- Advertisement -

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ӨСІМ БАР

71

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі екенін баса айтқан болатын. Сондай-ақ, аталған саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндігін және еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін де тапсырды.

«Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», деді ел Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отығанын, ал, осы пилоттық жобаға қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім бергенін айтты. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген.

Одан бөлек, Президент әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажеттігін, алайда бұл салада озық технологиялар тапшы екенін де айтқан. Сондай-ақ, тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап, яғни биыл жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі керектігін тапсырды.

«Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.

Ал, біздің өңірде ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйі қандай? Жолдауда айтылған ел Президентінің тапсырмалары қай деңгейде орындалуда? Бұл туралы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековпен әңгімелескен едік.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында осы жылы ауыл шаруашылығы саласына 27,0 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде жергілікті бюджеттен 20,3 миллиард теңге, респбуликалық бюджеттен 6,7 миллиард теңге бөлінген.

Бүгінгі күні бұл қаржының 14,9 миллиард теңгесі облыстағы 8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде беріліп, игеріліп отыр. Жыл басынан бері салада 107,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 7,4 миллиард теңгеге артқан. Оның ішінде егін шаруашылығында 4,6 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 103,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биыл 770,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылып, өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артығымен орындалды.

– Осыған орай, егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, бүгінгі күні оның 770,9 миллион теңгесі игерілді. Қазіргі уақытта алынуы қажет 54,0 мың тонна минералды тыңайтқыштың 31,3 мың тоннасы алынып, 78,4 мың гектар алқапқа ендірілді және жоспар 58,1 пайызға орындалды.

«Тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау» бағдарламасы бойынша биыл 857,0 миллион теңге қаржы бөлінсе, оның 170,0 миллион теңгесі игеріліп, 146 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

«Саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге, карантинді объектілерге қарсы өңдеулер жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша 104,0 миллион теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан өсiмдiктердi қорғау препараттары алынып, 40 мыңнан астам гектар жер өңделетін болады.

«Басым дақылдар өндiрудi субсидиялау» бағдарламасы бойынша 2023 жылдың өнімі үшін егілген қант қызылшасы дақылының өніміне 6,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Субсидиялау қант қызылшасын жинау науқанына байланысты қазан-желтоқсан айларында игерілетін болады. Биыл қант қызылшасынан жиналған өнімнің 300 мың тоннасы қант зауыттарына өткізіледі деп көзделуде, – деді Нұрби Рахметханұлы.

Нұрби Жігітековтің айтуынша, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімділігін және өнім сапасын арттыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бөлінген 5,3 миллиард теңгенің 4,2 миллиард теңгесі игеріліп, 2 мыңнан аса шаруашылыққа субсидия берілген. Бұл шаруа қожалықтар үшін, кәсібін жандандыруға беріліп отырған мол мүмкіндік.

Осының нәтижесінде облыстағы мал санының басы артқан. Ал, «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы аясында бюджеттен 8,1 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күнге оның 4,2 миллиард теңгесі 429 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде төленген.

Нәтижесінде, биыл 6 айдың қорытындысымен салаға тартылған инвестиция көлемі 23,8 миллиард теңгені құрап отыр екен.

«Жалпы айтқанда, бүгінде экономиканың негізгі драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы облысымызда жыл санап алға озып келеді. Бұл бағытта суармалы алқаптардың аумағын ұлғайту, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда», дейді басқарма басшысы.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту ел Президенті айтқандай күрделі проблема екені белгілі. Әсіресе, биылғы құрғақшылық егін шаруашылығын жүргізіп отырған шаруа қожалықтар үшін мол өнім алу оңайға соқпады. Дегенмен, жаңбырлатып суару жүйесін енгізген шаруа қожалықтар құрғақшылықтың зиянын көре қойған жоқ. Мемлекеттен арнайы субсидия алып отырған кәсіпкерлердің біразы пайдаға кенеліп отыр десек, артық айтқандық емес.

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support