- Advertisement -

Отан — отбасынан басталады

113

- Advertisement -

Бүтін отбасы – қоғамның байлығы. Қазіргі таңда ынтымағы жарасқан шаңырақ иелерін көпшілікке үлгі ету ерекше маңызды. Бірнеше жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мыңдаған отбасының жетістігін насихаттап, жас отбасыларға өнегелі жол көрсетіп келеді. Аталған байқаудың аудандық және қалалық кезеңдерінде биыл 301 отбасы бақ сынап, 22 отбасы облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Кеше Тараздағы «Анаға тағзым» орталығында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаз және жүлдегерлерін құттықтап, марапаттарын табыстады.

Сонымен, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Шу ауданынан Мадалиевтер отбасы бас жүлдеге лайық деп танылып, 500 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Әулеттің анасы 83 жастағы Шымшық Мадалиева. Ол кісі он ұл- қыздан 30 немере, 21 шөбере сүйіп отыр.

Бұл әулет аз қамтылған және көпбалалы жүздеген отбасыға үнемі қайырымдылық жасап келеді. Сағадат Мадалиев Шу аудандық мәслихаттың депутаты, «Жомарт жүрек» байқауының жүлдегері.
Жүлделі бірінші орынды мойынқұмдық Исабековтер отбасы иеленді.

Әулеттің үлкені Ұлы Отан соғысының ардагері Әміреқұл Исабеков 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда сол перзенттерден 28 немере, 44 шөбере, 1 шөпшек тарап отыр.

Отанасы Саракүл Исабекова да ел ішінде құрметті ана. Осы күнде перзенттері қоғамның әр саласында табысқа жетіп отыр. Әулеттің бірлігімен құрылған «Үркер» шаруа қожалығы 20 адамды жұмыспен қамтып келеді. Бұл әулет 6 отбасын тұрғын үймен, 1 отбасын жеке көлікпен қамтыған.

Тараздық Сметовтер және Өтеповтер отбасы жүлделі екінші орындармен марапатталды. Отағасы Бақтыбай Сметов жеке кәсіппен айналысады. Еркін күрестен спорт шебері. Қазіргі таңда ұлы Елдос Сметов – Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері. Жандос спорт саласында жаттықтырушы болса, Бақберген Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі. Отанасы Тоқтагүл Сметова да перзенттерін асыл құндылықтарға тәрбиелеген ұлағат иесі. Бұл күнде отбасындағы үш перзенттен 11 немере бар.

Ал, Бауыржан Өтепов асыл жары Алмагүлмен бірге төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Отбасын құрғандарына 16 жыл. Бауыржан Байзақ аудандық ауруханада білікті дәрігер болса, жұбайы Алмагүл педагогика ғылымдарының магистрі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы.

Жуалылық Сұрымбаевтар отбасы жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды.

Отағасы Қанатбек Сұрымбаев «Дархан» шаруа қожалығының төрағасы, мал шаруашылығымен айналысады. Қанатбек асыл жары Қаракөз екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп келеді. Қарагөз «Алтын алқа» иегері, бастауыш сынып мұғалімі.

Таластық Иманбаевтар отбасына да жүлделі үшінші орын бұйырды. Бұл отбасында да 7 ұл- қыз тәрбиеленуде. Отағасы Шыңғысайтмат Иманбай Ойық ауылындағы Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінде музыка жетекшісі. Отанасы Кенжекүл Сыдыманова «Алтын алқа» иегері.

Бұл отбасына өнер қонған. Қызы Гауһар облыстық «Абай оқулары» байқауының жүлдегері болса, ұлдары Махамбет республикалық «Жарық жұлдыз» өнер байқауының бірінші орын иегері. Иманбаевтар отбасылық ансамблі Тараз, Қаратау қалаларында көпшілік алдында өнер көрсетіп жүр.

Марапаттан соң бас жүлде иеленген отбасының анасы Шымшық Мадалиева сөз сөйлеп, жастарды еңбекке, отаншылдыққа, үлгілі отбасы болуға шақырды.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support