұқым гүлдеу фазасында қурап қалды. Шемішкемен бірге жүгеріміз де, жеміс, көкөністеріміз де күйіп жатыр. Басқа шаруа қожалықтармен қосқанда бас-аяғы 10 мың гектар аумаққа егілген егін қурап кетті. Су мәселесі шешіледі деп келе жатқанына он жыл өтті. Басшылық ауысады, мәселе қалады

Сол уақыт аралығында нақты ешқандай шара қолданылмағандықтан, қазір осындай ауыр жағдайға тап болып отырмыз. Егінді биыл құтқара алмайтынымыз анық. Алдағы жағдайымыз қалай болатынын білмейміз. Қордай ауданының 95 пайызы қырғыз елінің суына мұқтаж. Жыл сайын бұл судың көлемі азайып келеді. Көрші елдің тарапынан келісім іс жүзінде орындалмай келе жатқалы қашан. Трансшекаралық келісімге сай, судың 52 пайызы қырғыз ағайындарға, 48 пайызы бізге берілуі керек еді. Мәселен, олар 14 текшеметр су береміз дегенімен, сегіз-ақ текшеметрден беріп отыр. Одан кейін біздегі каналдардың жағдайы да көңіл көншітпейді. Соның салдарынан өзі аз су далаға кетіп жатыр. Біздің егіс алқабына 53 шақырымнан су келеді. Бізге жеткенше сол судың 45 пайызы далаға кетеді. Бұл да шешілмей тұрған басты мәселе. 2021 жылдан бері су қоймасының құрылысы туралы айтылып келе жатыр. Оның жобалық-сметалық құжаттары да дайын деседі, бірақ құрылысы қашан басталатыны белгісіз, – дейді «Самғау» шаруа қожалығының басшысы Евгений Трубников.

Аталған шаруа қожалықтың егіс алқабына тек күнбағыс өсіру үшін 400 мың еуро инвестиция салыныпты. Ал, одан басқа өнім түрлеріне жұмсалған қаражат пен қаншама шаруаның заяда кеткен есіл еңбегін ойлаудың өзі мұң.

– Реті келгенде айта кететін тағы бір мәселе бар. Қазіргі таңда қожалығымызда маман тапшылығы сезілуде. Себебі, жастардың көбісі ауылдық жерге тұрақтамайды. Жасыратыны жоқ, кейде трактор айдайтын адам таппай қаламыз. Бұрыннан келе жатқан мамандарымның ішінде үш отбасы басқа өңірге көшіп кетті. Жаңа дақылдарды өсіретін кезде жаңа техникалар пайдаланамыз. Ал, оның «тілін» білетін мамандар тіпті тапшы. Дәл қазір механизаторлар, агрономдар жоқ. Біз жұмысшыларымызға барынша қолдау көрсетеміз, білмегенін үйретеміз. Бірақ он жыл бойы біздің қожалыққа жергілікті жоғары немесе орта оқу орындарынан әлі күнге бірде-бір жас маман келген жоқ, – дейді Евгений Геннадьевич.

Бұл мәселе аудан түгілі, облыс басшыларының да тікелей назарында. Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл суармалы судың тапшылығы Қордайдағы «Совхоз» аймағында орналасқан шаруаларға да ауыр соққы болып отыр. Қырғыз Республикасы тарапынан суармалы судың 10-11 текшеметр көлемінде ғана берілуінен Георгиевкий магистралды каналының төменгі жағында орналасқан Қақпатас, Беріктас, дәл осы Сарыбұлақ және Қайнар ауылдары жапа шекті. Бұл қиыншылықтан шығу үшін аудан әкімімен су айналымы кестесі бекітіліп, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылыпты. Өткен аптада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те ауданға арнайы барып, дәл осындай ағын судың тапшылығы алты ауданда орын алып отырғанын айтты. Ендігі таңда қордайлық шаруалар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан құрылған комиссияның аудан көлемінде төтенше жағдай жариялау туралы шешімін күтуде.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support