Тұрғындар айтты, мәселе шешілді

Тұрғындар айтты, мәселе шешілді
ашық дереккөз
Тұрғындар айтты, мәселе шешілді
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қай ауданға барса да, тұрғындармен ашық әңгімелесіп, өзекті мәселелерге құлақ асып келеді. Сондай кездесудің бірі Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының тұрғындарымен өткен еді. Атап айтқанда, Б.Момышұлы – Жұрымбай – Шыңбұлақ жолын жөндеу мәселесі тұрғындар тарапынан айтылған. Нұржан Молдиярұлы мәселені жақын арада шешеміз деп уәде берген. Біз осы орайда Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевпен байланысқа шықтық. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудандық мәндегі Шыңбұлақ ауылына кіреберіс автомобиль жолы бойынша жалпы ұзындығы 7610 метр, ені 6 метр, яғни 45660 шаршы метр жол бойына 2017 жылы арнайы мамандар келіп, жобалық-сметалық құжаты 60158,44 мың теңгеге әзірленіп, сараптамадан өткізілген. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, ұзындығы 4,5 шақырым, ені 6 метр жарамсыз жолдарға 27000 текшеметр жаңа асфальт салу қарастырылған. Мердігер мекеме «Жамбыл Дормостстрой-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалып, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, жұмыстар толық аяқталған болатын. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аталған жол былтыр ел игілігіне берілді, – деді. Ал, Шыңбұлақ ауылының тұрғыны Ғани Әділет: «Мен аталған ауылдың Бектаналы көшесінің тұрғынымын. Жұрымбай–Шыңбұлақ ауылдарының арасындағы асфальт жол былтыр жөнделді, арасындағы шұқырлар жамалып, ретке келтірілді. Биыл да көктемде аталған аралықтағы пайда болған шұқырлар тегістелді. Ауылымызда жол жөнделіп, тұрғындар ризашылықтарын білдіруде. Бірақ, осы жолдың Шыңбұлақ ауылына қарай жақын аралығында асфальт төсеу үшін қазылып, сол күйі тегістелмей қалып кеткен шұқырлары бар. Енді сол шұқырлар да тегістелсе деген тілегіміз бар», – дейді. Талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жол мәселесі облыс әкімінің тапсырмасымен жөнделіп, тұрғындар жаңа жолдың игілігін көріп отыр.

 Есет ДОСАЛЫ.

 Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар